Шымкенттік түлек әлемнің 40 университетінен шақырту алды
Шымкенттік түлек әлемнің 40 университетінен шақырту алды
1 ай бұрын 539 24.kz

Әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан шақырту алған оқушыларымыз да баршылық, деп хабарлайды 24kz.

17 жастағы түлектер халықаралық IELTS, Scholastic Assessment Test сынақтарынан сүрінбей, жоғары балл жинаған. Сонымен қатар қосымша жетістіктері арқылы өзгелерден озық шықты.

Әлішер Әли, тілші: - Бұл білім шыңын бағындыруға ұмтылған шымкенттік Сунатулла Октамов. Болашақ мамандығына бір жыл бұрын жоспар құрған жас ізденімпаз бүгінде әлемнің 40 университетінен шақырту алған. Оның білім деңгейі мен қабілет-қарымын Америка, Канада, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің алдыңғы қатарлы оқу ордалары жоғары бағалаған. Ал Сунатулланың өз таңдауы Малайзия мемлекетіне түсті.

Сунатулла білім сынақтарынан бөлек өзінің жан-жақтылығын да дәлелдей алды. Ағылшын тілінде әлеуметтік жобалар мен волонтерлік клуб құру туралы бастамасын сәтті қорғады. Сондай-ақ, мамандығы бойынша «Бизнес басқару» саласында халықарылық болжамдар да жасаған.

Сунатулла Октамов, оқушы: - Мен осыған 1 жыл дайындалғанның ішінде маған профориентолог мамандар көмектесті. Тағы мұғалімдер көмектесті. Мен жүзден астам универге тапсырдым. Соның ішінде мені 40 университет мені шақырды. Малайзияда 4-5 жыл оқимын. Сосын елге қайтып, бизнес жағынан елді дамыту ойымда.

Шетелдіктер қызығып отырған дарынды оқушылар Қызылорда облысында да бар. Мәселен, биылғы жылы мектеп қабырғасын аяқтаған Асылжан Абдуллаевқа 3 бірдей белді университеттен шақырту түскен. Оған себеп – жас өрен халықаралық цифрлық форумында жасанды интеллектті алғаш рет қазақша сөйлетті. 300 мың сөздік қоры мен 140 миллиард ақпарат сиятын үздік платформа жасақтауға инвестиция тартты. Енді Асылжан су тасқынына тойтарыс беретін тың жобаны жетілдіру үстінде.

Асылжан Абдуллаев, өңірлік технопарк резиденті: - Кішкентай метеостанциялар судың деңгейін анықтай отыра, су тасқынының алдын алып және де белгі береді. Хакатон жарысында жобасын жасаған болатынбыз. Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында прототиптер тұр.

Иә, білімнің көкжиегін кеңейту үшін шетелде білім алған жақсы, әрине. Алайда, жас талапкерлер шетелдегідей елде де қабілет-қарымын жетілдіре алады. Олай дейтініміз, Қазақстанда қазірдің өзінде белді шетелдік университеттердің филиалдары бар. Бүгінде олардың саны 12-ге жетті. Жақында ғана бұл тізім Гонконг, Пенсильвания, Ташкент, Ұлыбритания және Ресей университеттерімен толықты. Олар озық әрі сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби мамандар дайындамақ. Елде немесе шет елде. Иә түлектер өз білімін қайда жетілдіргісі келетінін өзі шешеді. Тек алған білімін ел игілігіне жарата білсе болғаны.  

 

0 пікір
Мұрағат