Ақидадағы «тәфуид» ұстанымы не мағынаны білдіреді?
Ақидадағы «тәфуид» ұстанымы не мағынаны білдіреді?
11 ай бұрын 2661

Әссәләму алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Ұстаз, «тәфвид» деген не нәрсе? Оны қалай түсінуге болады?

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Тәфуид» сөзінің тілдік мағынасы: Бір істі Аллаға тапсыру, Аллаға қалдыру дегенді білдіреді.

Ал Кәләм (ақида, теология) ғылымындағы мағынасы болса: «Мүтәшәбиһат аяттар мен хадистерге иман ете отырып, ондағы екі ұдай мағына берер сөздерді жорамалдамай және оларға мағына бермей, астарындағы мағынасын бір Аллаға қалдыру, бірақ ондағы «тәшбиһке» апарар беткі (заһир) мағынасын қабыл етпей, одан өзге Аллаға лайықты мағынасының барына сену».

Ақидада «тәфуид» ұстанымы - ертеректегі алғашқы буын Ислам ғұламаларының, яғни, сәләф-салихиндердің ұстанымы болған. Олар қандай да бір мүтәшәбиһат немесе мүтәшәбиһ хадис кездестірсе, оған қатысты: «Біз оның (мүтәшәбиһ аят пен мүтәшәбиһ хадистегі екі ұдай мағына берер сөздің) Алладан (хадис болса пайғамбардан) жеткендігіне иман келтіреміз. Бірақ тәуил жасап, жорамалдамаймыз. Оның астарындағы мағынасын білмейміз. Бірақ ондағы мақсат етілген мағынаның - беткі (заһир) мағынасы емес екендігіне сенеміз әрі оның Аллаға лайықты өзіндік мағынасы барына сенеміз»- дейтін1. Мұны «тәфуид» дейді, яғни, мағынасын Аллаға қалдыру.

Тәфуид ұстанымын Имам Мәліктің (р.а.) мына бір сөзінен нақты түсінуге болады: «Истиуәнің (бар екендігі) мәлім. Қалай екендігі беймәлім. Оған иман келтіру - уәжіп. Ал, ол жайында сауал қылу – бидғат».

Осындағы Имам Мәліктің (рахимаһуллаһ) «Истиуәнің бар екендігі мәлім...» дегені - Истиуә аятының Құранда бар екендігі мәлім дегенді білдіреді. Ал «Қалай екендігі беймәлім...» дегені - қандай мағынада айтылғандығы бір Аллаға аян, ол жағын Алла Тағала ашық баян етпеген дегенді білдірмек. «Оған иман келтіру - уәжіп...» дегені - аталмыш мүтәшәбиһ болып табылатын «истиуә» аятының мән-мағынасына тереңдеместен, ол аяттың Алланың сөзі екендігіне шек келтірмей, иман келтірдік дейміз дегенді білдіреді.

Демек, тәфуид ұстанымында:

  1. Мүтәшәбиһ аят пен хадистерге иман етіледі.
  2. Ондағы екі ұдай мағына берер сөздерге анықтама берілмейді, яғни, жорамал жасалмайды, мағына берілмейді.
  3. Астарындағы мағынасын «бір Алла біледі» деп Аллаға қалдырады.
  4. Беткі мағынасынан өзге Аллаға лайықты мағынасы барына сенеді.

Бұған байланысты Имам Нәуәуи (р.а.) былай дейді:

"Пайғамбарымыздың бір хадисінде келетін ...Рахманның оң жағынан..." деген сөз - Алланың сипатын білдіреді... (Бұл сөзге қатысты) ғалымдар әртүрлі пікірде. Бір топ ғұламалардың ұстанымы бойынша, оған сенеміз, тәуилдеп (жорамалдап) мағына бермейміз. Біз оның мағынасын білмейміз. Бірақ, біздің сенімімізше ол сөздің негізгі түсінігі - заһири (беткі) мағынада емес. Оның өзіндік Аллаға лайықты мағынасы бар. Бұл әуәлгі ғұламалардың басым көпшілігінің және біраз кәләмшылардың ұстанымы. Ал, екінші топ ғалымдар оны лайықты түрде тәуилдеп, мағына беруге болады деген...".

