Ит неге ұлиды?
Ит неге ұлиды?
8 жыл бұрын 54780

Әссәләмуғалейкум! Ит неге ұлиды? Мансұр

Уағалейкумассалам, Мансұр! Жалпы алғанда иттер түрлі себептердің салдарынан ұлуы мүмкін. Айталық, қарны ашқанда, денесі тоңып жаурағанда, бір жері қатты ауырғанда т.б.

Бұнымен қатар, ит жын-шайтанды көргенде де ұлиды деуге негіз бар. Неге десеңіз, сахаба Жәбир ибн Абдилладан (р.а.) жеткен бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Егер, түнде иттің үргенін және есектің ақырғанын еститін болсаңдар, Алладан пана тілеңдер («Әғузу билләһи минаш шайтанир ражим» деп айтыңдар). Шынында олар сендер көрмейтін нәрсені көреді»[1]

Тағы бір хадисінде:

«Қораздың шақырғанын естігенде Алладан молшылығын сұраңдар. Өйткені, қораз періште көргенде шақырады. Ал есектің ақырғанын естігенде (немесе иттің үргенін), Алладан пана тілеңдер («Әғузу билләһи минаш шайтанир ражим» деп айтыңдар). Шынында, ол шайтанды көргенде ақырады»[2], - дейді.

Осы соңғы хадистің арабша нұсқасында "иттің үргені" туралы айтылмағанымен, екі хадисті ұштастыра келе иттің де шайтанды көргенде үретінін ұғынуға болады. 


[1] Әбу Дәуід - №5103
[2] Мүслим – 2729; Бухари – 3303.

Абдусамат Қасым