Дұға тағдырды өзгерте ме?
Дұға тағдырды өзгерте ме?
9 жыл бұрын 13270

Әссәләмуғалейкум! Дұға тағдырды өзгерте ме?

Мадияр

Уағалейкум әссәләм! Құрметті Мадияр, сахаба Сәлмән әл-Фәрисиден риуаят етілген хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

«Пешенедегіні тек дұға арқылы қайтаруға болады. Өмірді тек иігілік арқылы ұзартуға болады»[1].

Хадистің арабша мәтініндегі «қаза'» сөзін «пешенедегі» деп аудардық, яғни, «тағдырдағы» деген мағынада.

Басқа бір хадисінде Алла елшісі:

«...Пенденің басына бәлекет келер-келмес, пенденің жасаған дұғасына кезігеді. Ол екеуі қиямет күніне дейін арпалысып өтеді»[2], - дей келе, жасаған дұғаның түрлі кесапатты қайтаратындығын баса айтуда.

Жалпы алғанда, «жазмышты» ақида ғалымдары екіге бөліп қарастырады:

  1. Мүбрәм
  2. Мүъалләқ

Біріншісі – лаухул махфузда, қазақша айтқанда, «тағдыр тақтайшасында» жазылған, еш өзгерместен жүзеге асуы тиіс жағдайларды білдіреді. Бұлар Жаратушымыздың белгілегені бойынша, еш өзгерместен жүзеге асады.

Екіншісі – Алла тағаланың қалауына сай, кейбір себептерге байланысты өзгеруі мүмкін жағдайларды білдіреді. Мысалы, жасаған дұғасы себепті, Алла тағала пендеден жамандықты алыстатуы мүмкін. Сондай-ақ, жасаған жақсылығы себепті яки туыстарымен ара-қатынасын нығайтқаны үшін өмірін ұзартып қоюы мүмкін т.б. Жоғарыдағы хадис жазмыштың осы екінші түріне қатысты айтылса керек. 

Қорытынды:

Сөзімізді Имам Ғазалидің  (м.1058-1111 ж.) мына бір сөзімен қорытындылайық:   

«Дұға – пәле-жаланың жоламауына және жақсылықтың пайда болуына себеп. Құдды, дәнді егу – егістің шығуына, ал, қалқан - садақ оғының дарымауына себеп болғаны сияқты»[3]. 


[1] Тирмизи, Китабул Қадар. №2139 хадис.
[2] Әл-Хаким, әл-Мүстәдрак. (699) №1856 хадис.
*Тағдыр мәселесіне қатысты толық мәліметті мына сілтемеге кіріп, оқи аласыз: http://www.islam.kz/kk/articles/aqida/arturli/tagdyrdy-qalai-tusinemiz-ustaz-ben-shakirt-arasynda-bolgan-suhbat-825/#gsc.tab=0 
[3] Ихя улумиддин.

Абдусамат Қасым