|
Тауары мен қызметін экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге субсидия бар
|
Қазақстанда отандық тауарлар мен ІТ-қызметтерді шетелдік нарықтарға ілгерілетуге кеткен шығындардың бір бөлігі мемлекет есебінен өтеледі. Сауда және интеграция министрлігінің 2026 жылғы 10 шілдедегі осы туралы бұйрығы 12 шілдеден бастап күшіне енді.
Жаңа құжатқа сәйкес, мемлекеттік қолдау өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарымен қатар, ІТ-компанияларға да көрсетіледі.
Қандай тауарлар қолдауға ие болады?
Мемлекеттік қолдау тізіміне өңдеу өнеркәсібінің 4 955 түрлі тауары енгізілді. Олардың қатарында:
- құрғақ және қоюлатылған сүт;
- сары май мен ірімшік;
- қант;
- йогурт;
- крахмал;
- картоп үлпектері;
- күнбағыс, соя, рапс және зығыр майы;
- ет консервілері мен шұжық өнімдері;
- макарон;
- табиғи бал;
- шоколад;
- шырындар мен алкогольсіз сусындар бар.
Сондай-ақ былғарыдан тігілген киімдер, сөмкелер мен белдіктер, аң терісі өнімдері, жүн иірімі, мата және басқа да тоқыма бұйымдарын экспорттайтын кәсіпорындар да қолдауға үміткер бола алады.
ІТ-компанияларға алғаш рет бөлек қолдау көрсетіледі
Биыл алғаш рет цифрлық қызметтер жеке санат ретінде енгізілді. Шетелдік нарықтарға шығуға байланысты шығындарының бір бөлігін мына бағыттағы компаниялар өтей алады:
- компьютерлік ойындар мен бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу;
- бағдарламалық қамтамасыз ету жасау;
- ақпараттық жүйелерді жобалау;
- бұлтты технологиялар, хостинг және қосымшаларды орналастыру;
- веб-порталдарды әзірлеу және әкімшілендіру.
Мемлекет экспорттаушылардың жарнама, логистика, халықаралық сертификаттау және шетелдік нарықтарда өнімді ілгерілетуге жұмсайтын шығындарының бір бөлігін өтеуді көздеп отыр. Ол үшін компаниялар тиісті өтінім беріп, өз өнімдері мен қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін растауы қажет.