Асыл арнадан келген хатқа жауап
Асыл арнадан келген хатқа жауап
9 жыл бұрын 12952

Islam.kz" сайтының редакциясына "Асыл арна" телеарнасынан

Сіздердің сайттарыңызда қыркүйектің 23 күні "Асыл арна" шығарған бейнероликте шаш пен тырнақты алмау керек делінген. Осы дұрыс па?" деген мақала жарық көрген еді. Мақала мәтінінде "Асыл арнаның" беріп отырған мәліметі Ханафи мәзхабына сай келмейді" деген айып тағылған. (http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/qurban/asyl-arna-shygargan-beinerolikte-shash-pen-tyrnaqty-almau-kerek-delingen-osy-durys-pa-478/#gsc.tab=0) Аталған бейнеролик "Асыл арна" телеарнасының эфирінен не сайтынан және ешқандай ресми әлеуметтік желіден кеткен емес әрі бейнероликтің эфирімізден шыққан нұсқасында аталған мәтін болған жоқ. Кез-келген бейнеролик арнамыздың шығармашылық тобының, шариғи редактордың (Нұржан Таласұлы) және көркемдік кеңесінің келісімінсіз эфирге кетпейді. Ал әлдекімдердің қолымен уатсап желісі арқылы таралып кеткен бейнеролик әлі редактордың тексеруінен өтпеген болатын. Сондықтан сіздердің аталған роликті сайтқа салып, талқылап, елді дүрліктірулеріңіз - асығыстық және бұл жанашырлықтың көрінісі емес деп білеміз. Себебі бір жыл бұрын өздеріңіздің сайттарыңыздан жарық көрген "Құрбан шалу жайында жиі қойылатын сұрақтар" деген мақалада бұл мәселеге байланысты 4 мәзхабтың пікірін келтіре отырып "Ханафи мәзхабы мен Мәлики мәзхабында: Зүлхиджа айының он күнінде құрбан шалғысы келген кісінің шашын және тырнағын алмауының үкімі – мұстахаб" делінген. Ал жоғарыда айтылған редактордың тексеруінсіз таралып кеткен роликтің өзінде "шаш алу харам" деген мәтін жоқ. Сондықтан сіздердің айыптарыңыз негізсіз деп есептейміз әрі тез арада аталған мақаланы сайттарыңыздан алып тастап, халыққа тиісті дәрежеде түсініктеме берулеріңізді сұраймыз. asylarna@gmail.com

Құрметті Асыл арна ұжымы! Өздеріңізге де мәлім болғандай "islam.kz" порталы  ашылғалы бері өз оқырмандары тарапынан жолданған барлық діни сауалдарға ханафи мәзһабы бойынша жауап беруде. Сондықтан Асыл арнаның ролигіне қатысты берген жауабымызды "елді дүрліктіруге" бағытталған деп бұрмалаудың қажеті жоқ. Біз оқырман тарапынан жолданған аталмыш роликтегі шаш пен тырнақ алуға қатысты сұраққа шариғи тұрғыдан жауап берген болатынбыз. Ал егер өзге ойымыз болғанда, уатсап арқылы тараған роликте, тіпті кейін түзетіліп, ресми сайттарыңызда жариялаған нұсқасында да  жіберілген қателіктерді теріп жазар едік. Мысалы,

1).  Роликте "Бір отбасыға бір мал жетеді" делінген (1-сурет). Бұл ханафи мәзһабы бойынша қате (Роликтегі бұл қате мәлімет Асыл арнаның Ютубтағы арнайы каналында жарияланған нұсқасында да түзетілмеген). Ханафи мәзһабы бойынша отбасындағы әрбір кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы  бар  ұл-қыздары мен зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді. Ал шариғи байлығы жоқ болса, оларға құрбан шалу құлшылығы міндеттелмейді. Бірақ шалуға рұқсат.

1- сурет.

2). Сондай-ақ роликте "құрбан шалудың уақыты төртінші күні екінді намазына дейін" делінген. (2-сурет) Бұл үкім де ханафи мәзһабына сай келмейді (Роликтегі бұл қате мәлімет Асыл арнаның Ютубтағы арнайы каналында жарияланған нұсқасында да түзетілмеген). Ханафи мәзһабы бойынша Құрбан шалу уақыты құр­бан айт­тың бі­рін­ші кү­ні айт на­ма­зы­нан кейін бас­та­лып, ай­ттың үшін­ші кү­ні ақ­шам­ға аз уа­қыт қал­ған­ға дейін жал­ға­са­ды.  

2-сурет.

3). Аталмыш роликте "тәкбір-ташриқ айт намазынан кейін басталады" делінген (3-сурет). Бұл да ханафи мәзһабына сай келмейді. Ханафи мәзһабы бойынша "тәкбір-тәшриқ" арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтының төртінші күні екінтіге дейінгі әр парыз намазының соңында  сәлем бергеннен кейін айтылады. (Яғни, арапа күнінің таң намазынан бастап, айттың 3-куні және одан кейінгі күннің екінті намазына дейін тәкбір-ташриқ айтылады. Бәрін қосқанда 23 намаз болады).

3-сурет.

Оқырманның сауалына берген жауабымызда ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалатын кісіге тырнағы мен шашын алмаудың "мұстахаб" амал екендігін жазған болатынбыз. Бірақ Асыл арнаның логотипімен жарияланған роликте білдірілгендей мұстахаб амалға ешқашан "сақ болыңыздар!" делінген ескерту жасалынбайды. Мұндай ескерту қатаң тыйымға ғана қолданылады. Бұл аздап фиқһ ілімінен хабары бар кез-келген адамға белгілі жайт. Ендеше, "сақ болыңыздар" деген ескертуден кейін келетін іс-әрекеттер автоматты түрде тыйым салынған "харам" үкімінің категориясына кіріп кетеді. Ал бұл үкім тек Ханбали мәзһабына сай келеді. Біз жауабымызда осыны ашық жаздық.

Бізден аталмыш жауабымызды сайтымыздан алып тастап, елге тиісті дәрежеде түсініктеме беруді сұрауларыңыз орынсыз, тіпті ұят нәрсе. Керісінше ханбали мәзһабы бойынша дайындалып, редактордың рұқсатынсыз жариялап жіберген қызметкерлеріңізді жөнге келтіріп, жіберілген қателік үшін халықтан кешірім сұрауларыңыз тиіс. Сондай-ақ, роликтің түзетілген нұсқасындағы жіберілген қателіктерді де жуық арада түзетулеріңізді сұраймыз.

Ал біз өз кезегімізде халқымыздың ежелден ұстанып келе жатқан ханафи мәзһабын ғылыми тұрғыда насихаттауды, елге діни дұрыс ақпарат беруді жалғастыра беретін боламыз. Бұл біздің жұрт алдындағы асыл міндетіміз.

www.islam.kz

Бейнероликтің түзетілген нұсқасы: 

Бейнероликтің түзетілмеген нұсқасы: