Соңғы бір жылда 41 мың адамды ит қапқан
Соңғы бір жылда 41 мың адамды ит қапқан
2 сағат бұрын 60 aikyn.kz kaz.inform.kz Дидар Берік, Руслан Ғаббасов, Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров, Алпамыс Файзолла
Жаңа заң жобасы үй жануарларын есепке алу жүйесін дамытуды да қарастырады. Нақтырақ айтсақ, чиптеуді міндетті түрде енгізу, сондай-ақ жануарларды тек тіркеу болған жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді.

Жақында Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады.  Құжат осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, азаматтардың қауіпсіздігін арттырып, жануарларға ізгілікпен қарауға бағытталған. Мәжіліс отырысында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясының мүшесі Еділ Жаңбыршин соңғы бір жылдың ішінде елде 41 366 адамды ит қапқанын атап өтті. Соның ішінде 23 134 адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Сондықтан аталған заң жобасы ең алдымен адам өмірі мен денсаулығын қорғауды көздейді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұралқы иттер мәселесі және статистика

Депутат Еділ Жаңбыршин осы заң жобасына қатысты баяндамасында бірнеше резонансты оқиғаны еске салып, құжаттың маңызына тоқталды.

«Өскеменде қаңғыбас иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай аулында, Қосшыда болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты.

Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қояды: адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді? Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе – құқықтық және басқарушылық вакуумда», - деп түсіндірді Еділ Жаңбыршин.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  та бұл мәселе жөнінде нақты ұстаным білдірді.

«Біз жануарларға жанашырлықпен қарауға міндеттіміз, алайда азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі мемлекеттің сөзсіз басымдығы болуы тиіс», - деген еді Президент.

Еске сала кетейік, 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданған болатын. Ол заңда қаңғыбас жануарлар санын реттеудің негізгі тетігі ретінде қайтарымды аулау – аулау, стерилизациялау, вакциналау және қайта сол ортаға орлалту әдісі қарастырылды. 

«Заң қабылданған кезде бұл әдіс заманауи, гуманистік, өркениетті тәсіл ретінде ұсынылды. Бірақ біз заңды ниетпен емес, нәтижемен бағалауымыз керек. Ал нәтижесінде өкінішке қарай бұралқы иттердің саны азайған жоқ, керісінше өсті. Егер 2022 жылы 243 574 қаңғыбас жануар ауланса, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, бұл көрсеткіш 276 282-ге жеткен. Яғни, біз азаюды емес, өсімді көріп отырмыз. Демек, қолданыстағы модель оны енгізудің басты мақсатын орындай алған жоқ», - деп нақтылады Еділ Жаңбыршин.

Халықаралық тәжірибе

Жалпы халықаралық тәжірибеде иесіз жануарлар санын реттеудің екі түрлі моделі жиі қолданылады: қайтарымды және қайтарымсыз аулау.

Адам өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын мемлекеттерде бұралқы иттерді қоғамдық ортаға қайтару не қолданылмайды, не өте шектеулі түрде ғана қолданылады.

Мәселен, Түркияда 20 жылға жуық уақыт бойы қайтарымды аулау моделі қолданылып келді. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізілген жоқ. Керісінше, әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Түркияда шамамен 4 миллион бұралқы ит бар. Сондықтан 2024 жылы Түркия бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болды.

Тағы бір маңызды мысал – Үндістан. Үндістан көбіне қайтарымды аулау моделі қолданылатын ел ретінде мысалға келтіріледі. Осы ретте Еділ Жаңбыршин біз тек құқықтық жағын емес, санитариялық-эпидемиологиялық салдарын да қарауымыз керек екенін атап өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі құтырудан болатын өлім-жітімнің шамамен 36%-ы Үндістанға тиесілі. Ал адамның құтырма жұқтыру жағдайларының 99%-ы иттерден болады.  Бұл – өте маңызды ескерту.

«Егер мемлекет популяцияны толық бақылауды, жаппай вакцинацияны сәйкестендіруді және қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етпесе, онда мұндай модель қоғам қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істей бастайды. Бұл заң жобасы эмоциялық емес, жүйелі қайта қарауды ұсынады. Ол жануарларға қарсы бағытталмаған.

Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған», - деді депуат Еділ Жаңбыршин. 

Ит пен мысықты міндетті чиптеу енгізіледі

Жаңа заң жобасы үй жануарларын есепке алу жүйесін дамытуды да қарастырады. Нақты айтсақ, чиптеуді міндетті түрде енгізу, сондай-ақ жануарларды тек тіркеу болған жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді. Сондай-ақ, қоғамдық бақылау құқығы бекітіледі, сөйтіп қоғам өкілдері жануарлардың панажайлары мен уақытша ұстау пункттеріне баруға мүмкіндік алады. 

«Бұл – заң жобасындағы ең маңызды жүйелі түзетулердің бірі. Өйткені бұралқы ит мәселесінің едәуір бөлігі шын мәнінде көшеден емес, біреудің ауласынан, үйінен, шаруашылығынан басталады. Итті: «бала үшін», «күзетке», «саяжайға», «аулаға» алады. Ал кейін: көшеге тастайды; қараусыз бос жібереді; есепке қоймайды; сәйкестендірмейді; ал қайғылы жағдай туындағанда: «Бұл менің итім емес» дейді», - деп атап өтті депутат.

Сол себептін, міндетті чиптеу – жай ғана техникалық талап емес. Бұл – иесін анықтайтын, жауапкершілікті бекітетін, қоғам алдындағы міндетті нақтылайтын құқықтық құрал.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл норма жануардың иесін анықтауға, оны көшеге тастап кетуді жазасыз қалдырмауға, ашық есеп жүргізуге және нақты бақылау мен жауапкершілік тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Aikyn.kz

Бұралқы иттерді аулау тәсілі өзгеруі мүмкін

KAZINFORM — Елде бұралқы иттердің саны артып барады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин мәлім етті. 

— Біз заң шығарушы ретінде бір нәрсені анық айтуымыз керек: Мемлекеттің ең қымбат қазынасы — адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл — эмоция емес. Бұл — Конституциямыздың тікелей логикасы. Қолданыстағы заң нені көрсетті? 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданды. Оның иесіз жануарлар санын реттеудегі негізгі тетіктерінің бірі қайтарымды аулау әдісі болды, яғни «аулау, стерилизациялау, вакцинациялау, қайтадан сол ортаға қайтару».

Заң қабылданған кезде бұл әдіс заманауи, гуманистік, өркениетті тәсіл ретінде ұсынылды. Бірақ, біз заңды ниетпен емес, нәтижемен бағалауымыз керек. Ал нәтиже, өкінішке қарай, анық: бұралқы иттердің саны азайған жоқ, керісінше өсті. Егер 2022 жылы 243 574 иесіз жануар ауланса, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 276 282-ге жеткен. Бұл ретте азаюды емес, өсімді көріп отырмыз. Демек, қолданыстағы модель оны енгізудің басты мақсатын орындай алған жоқ. Мұны ашық айту керек, — деді Еділ Жаңбыршин.

Сонымен қатар, ол бұл мәселе бойынша тек ішкі жағдайды ғана емес, халықаралық құқықтық және практикалық тәжірибе де зерттелгенін айтты. Жалпы, әлемде иесіз жануарлар санын реттеудің негізінен екі моделі бар:

— Біріншісі — қайтарымды аулау.

— Екіншісі — қайтарымсыз аулау.

— Әрине, әлемде бәріне бірдей мінсіз, әмбебап шешім жоқ. Бірақ, бір маңызды қорытынды бар: Азаматтардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын мемлекеттерде бұралқы иттерді қайтадан қоғамдық ортаға қайтару не қолданылмайды, не өте шектеулі түрде ғана қолданылады. Бұл тұрғыда Түркияның мысалы өте маңызды. Түркияда 20 жылға жуық уақыт бойы қайтарымды аулау моделі қолданылды. Алайда, күткен нәтижеге қол жеткізілген жоқ.

Керісінше, әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Түркияда шамамен 4 миллион бұралқы ит бар. Сондықтан 2024 жылы Түркия бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болды. Екінші маңызды мысал — Үндістан. Үндістан көбіне қайтарымды аулау моделі қолданылатын ел ретінде мысалға келтіріледі. Бірақ біз тек құқықтық жағын емес, санитариялық-эпидемиологиялық салдарын да қарауымыз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемдегі құтырудан болатын өлім-жітімнің шамамен 36%-ы Үндістанға тиесілі. Ал адамға құтыру жұқтыру жағдайларының 99%-ға дейіні иттерден болады. Бұл — өте маңызды ескерту, — деді депутат.

Оның айтуынша, итті ұстап, стерилизациялап, вакцинациялап, қайтадан ортаға қайтарудың өзі автоматты түрде олардың санын азайтпайды, санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді, адамды қорғамайды.

Егер мемлекет популяцияны толық бақылауды, жаппай вакцинацияны, сәйкестендіруді және қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етпесе, онда мұндай модель қоғам қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істей бастайды.

— Бұл заң жобасы эмоциялық емес, жүйелі қайта қарауды ұсынады. Ол жануарларға қарсы бағытталмаған. Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған. Біріншіден, бұралқы иттерге қатысты базалық тәсіл өзгереді. Заң жобасының ең негізгі түзетуі — бұралқы иттерге қатысты оларды қайтадан ортаға қайтару моделінен қайтарымсыз аулау моделіне көшу. Бұл — қағидатты мәселе. Өйткені, бүгінде мемлекет іс жүзінде мынадай қисынсыз схема бойынша жұмыс істеп отыр: итті аулайды, стерилизациялайды, вакцинациялайды, содан кейін сол азаматтар шағымданып отырған ортаға қайта жібереді. Осы орайда мемлекет өз қолымен ықтимал қауіпті қайтадан қоғамның ортасына қайтарып отыр. Қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан бұл тәсіл сын көтермейді. Сондықтан бұл жерде неғұрлым шынайы әрі жауапты модельге көшу ұсынылады, — деді Еділ Жаңбыршин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы бір жылдың ішінде елде 41 366 адамды ит қапқан.

Руслан Ғаббасов

Бұралқы иттер – бруцеллез ошағы

Қостанай облысында бұралқы иттер арасында бруцеллез өршіп тұр, деп хабарлады 24.kz 

Былтыр өңірде 100 шақты иттен жұқпалы індет анықталған. Егер бақылау шаралары күшейтілмесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Қостанайлық ветеринарлар осылай деп дабыл қағып отыр. Иттердің бруцеллезге шалдығуы, әсіресе, ауылды жерлерде жиілеп барады. Оның негізгі себебі - иесіз иттердің далада қалған мал өлексесін қорек етуі.

Былтыр Әулиекөл ауданында біраз мал басы бруцеллезге ілікті. Жануарларды жаппай тексеру нәтижесінде 80 иттен жұқпалы дерт анықталған. Бұл - аурудың адамдардың арасында таралуына бірден-бір себеп, - дейді мамандар

Талғат Шамшадин, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы: - Бұл иттерден адамдарға да жұғуы мүмкін. Былай алатын болсақ, 2025 жылы бізде облыс бойынша 35 адамның бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Үй жануары болған соң тамақ берген кезде балалар сипайды, үлкендер де соның бір себебі болып келеді.

Бұралқы иттердің адамдарға шабуыл жасауы да күрт өскен. Былтыр 3 мыңға жуық адамды ит тістеген. Ал биыл үш айдың ішінде жарақат алғандар 600-ге жетті.

Гүлім Досымова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: - Былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл жануарлардан зардап шеккендер саны 39 пайызға көп. Олардың арасында құтырма дерті белең алып барады. Мысалы, былтыр 3 адам қауіпті індетпен ауыратын жануарлардың шабуылына ұшыраса, биыл 67 адам құтырмасы бар ит-мысықтың тісіне іліккен.

Қазақстанда 2022 жылдан бері ит-мысықты атуға, дәрі-дәрмекпен  жансыздандыруға тыйым салынған. Қаңғыбас иттерге қарсы шара ретінде  тек аулап, уақытша ұстау, залалсыздандыру қаралған. Сосын босатып жібереді. Бірақ, бұдан бұралқы иттердің саны көбеймесе, азайған жоқ, - дейді мамандар.