Сәләф-салихинның «тәфуид» ұстанымының, қазіргі сәләфиттердің ұстанымынан не айырмашылығы бар?

Сәләф-салихинның тәфуид ұстанымының қазіргі сәләфиттерден айырмашылығы, олар (сәләф-салихиндер):

  • әлдебір мүтәшәбиһ аят-хадиске мүлдем мағына бермейді,
  • сөйте тұра «тәшбиһке» апарар беткі мағынасын да қабыл етпейді. «Оның Аллаға лайықты бізге белгісіз мағынасы бар, бірақ ол беткі мағынасы емес» дейді олар.

Ал қазіргі сәләфиттер болса, бұрынғылардың жолынан екі жерде айырылып тұр:

  1. Мүтәшәбиһ аят-хадистердегі сөздерге тілдік мағынасына сай мағына береді, яғни, тілдік мағынасын шынайы мағынасы деп қабыл етеді.
  2. Мүтәшәбиһ аят-хадистердің беткі (заһир) мағынасын қабыл етеді, сөйтеді де «Аллаға лайықты түрдегі беткі мағына» деп түсіндіреді. Мысалы, «Алланың қолы» деген Құран аятын сәләфиттер: «Алланың шынайы мағынада қолы бар, бірақ біздің қолымызға ұқсамайды, Алланың затына лайықты қол» деп түсіндіреді. Бұл болса, Алла Тағалаға ағза және мүше тану болып есептеледі. «Тәнзиһ» сенімін дәріптеуші ертедегі сәләф ғалымдарымыздың сәләфиттердің бұндай ұстанымын қабыл етпесі анық.

Ертедегі сәләф-сәлихин ғалымдар Аллаға ағза және мүше танылмас үшін «беткі мағынасы емес» деген. Мысалы, екеуінің арасындағы айырмашылық түсінікті болу үшін «Алланың қолы» деген аятты мысалға алалық. Бұл аяттағы «қол» сөзіне ертедегі сәләф-салихин ғалымдар: «Алланың сөзі болғандықтан иман етеміз, бірақ қандай мағынада айтылып тұрғандығын білмейміз әрі мағынасын зерттемейміз, ешқандай мағына бермейміз, астарындағы мағынасын Аллаға қалдырамыз. Бірақ, оның мағынасы беткі мағынасы емес екендігі анық» дейді. Яғни, аяттағы қол сөзінің ақиқи мағынада «қол» емес, олай мағына беруді қабылдамаған ертедегі ғалымдар. Енді қандай мағынада? - деушіге, «оның мағынасы бізге беймәлім, бірақ Аллаға лайықты мағынасы бары анық», деп жауап беріледі.

Міне ертедегі сәләф-салихинның «тәфуид» ұстанымы мен қазіргі сәләфит-уахабиттердің ұстанымынан негізгі айырмашылық осы. Біріншілер - тәнзиһ, яғни, Алланы жаратылыстарға ұқсатудан аулақ болу сеніміне әкелсе, екіншілердікі (уахабиттердікі) - Құдайға ағза танушы кәррәмия мен мүжәссима және хашауиялардың ұстанымына жетелейді. 

Қорыта айтқанда, мүтәшәбиһат аят-хадистерге байланысты «әһли сүннет уәл жамағат» ғұламаларының арасында «Әуелгілердің (сәләф-салихин) ұстанымы және кейінгілердің (хәләф) ұстанымы» болып екі түрлі ұстаным қалыптасқан. Әуелгілердің ұстанымы - «тәфуид» ұстанымы, ол жайында жоғарыда сөз еттік. Ал кейінгілердің, яғни, халаф ғалымдарымыздың ұстанымы - ол, белгілі шарттардың аясында аяттарға тәуил, яғни, жорамал жасау. «Тәуил» жасаушы кейінгі халәф ғалымдардың бірегей өкілі ретінде Имам Мәтуридиді атап өтуге болады (рахимаһуллаһ). Имам Мәтуриди (р.а.) белгілі шарттардың аясында мүтәшәбиһ аяттарға «тәуил» (жорамал) жасауға болады деуші ғалымдардың алғашқыларынан.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Доктор Сайид Фуда, «әш-Шәрхуль Кәбир», 355 бет.

Абдусамат Қасым