Жануарлардың жанын кім алады?
Жануарлардың жанын кім алады?
9 жыл бұрын 9456

Әссәләмуғалейкум! Жануарлардың жанын кім алады екен?

Ербол

Уағалейкумәссәләм, Ербол! Бұл жайында әртүрлі пікір алға тартылғанымен ғұламалардың бірәзінің тоқтамы бойынша, жануарлардың да жанын алатын періште[1]. Бұны хадистерден байқауға болады. Атап айтар болсақ, Табаранидің (р.а.) «Муъжәмул Кәбир» атты хадистер жинағындағы бір риуаятта Әзірейіл періште (ғ.с.) мен Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) арасында өткен қысқа диалог келтірілген. Сонда Әзірейіл періштенің мынадай сөзі бар:

وَاللَّهِ يَا مُحَمَّدُ لَوْ أَرَدْتُ أَنْ أَقْبِضَ رُوحَ بَعُوضَةٍ مَا قَدَرْتُ عَلَى ذَلِكَ حَتَّى يَكُونَ اللَّهُ هُوَ أَذِنَ بِقَبْضِهَا...

«Уа, Мұхаммед! Аллаға ант етейін, жан алуға Алладан рұқсат келмесе, масаның да жанын алуға шамам жетпейді...»[2].

Осы хадиске қарағанда, жәндіктер мен хайуандардың да жанын алатын періште екендігі айтылып отыр.

Сондай-ақ, әлдебіреу сахаба Абдулла ибн Аббастан: «Жануарлардың жанын кім алады?» - деп сұрайды. Сонда сахаба: «Өлім періштесі», – деп жауап берген екен[3].

Жалпы алғанда жан алғыш періштелер жалғыз емес. Сахаба Абдулла ибн Аббас жан алатын төрт түрлі періштені атайды. Олар төмендегідей:

  1. Мүмін-мұсылмандардың жанын алушы Өлім періштесі;
  2. Жындардың жанын алушы періште;
  3. Шайтандардың жанын алушы періште;
  4. Құстардың, жыртқыш хайуандардың, балықтардың, құмырсқалардың т.б. жанын алатын періште[4].

 Ең дұрысы Аллаға мәлім!


[1] Мынадай да пікір бар: Періште тек адамның жанын алуға міндеттелген. Қалған жануарлардың жанын Құдіреті күшті Алла тағала алады.; Тағы бір пікір бойынша, жан алғыш періште тек саналы жаратылыстардың жанын алуға міндеттелсе, саналы емес тіршілік иелерінің жанын Әзірейіл періште алады. Әзірейілдің мағынасы – Алланың құлы дегенді білдіреді.
[2] Табарани, Муъжәмул Кәбир, «Бәбул Хо, Бәбу мән исмуһу Холид». №4074 хадис.
[3] Әбул Хасан. Табақатул Ханабилә.; Құртуби тәпсірі, сәжде сүресі.
[4] Тәфсирул Әлуси, сура сәждә. 

Абдусамат Қасым