Талғат Шамшадин, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы: - Ұстау, стирилдеу, чиптеу бұралқы қаңғыбас иттерді 15 күн бойы ұстауға біз облыс бойынша жыл сайы, 150 миллиондай қаражат бөлеміз. Үш жыл бойы осы жұмысты атқарып келгенмен, тиімділігі аз болып тұр, сондықтан эфтаназияны қабылдау деген дұрыс деп ойлаймын.

Иесіз жануарларды ату керек пе, әлде асырау керек пе. Осы мәселе төңірегінде қоғам пікірі екіге жарылды.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға еңгізіліп жатқан өзгерістерге сәйкес, агерессивті немесе ауру иттердің иесі табылмаса, олар жойылуы тиіс. Ұсынылған норма бойынша жансыздандыру эвтаназия, яғни арнайы дәрімен ұйықтату арқылы іске асырылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров 

Ауланған иесіз иттерді ұстау мерзімі өзгереді — заң жобасы

KAZINFORM — Мәжілістің жалпы отырысында жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Еділ Жаңбыршин ауланған иттерді күтіп ұстау мерзіміне қатысты түсінік берді. 

— Ауланған жануарларды ұстау мерзімі енгізіледі. Бастапқыда бұралқы жануарларға 15 күн мерзім ұсынылған болатын. Алайда, заң жобасын талқылау барысында икемдірек әрі өмірге жақын шешім қабылданды, яғни, ең төменгі уақытша ұстау мерзімі — кемінде 5 күн, сонымен бірге мәслихаттарға бұл мерзімді ұзарту құқығы беріледі. Ал иесі болуы мүмкін қараусыз жануарларға 60 күндік мерзім көзделіп отыр.

Мұнда бір нәрсені өте анық айту керек. Заң жобасына қатысты кейбір ортада «бұл барлық ауланған жануарды міндетті түрде өлтіруге әкеледі» деген эмоциялық пікір таратылып жатыр. Бұл — шындыққа сәйкес келмейді. Біз қатыгездікті ұсынған жоқпыз. Біз ұсынып отырғанымыз: тәртіп, бақылау, жауапкершілік және азаматтарды қорғаудың нақты тетігі. Егер мәслихаттар ұзағырақ мерзім белгілесе, мұндай жануарлар: ұзақ уақыт ұсталуы мүмкін, жаңа иелеріне берілуі мүмкін, панажайларда күтілуі мүмкін, ал мүмкіндік болса — табиғи өліміне дейін де ұсталуы мүмкін, — деді Еділ Жаңбыршин.

Сонымен бірге, оларды жаңа иелеріне беру мына міндетті шарттар сақталған жағдайда жүзеге асады:

— сәйкестендіру,

— есепке қою,

— вакцинация,

— тиісті күтіп-ұстау.

— Заң жобасы «жазалау моделін» емес, жауапты және байыпты модельді ұсынып отыр, — деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, соңғы бір жылдың ішінде елде 41 366 адамды ит қапқан. 

Руслан Ғаббасов

Жануарларды өлтіргендер бес жылға сотталуы мүмкін

KAZINFORM – Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қарастырылған әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.

Оның сөзінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабында жануарлар құқығы қамтылған.

– Қолданыстағы заңнамаға сай, аң-құстарға залал келтіргендерге ең үлкен жаза – 30 күнге дейін бас бостандығынан айыру. Біз қазір бұл норманы күшейтіп жатырмыз. Үкіметке жолдадық. Енді жануарларға зиян келтіргендер алты айға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, – деді ол Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Дегенмен, бұл – аң-құстарды жаралағандарға қатысты норма. Ал оларды өлтіргендерге қарастырылған жаза одан да қатаң.

– ҚР Қылмыстық кодексінің қазіргі қолданыстағы 316-бабына сәйкес, жануарларды өлтіргендер екі жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Біз бұл жазаны күшейтіп, бес жылға дейін ұзартып жатырмыз. Сондай-ақ айыпталушының мүлкі тәркіленуі де ықтимал. Ол жағдайға байланысты, – деді Е. Жаңбыршин.

Сонымен бірге, оның сөзінше, әкімшілік жазаны да қатаңдатып, айыппұлды көтеру қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін иттер мен мысықтарды чиптеу міндеттелетінін жазғанбыз.

Алпамыс Файзолла

 

0 пікір
Мұрағат