«Иман – жетпіс бірнеше тармақтан тұрады...» деген хадисті қалай түсінуге болады? Жетпіс түрлі иман бар ма?
«Иман – жетпіс бірнеше тармақтан тұрады...» деген хадисті қалай түсінуге болады? Жетпіс түрлі иман бар ма?
3 жыл бұрын 5217

Ассалаумағалайкум! «Иман жетпіс бірнеше тармақтан тұрады. Ең жоғарғысы - ля иләһа иллал Аллаһ. Ең төмені жолдан зиянды затты алып тастау» деген хадисті қалай түсінеміз? Иманның сонда 70 тен астам түрлері бар ма? Аллаһ разы болсын! Енбек Дәуренбек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алла елшісінің (с.а.у.) сіз сұрап отырған хадисіндегі «иман – жетпіс бірнеше тармақтан тұрады» деген сөзінің мәні – "иман көптеген ерекшеліктер мен көркем сипаттарға ие" дегенді білдіреді. «Иман - жетпіс түрлі» дегендік емес.

Өйткені, Иман деген, ол – жүрекпен сеніп, ауызша мақұлдау. Осыны иман дейміз. Иман артпайды, кемімейді. Бірақ, иманның өзіндік ерекшеліктері бар. Оның ерекшеліктері – Исламның әдеп-тәрбиесі және діннің бұйырған ізгіліктері мен тыйған тыйымдары. 

Жүректегі иманның өзін ағаш деп алсақ, ізгіліктер – оның бұтақтары. Қалайша, ағаш бұтақсыз әрі жапырақсыз жай томар секілді боп қалатын болса, Исламның үйреткен тәлімдерін бойына сіңірмеген және оның құндылықтарын амалға асырмаған мұсылманның да иманы – бұтақсыз ағаш іспетті, жеміссіз болмақ. Сондықтан да, Алла елшісі (с.а.у.) әлгі сөзі арқылы мұсылмандарға: «Иман еткен жан, имани ерекшеліктерді бойына сіңдіруі тиіс» - деп отыр. Осы тұрғыда, Абай атамыздың мына бір өлең шумағы ойға оралады:

Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисін толық келтірер болсақ,  сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген:

الإِيمَانُ بِضْعٌ وَسَبْعُون - أَوْ بِضْعٌ وَسِتُّونَ شُعْبَةً - فَأَفْضَلُها قَوْلُ: لَا إِلهَ إِلَّا اللهُ، وَأَدْناَهَا إِمَاطَةُ الأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ، وَالْحَيَاءُ شُعْبَةٌ مِنَ الإِيمَانِ

«Иман – жетпіс бірнеше (немесе алпыс бірнеше) тармақтан тұрады. Оның ең абзалы (ең жоғарғы деңгейлісі) – «Алладан басқа тәңір жоқ» деп айту. Ал, ең төменгісі жолдан зиянды нәрселерді алып тастау. Ұят – иманның (ұлы) бір тармағы»[1].

Хадистегі «жетпіс бірнеше...» деген сөзі – көптілікті білдіреді. «Көптеген» деген мағынада. Исламның бұйырықтары мен тыйымдарымен қоса, тәлім-тәрбиелік нормаларының бәрі имани құндылықтарға жатады.     

Имандылық белгілерінің ең бірінші орындағысы - «Лә иләһә иллаллаһ» деу арқылы Алланың даралығын қабылдау. Одан өзге жалған тәңірлердің бәрін жоққа шығарып, бір Оны ғана құдіретті күшті құдай ретінде тану. Өзін Оның пендесі ретінде көріп, Оған құлдық ұру. Бұл – иманның негізі. Онсыз иман болмайды.

Ал, енді, имандылықтан туындайтын ізгіліктерді дәрежелерге айырар болсақ, оның ең төменгісі – жолда жатқан зиянды нәрсені алып тастау екен.

Неге Алла елшісі оған қатысты «ең төменгісі» деп отыр? Алла елшісі олай деу арқылы, ешқандай ізгілікті ұсақсынбау керектігін білдіріп тұр. Басқа бір хадисінде «ешбір ізгілікті ұсақсыңбаңдар» деген. Тіпті қарсыдағы адамның жүзіне күлімсіреп қараудың өзін садақа деп есептейді Пайғамбарымыз (с.а.у.). Сондықтан да, мысалы, жолда жатқан бір шегені «әлдебіреудің аяғына кірмесін» немесе «әлдебіреудің көлігінің дөңгелегін теспесін» деп еңкейіп алып тастаудың өзі – имандылықтың нышаны. Оның өзіне үлкен сауап бар. Сол сияқты, біздің назарымызда «майда-шүйде» боп көрінген өзге де ізгіліктерді елемеуге болмайды. Олардың өзі имандылықтың белгілерінен.  

«Ұят – иманның бір тармағы». Осы жерде "ұяттың" тәрбиелік мәнінің орасан зор екендігін білдіру мақсатында Алла елшісі оны ерекше атап отыр. Бұл - оның маңыздылығын білдіру үшін. Ұят – адамды көп әбестіктерден тыйяды. Ұят – әдептіліктің басы. Ұяты жоқ адамнан әдептілікті күту қиын. Бір сөзбен айтқанда, адамның жүріс-тұрысын реттеп, түзеп отырушы бірден-бір фактор – ішіндегі ұяты. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Ұялмасаң, қалағаныңды істе!» - деген[2]. Осы тұрғыда, ұят пен ынжықтықты бір көрмеу керек. Екеуі екі түрлі нәрсе.


[1] «Сахих Бұхари»; «Сахих Мүслім».
[2] «Сахих Бұхари».

Абдусамат Қасым