Ислам қылыштың жүзімен жайылған ба?
Ислам қылыштың жүзімен жайылған ба?
4 жыл бұрын 6922

Ассаламуғалейкум! Бір сұрағым бар еді. «Бақара» сүресі, 256 аятында: «Дінде зорлық жоқ» деп айтылады. Яғни, ешкімді күштеп Исламды қабылдата алмаймыз. Бірақ, олай болса, неге тарихқа қарасақ, қаншама дін жаю жорықтарын көреміз? Мұсылман емес өңірлерде қылыш күшімен иманға келтірген талай жағдайлар бар ғой?! Бұны қалай түсінуге болады? Жауабыңызға алдын-ала, рақмет. Алла разы болсын! Берік.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал қоюшы, мұсылмандар ешқашан қылыштың күшімен өзгелерді иманға әкелмеген. Кезінде мұсылмандар түрлі жорықтар жасап, біраз өлкелерді жаулағаны рас. Бірақ, ешқашан жаулап алған жергілікті тұрғындарды күштеп Ислам дініне кіргізген емес. Керісінше, оларға «Зимми» статусы беріліп, олар (өзге діндегілер) мұсылман өкіметінің қорғауында болды, әрі құқықтары сақталды.

«Зимми» деген не?

Ислам құқығында «Зимми» деген термин бар. Зимми деп, мұсылман жерінде өмір сүретін өзге дін өкілдерін айтады. Яғни, Зиммилік - мұсылман өкіметі мен жергілікті өзге дін өкілдерімен жасасқан келісімшарт.

Олар (зиммилер) мұсылман өкіметін және оның қойған заңын мойындап, мұсылман өкіметіне салық ретінде «жизия» төлеп отырады және жер салығы саналатын «хараж» төлейді. Оның есесіне, мұсылман өкіметі олардың жанын, малын және құқығын қорғауды өз міндетіне алады. (Мысалы, мұсылмандар да мемлекетке «үшір» салығын төлейді, зекет төлейді. Зиммилер зекет пен үшір төлемейді). Және Зиммилік келісімшарты өмірлікке жасалады. Өмір бойы мемлекеттің қорғауында болмақ.

Мұхаммед пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) зиммилардың құқығын қорғауға қатысты мынадай бұйрығы бар:

«Тыңдаңдар! Кімде-кім келісім жасасқанға (яғни, зимми саналатын өзге діндегіге) зұлымдық жасаса немесе оның құқығын кемітсе (сақтамаса), яки, оған оның күші жетпейтін нәрсені міндеттесе (мысалы мұсылман патша міндеттесе), не болмаса, оның ризалығынсыз дүниесінен бір нәрсе алған болса, "فأَنا حَجيجُهُ يومَ القيامةِ" - Мен оның қиямет күні қарсыласы боламын (оған қарсы даулайтын боламын)»[1].

Бұнымен қатар, Алла Тағала Құран Кәрімде біздерге былай дейді:

«Алла тағала дін үшін сендермен соғыспаған және сендерді жұрттарыңнан шығармаған (өзге діндегілерге) жақсылық жасауларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды»[2].

Осындай хадис-аяттар тұрғанда, қай мұсылман жүрексініп өзге дін өкілінің құқын таптай алады? Осындай дін негіздері тұрғанда, қалайша «Ислам қылыштың жүзімен жайылған және мұсылмандар өзгелерге қылыштың күшімен мұсылмандықты қабылдатқан» деп айтуға болады?!

Зимми статусындағы өзге дін өкілдерінің құқықтар қандай?

Төменде «зиммилердің», яғни, мұсылман жерлеріндегі өзге дін өкілдерінің құқықтарын қысқаша айтып өтелік.

Зиммилердің, яғни, мұсылман өкіметінің қол астында өмір кешіп жатқан өзге дін өкілдерінің (мейлі, христиан, мейлі мәжуси, мейлі буддист болсын) құқықтары төмендегідей:

  1. Мұсылман мемлекетінің қорғауында болу құқы. Жергілікті өзге діндегілер де мұсылман мемлекетінің тұрғыны саналатындықтан, өкімет олардың құқықтарын мұсылмандармен бірдей қорғауы тиіс.   
  2. Еркін көшіп-қону құқы. Бір жерде еркін тұру құқы.  
  3. Наным-сенімдеріне және құлшылықтарында еркіндік. Өзге дін өкілдері өз сенімдері бойынша сеніп, өз діндеріне сай діни рәсімдерін орындауларына құқылы. Оған ешкім кедергі жасамауы керек. Бірақ, мұсылман қоғамы болғандықтан мұсылмандардың арасында үгіт-насихат жүргізулеріне шектеу қойылуы мүмкін.  
  4. Нәпақа табу құқы. Өзге дін өкілі өзіне ыңғайлы, әрі өзі істей алатын кәсіппен шұғылдануына құқылы. Мысалы, сауда жасауға т.б. табыс көздерімен айналысуға құқылы.
  5. Өзге дін өкілі мұсылман бір адамды жұмысқа жалдауға құқылы. Сондай-ақ, өзі де мұсылманға жалдануға құқылы.
  6. Өз діндеріне сай үйленіп, отбасы құруларына құқылы.
  7. Мал-мүлкілерінің қол сұғылмаушылық құқы. Егер, әлдебір мұсылман олардың дінінде халал саналатын шарапты төгіп, доңыз секілді хайуанын өлтірсе, мұсылман қазы (сот) оны оған төлетеді[4].
  8. Т.б.

Бөтен діндегілерге «зимми» статусын беріп, оларды өз қорғауына алудағы мақсат – мұсылмандармен қоян-қолтық өмір сүріп жүріп, мұсылманшылыққа келер деген үміт. Шынында да, зимми статусында жүріп мұсылманшылықты қабыл еткен қаншама бөтен діндегілер болған. Осы жөнінен қарағанда, зимми келісімшарты – Исламға шақырудың бір тәсілі болып табылады деуге болады.

Қорытынды:

Қорыта айтқанда, Ислам діні әлемге қырып-жоюшылық әкелмеген. Керісінше, Ислам діні – мәдениет әкелген. Мұсылмандар қай жерге барса, сол жерде мешіттер, медреселер, ауруханалар, кітапханалар, моншалар соққан, қоғамда тәртіп орнатқан. Ислам діні өзінің ақылға қонымды, көкейге орнықты құндылықтарымен адамдардың жүректерін жаулаған. Адамдар оның ақиқаттығына көздері жетіп, топ-тобымен мұсылманшылыққа кірген. Ал, Ислам қылыштың жүзімен жайылған деушілердікі - Исламға күйе жағудан басқа ештеңе емес.

Сөзімізді ағылшын тарихшысы, шығыстанушы Де Лейси Эванс О'Лиридің (1872–1957) сөзімен аяқтайық. Ол өзінің «Ислам – жол қиылысында» («Islam at the Cross Roads») атты еңбегінде әлгіндей сөздердің еш шындыққа жанаспайтындығын білдіре келе былай деп өтеді:

«Шынында, тарих ешбір күмән қалдырмастан, мына нәрсені нақты білдіруде: «Бүкіл жер бетін  варварлық түрде қырып-жойып және бағындырған елдердің төбесінен қару төндіріп, оларды Исламға кіруге мәжбүрледі» деген нәрсенің – шын мәнісінде, шындыққа жанаспайтын, ақиқаттан ұзақ, құр қиялдан туындаған күлкілі сандырақ екендігін (тарих нақты білдіруде)»[5].


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахих Хадис.
[2] Мүмтәхина – 8 аят.
[3] Әбу Заһра, Заһратут Тәфасир: Маида сүресі – 51 аят түсіндірмесі.
[4] Әл-Мәусуъатуль Фиқһия: «Әһлуз-Зиммаһ».
[5] De Lacy O'Leary:  «Islam at the Cross Roads»,  1923. London. ("الإسلام عند مفترق الطرق". islamsyria.com).

Абдусамат Қасым