Жаңа жылға арнап жұмыстан берілген сыйлықты алуға және сыйлық беруге бола ма?
Жаңа жылға арнап жұмыстан берілген сыйлықты алуға және сыйлық  беруге бола ма?
7 жыл бұрын 21922

Әссәләмуғалейкум! Бауырлармен мынандай қайшылыққа түсіп қалып жатырмыз (кейбір бауырларымыз ұстаздың жауап бергенімен келісе алмай жатыр). Бір бауыр осылай сұрақ қойды: Бауырлар, жаңа жылға бізге жұмыстан сыйлық береді. Қанша балаң болса, сонша сыйлық береді. Соны алуға бола ма? Осы мәселе қалай болады екен? Арданат 

Сәлеметсіздер ме! Жаңа жылда туған-туыстарға сыйлық сыйласақ оның күнәсі бола ма? Жаңа жыл үшін емес, жәй себепкер етіп. Мақсат олардың көңілін аулау ғой. Жанна.  

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла елшісі діні бөтен адамнан да сыйлық қабыл алғандығы сахих хадистерде айтылады. Және Әзіреті Омар өзінің мұсылманшылықты қабыл етпеген мүшрік бауырына киім сыйлағандығы "Сахих Мүслім" атты хадистер жинағында келтірілген[1]. Сондықтан да, жаңа жылға арнап жұмыстан сыйлық беріліп жатса, оны қабыл алудың күнәсі жоқ. Маңыздысы берілген зат халал болуы шарт. 

Ал, енді сыйлық сыйлауға келер болсақ, бұған байланысты ертеректе өмір сүрген кей ғұламаларымыздың айтуы бойынша, діні бөтен елдің мейрамын ұлықтау мақсатында емес құр адамдар арасында орын алған әдет болғандықтан әлдекімге ықылас білдіріп, сыйлық сыйлап жатса, оған бола кәпір болмайды. Тек, дәл сол күні емес, бір күн алдын не бір күн кейін сыйлағаны жақсы. Бұл – сол қауымға ұқсау болмасын дегендік. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан", - деген[2]. Сондықтан да, өзінің жора-жолдастарына немесе туған-туыстарына (сұрақта сұралғандай көңілдерін аулау мақсатында) сыйлық сыйлағысы келген дін жолындағы мұсылман кісі лаж болса, дәл жаңа жыл мейрамында емес, одан бұрын немесе одан кейінгі күндері сыйлағаны жөн. 


[1] «Сахих Мүслім» - №2068. «Китабул либас уәз зина».
[2] Ибн Нүжейм: «Әл-Бахрур ра'иқ». 

Абдусамат Қасым