Туған күнде тортқа балауыз шам (свеча) жағуға дін қалай қарайды?
Туған күнде тортқа балауыз шам (свеча) жағуға дін қалай қарайды?
9 жыл бұрын 23956

Әссәләмуғалейкум! Қазіргі кезде қазақтар арасында туған күн атау - үлкен үрдіске айналды. Сонда торт әкеліп, оның үстіне свеча жағады (свеча саны толған жасына қарай өзгереді). Ол свечаны үрлеп, сөндіру кең көлемде таралып, күннен күнге санамызға туған күннің ажырамас бір бөлігіне айналып бара жатқаны анық. Бұл нәрсе тіпті кешегі өткен СССР-дің кезінде де болмаған еді. Жалпы осы нәрсенің шариғи түрде үкімін айтып берсеңіздер. Және осы тақырыпты еліміздің мешіттерінде т.б. жиындарда, ақпарат көздерінде айтып, халқымызға түсіндірілсе екен!

Қуаныш

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті Қуаныш, әуелі бұл үрдістің қайдан шыққаны жайында қысқаша тоқталып өтелік.

Деректерге сүйенсек, туған күнде тортқа балауыз шам (свеча) жағу үрдісі - сонау грек халқына сүйенеді екен. Ертеректе гректер «артемис» деп аталатын «ай құдайына» арнап торт пісіреді екен де, үстіне балауыз шамдарды айналдыра жағатынға ұқсайды. Торттың домалақтығы – айдың домалақтығының символы болса, шетіндегі шамдар айдың жарығын еске түсіреді. 

Бұнымен қатар, шамның түтіні сол жерде тілеген тілекті ай құдайы артимусқа жеткізіп барады-мыс. Торттағы шамды көзді жұмып, іштей тілек тілегеннен кейін барып үрлеп өшіруіндегі мақсаты сол.

Шариғи тұрғыда:

Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, Пайғамбарымыз айтады: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан», - дейді.  

Ханафи мәзһабының ғұламасы әйгілі Зинуддин ибн Ибрахим Ибн Нужәим әл-Ханафи (х.926/970. м.1520/1563ж.) былай дейді: 

«Бір әрекетіміздің өзге діндегілерге ұқсап кетеді деуіміз үшін екі шарт бар:
1.Аталмыш әрекеттің өзі шариғатта тыйым салынған болуы керек 
2.Сол әрекетті өзге діндегілерге ұқсау мақсатында жасаған болуы керек. 

Түйін сөз:

Біздің қоғамда тортқа шам жағуды көбіне батыстағыларға еліктеп жасап жатамыз. Өйткені, біздің салт-дәстүрде аталмыш әдет кездеспеген. Сол себепті айтарымыз, қазақы дәстүрімізге және дінімізге жат аталмыш әдеттен бойымызды аулақ ұстаған жөн.  

Бұған қосымша "Туған күнді атап өтуге бола ма?" деген тақырыпта жазылған мына сұрақ-жауапты оқи отырыңыз. Сілтемесі:http://islam.kz/kk/questions/januya/otbasy/tugan-kundi-atap-otuge-bola-ma-408/#gsc.tab=0 
Абдусамат Қасым