ЮНИСЕФ: Қазақстан әлемде қыздар суицидінен алда тұр. Ұлдар суициді Ресейден кейінгі орында
ЮНИСЕФ: Қазақстан әлемде қыздар суицидінен алда тұр. Ұлдар суициді Ресейден кейінгі орында
2 жыл бұрын 2326 qamshy.kz/

Суицид бүкіл әлемде барлық ұлттардың, мәдениеттердің, діндердің, жыныстардың және кластардың проблемасына айналды. Бұл жайында qamshy.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әйелдер өзіне қол жұмсау туралы ойларға көбірек бейім болғанымен, ерлер арасында суицид деңгейі жоғары. Сондықтан ерлердегі суицид "үнсіз індет" деп сипатталады.

Әлемнің көп бөлігінде өзін өлтіру діни немесе мәдени себептерге байланысты айыпталады. Кейбір елдерде суицидтік мінез-құлық заңмен жазаланатын қылмыстық құқық бұзушылық болып есептеледі. Сондықтан ол елдерде өз-өзіне қол жұмсау көбінесе тыйым салынған құпия әрекет болып жүзеге асырылады. Сондықтан ондай елдерде суицид ресми мәліметтерге тіркелмейді, нәтижесінде статистикалар қате жіктелуі немесе әдейі жасырылуы мүмкін.

Өзіне қол жұмсау салдарынан болатын өлім-жітім деңгейін төмендету үшін көптеген дамыған елдер суицидті арттыратын жалпы факторларды шешу жолдарын зерттеді. Зерттеулер бойынша, депрессия маңызды факторлардың бірі, бірақ басқа факторларды ескеру қажет. Мәселен, адамдардың физикалық жағдайы, психикалық денсаулығы, экономикалық жағдайы, қаржылық қиындықтары, жұмыс орнындағы мәселелер, жалпы өмірге қанағаттану деңгейі сияқты факторлар кіреді.

Суицид деңгейі ең жоғары он елге Лесото, Гайана, Эсватини, Оңтүстік Корея, Кирибати, Микронезия Федеративтік мемлекеттері, Литва, Суринам, Ресей, Оңтүстік Африка елдері кіреді.
Батыс Еуропадағы суицид деңгейі өте жоғары жалғыз мемлекет – Бельгия. Дегенмен, Бельгияда дәрігердің көмегімен өз еркімен суицидке баруға жол беретін либералды заңдар бар екенін атап өткен жөн, бұл Бельгия статистикасының факторы болуы мүмкін.

Бір қызығы, әлемдегі ең проблемалы елдердің көпшілігінде суицид деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Ресми статистикалар бойынша, Ауғанстан, Ирак, Сирия сияқты елдер әлемдегі суицид деңгейі төмен елдерге кіреді. Алайда, бұл елдердің суицид статистикасы қалай жасалатыны анық емес.

Төмендегі елдерде суицид әлемдегі төменгі көрсеткіштерге ие: Антигуа және Барбуда, Барбадос, Гренада, Сент-Винсент және Гренадиндер, Сан Томе және Принсипи, Иордания, Сирия, Венесуэла, Гондурас, Филиппин.

Суицид деңгейі бойынша әлемнің алдыңғы ондығына кіретін Оңтүстік Кореяның жағдайы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Оңтүстік Кореядағы суицид деңгейі әлемде төртінші орында тұр. Зерттеулерге сәйкес, Оңтүстік Кореяда егде жастағы адамдар арасындағы суицид жоғары.

Корей дәстүрі бойынша, балалар қартайған ата-аналарына қамқорлық жасауы керек. Дегенмен, оларда бұл жүйе жиырма бірінші ғасырда негізінен жойылып кеткендіктен, көптеген егде жастағы адамдар өздерінің отбасыларына қаржылық ауыртпалық түсіргісі келмей, өзіне қол жұмсайды.

Оңтүстік Кореяда студенттердің де өзіне қол жұмсау деңгейі жоғары. Оларға академиялық табысқа жету жолында жоғары қысым түседі. Алға қойған мақсаттарына жете алмаған соң, олар өз отбасының абыройын түсірді деп ойлауы мүмкін. Ұйқының бұзылуы, стресс және нашар әлеуметтік қарым-қатынастар студенттердің суицид қаупін жоғарылатуы мүмкін.

Оңтүстік Кореяда түтінге улану өзіне қол жұмсаудың кең таралған әдістерінің бірі ретінде саналады. Сонымен қатар, кейбірі көпірден секіруді таңдайды. Сеулдегі Мапо көпірінен көп адам секіріп, қаза тапқандықтан "Ажал көпірі" немесе "Суицид көпірі" деген лақап атқа ие болған.

