Адамды «періште» деуге бола ма?
Адамды «періште» деуге бола ма?
7 жыл бұрын 10290

Әссәләмуғалейкум! «Адамға «періште» деп сөйлеуден аулақ болайық, діннен шығып кетесің» дейді уағызда.  Осы тұралы мәлімет айтып бересіз ба? Кішкентай баланы да періште деуге болмай ма? Өсержан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Адамды «періште» деген кісі діннен шықпайды. Бізде көбіне жас сәбилерді «періште» деп жатады.Ондағы мақсат, сәбидің күнәсіз, пәк екендігін ұғындыру. Кейде үлкен адамға да «періште» деуі мүмкін. Бұл - оның тақуа, ешкімнің ала жібін аттамайтын, адал жан екендігін білдіру үшін айтылады.  

Жалпы адамға салыстырмалы түрде «періште» деп айтудың ешқандай күнәсі жоқ. Оны Құрандағы Юсуф сүресінде орын алған аяттан ұғынуға болады. Ол аятта Юсуф пайғамбарды көрген Мысырлық әйелдер, оның ғажайып сұлулығына тамсана: «мынау адам емес, құрметті періште ғой» деп айтқандықтары бар[1].    

Дегенмен, періштені келеке-мазақ қылса, әртүрлі арсыз, ұяттан жұрдай анекдоттарға арқау етсе, періштелерге тіл тигізсе т.б. періштелердің қадір-қасиетіне көлеңке түсірер жәйіттарға жол берер болса, діннен шығып кету қауіпі бар.


[1] Юсуф сүресі, 31 аят: Зілиха, әйелдердің айыптауын естігенде, оларға шақыру жіберіп, олар үшін сүйеніп отыратын диван әзірледі де әрбіреуіне пышақ беріп (Юсуфқа): "Шық, оларға көрін!",- деді. Юсуфті көргенде естері кеткені сонша, олар (жемісті емес) өз қолдарын кесті. (Әйелдер) «Астапралла! Бұл – адам баласы емес, құрметті періште ғой» десті»  

Абдусамат Қасым