Азапқа душар болған жерлердегі су, топырақ т.б. заттарды пайдалануға тыйым салынған ба?
Азапқа душар болған жерлердегі су, топырақ т.б. заттарды пайдалануға тыйым салынған ба?
9 жыл бұрын 6194

Ассаламуғалейкум! Сәмуд, Ад қауымы сияқты азапқа душар болған халықтардың тұрған жерлерінен өткенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол жерден су ішуге, тіпті суды дәрет алу үшін пайдалануға да тыйым салған екен. Осы тыйымды қазіргі кезде де ескеру қажет пе? Және тыйым тек қана суға қатысты ма? Ол жерлердің өсімдіктерін, топырағын пайдалануға болады ма? Осы мәселенің анық-қанығын айтсаңыздар екен? Аллаһ разы болсын! Шынар.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Тәбук жорығына[1] бара жатқанда Пайғамбарымыз және отыз мың мұсылман әскері жолшыбай Сәмуд қауымы[2] өмір сүрген жерден өтеді. Ол жер "Хижр" деп аталады. Пайғамбарымыз сол жердегі құдықтан су ішпеуді, су алмауды бұйырады. Алайда, сахабалар құдықтан су алып, сол сумен қамыр илеп үлгерген еді. Алла елшісі алған судың бәрін төктіртіп, иленген қамырды түйелерге жегізеді. Бірақ, сол жердегі «Түйе құдығы»[3] деп аталатын құдықтан ғана су алуға рұқсат береді[4]. Және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол жерден дереу кетіп қалғандығы да риуаят етілген[5]. 

Осыдан келіп ғалымдар, кезінде Алланың азабына ұшыраған қауымдардың мекен еткен жерлердегі су, топырақ т.б. заттарды қолдануды мәкрүһ санайды. Ханафи ғұламасы Ибн Ғабидин осыған қатысты былай деген: 

«...(Бұл жайында) алдыңғы қатарлы ғұламаларымыздың айтқандарын кездестірмедім. Дегенмен, жоғарыда атап өткеніміздей, Сәмуд қауымы өмір сүрген жердегі түйе құдығынан басқа, азап келген жерлердегі сумен немесе топырақпен тазалануды мәкрүһ санау қажет.»[6].

Ал, оның мәкрүһтігін кей ғалымдар «жеңіл мәкрүһке» жатқызса, кейбір ғалымдар «харамға жақын мәкрүһ» деп санаған[7].

Ендігі жерде, Пайғамбарымыздың ондай жерлерден су алуды тыюының мәнін былайша түсіндіруге болады:  

  1. Ондай жерлердегі сулар - Алланың ашуына ұшыраған жердің суы. Оны пайдаланғаны үшін Алланың қаһарына тап болу қаупі бар.  
  2. Алланың азабы жауып, тұрғындары бір пәсте қырылған елді-мекендерде түрлі жұқпалы аурулардың бар болу ықтималдығы да жоқ емес. Олай болған жағдайда, ондай жерлерден су ішкен немесе сол суды дәретке қолданған адам өз ден-саулығына, тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін. 

[1] Тәбук жорығы - хижреттің 9-жылы (м. 630), ережеп айында сол заманның алпауыт күші саналатын Римдықтарға қарсы жасалған жорық. Медина мен Шам қаласы арасында саудамен айналысатын мұсылмандар, Римдықтардың христиан араб ұлтынан қырық мың жасақ құрап, мұсылмандарға соғысуға келе жатыр деген ахпарат естиді. Бұл хабар Пайғамбарымыздың құлағына жетісімен дереу жорыққа қамдануға бұйрық береді. Соңында отыз мыңға жуық мұсылманға қарсы бетсінбей, римдықтар кері оралды. (Рамазан әл-Бути, "Фиқһус-Сира").
Қазіргі таңда "Тәбук"  Сауд Арабиясының солтүстік-шығысында орналасқан қаланың аты. Тұрғын саны - 791 535 адамды құрайды. (ru.wikipedia.org/wiki/Табук).
[2] Сәмуд қауымы - Араб жерлерінде Ад қауымынан кейінгі кезеңдерде үстемдік құрған қауым. Құранда Ад қауымымен бірге аты аталатын Сәмуд қауымы тау-тастан зәулім ғимараттар тұрғызып, өз жерлерін ұлғайтқан. Оларға пайғамбар ретінде Салих (а.с.) пайғамбар жіберіледі. Алайда, Салих пайғамбарға қарсылық танытып, оның пайғамбарлығына шүбә келтірген Сәмуд қауымы ақыр соңында көктен түскен жан түршігерлік дыбыстың нәтижесінде түгелдей жойылып тынады (http://taglym.kz/). 
Бұл тайпаның есімі Құран Кәрімнің 26 жерінде кездеседі. Құран Кәрімде Самуд қауымының оқиғасы кейінгілерге сабақ болсын деген мақсатпен тілге алынған. Сәмуд қауымының түп атасы – Сәмуд ибн Жәсур ибн Ирәм ибн Сам ибн Нух болып табылады. (Табари, Тарих. Байрут.)
[3] "Түйе құдығы" деп, Сәмуд қауымына жіберілген Салих пайғамбардың мұғжиза түйесінің ішкен құдық.
[4] Сахих Бухари - №3150, 3151–хадистер.
[5] Сахих Муслим - №2980 – хадис.
[6] Ибн Ғабидин, Раддуль Мухтар.
[7] Асқалани: Фатхуль Бари.

Абдусамат Қасым