Оңтүстік Корея үкіметі суицидті ауыздықтау үшін күш салуда. Билік психикалық денсаулық сақтау саласын дамытуға тырысады. Зерттеулерге сәйкес, Оңтүстік Кореядағы өз-өзіне қол жұмсау құрбандарының 90%-ы диагноз қоюға болатын және емдеуге болатын психикалық денсаулық жағдайымен байланысты болуы мүмкін.

Оңтүстік Корея, сондай-ақ, жергілікті деңгейде суицидтің алдын алуға көмектесу үшін қауымдастық көшбасшыларына білім береді.

Оңтүстік Кореяға көршілес және мәдениеті жақын Жапонияда 20-44 жас аралығындағы ерлер мен 15-34 жас аралығындағы әйелдерде суицид деңгейі өте жоғары. Жапон ерлерінің өзіне қол жұмсау ықтималдығы әйелдерге қарағанда екі есе көп. Жапонияда, тіпті жалпы әлемде жұмыссыз қалып, отбасын асырай алмай жүрген ерлердің өзіне қол жұмсауы ерекше алаңдатады.

Жапониядағы Фудзи тауының етегінде орналасқан Аокигахара орманы суицидке баратындардың мекені, өйткені жыл сайын жүздеген адам өзіне қол жұмсау үшін сол жерге барады. Сондықтан полиция аумақты үнемі күзетеді.

Кейбір дамыған елдерде жылдар бойы суицидке баратындардың мөлшері айтарлықтай өскен. Мысалы, АҚШ-та суицидтің жалпы деңгейі 1999 жылдан 2018 жылға дейін 35,2%-ға өскен.

Сонымен қатар, 2019 жылы ерлер арасындағы суицид әйелдерге қарағанда төрт есеге жуық жоғары болған.

Швеция қалай суицид мөлшерін айтарлықтай төмендетті?

Тарихи деректерге сүйенсек, Швецияда суицид деңгейі жоғары болды, 1960 жылдарда Швеция азаматтары арасында суицид жиі кездесетін. Зерттеулер бойынша, Скандинавия елдерінде өткен ғасырда суицид жоғары болуына елдің географиялық орналасуы ықпал еткен болуы ықтимал. Скандинавия елдеріндегі ұзақ түн адамдардың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Үкімет бұл проблемаға байланысты әлеуметтік қамсыздандыру және психикалық денсаулық қызметтерін дамытты. Нәтижесінде суицидке баратындардың саны күрт төмендеді. Бүгінде Скандинавия елдері – Норвегия, Швеция, Дания және Финляндияда – бақыттылық индексі бойынша әлемде ең алдағы мемлекеттер және суицид деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Дегенмен, онда қыс кезінде қараңғылық ұзаққа созылады. Кейбір аймақтарда тәулігіне 20 сағат немесе одан да көп уақыт түн болады. Бұл маусымдық аффективті бұзылуларды тудырады. Зерттеулер аффективті бұзылулар мен суицидтің жоғары көрсеткіштері байланысты екенін айтады.

Қазақстандағы суицид жағдайы қалай?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда жасөспірімдер мен жастардың өзіне қол жұмсауы үлкен мәселе болып отыр. 15-49 жас тобындағы суицид Қазақстандағы барлық өлім-жітімнің оннан бірінен көп бөлігін құрайды.

ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдерде суицид деңгейі әлем бойынша ең жоғары. Қазақстан әлем бойынша жасөспірім қыздар арасындағы суицид бойынша 1-орында, жасөспірім ұлдар арасындағы суицид бойынша Ресейден кейінгі 2-орында.

Қазақстандағы жастар арасындағы суицидтің осыншама жоғары болуының артында бірнеше факторлар бар. Оған мектептегі булинг, құндылықтардың болмауы немесе жоғалуы, әлеуметтік мінез-құлық стандарттарының төмендеуі, бөлектеу, дискриминация т.б факторлар кіреді. 

Зерттеуге сәйкес, қазақстандық ата-аналар орташа есеппен күніне балаларымен тек 20 минут ғана өткізеді.

Ал, Қазақстанға көрші елдерде, мысалы, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанда суидцид жағдайлары әлдеқайда төмен.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына дейін де суицид деңгейі жоғары болған. Ресми статистика елде соңғы айларда ересектер арасында да, жастар арасында да мұндай жағдайлардың көбейгенін көрсетеді.

Қазақстандық мамандар суицидтік ойларға ықпал ететін факторлардың қатарына жалғыздық, үмітсіздік, қоғамнан шеттетілу кіретінін айтады.

0 пікір
Мұрағат