Бұл — университеттің Толыбек Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеу ғылыми-білім беру орталығының қолданбалы ғылыми зерттеуі нәтижесінде жасалған алғашқы табиғи органикалық өнім.
Зерттеуге орталықтың бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты Гүлмира Абызбекова, аға ғылыми қызметкерлер, химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаева, биология ғылымдарының кандидаты Райхан Жандәулетова, техника ғылымдарының кандидаты Шолпан Еспенбетова және Анипа Тапалова, педагогика ғылымдарының кандидаты Карима Арынова, жас зерттеуші, 4-курс студенті Аружан Талғатова қатысты.
Сыр өңірінің континентальды климаты мен экологиялық факторлары теріні тез құрғатып жіберетіні белгілі. Ғалымдар тобы осы мәселені табиғи жолмен шешуді көздеген.
— Кремге тек 5 табиғи компонент кіреді. Қойдың құйрық майы құрамындағы табиғи май қышқылы мен стерин терінің ең терең жасушалық қабаттарына өтіп, су-тұз балансын қалпына келтіретіні дәлелденген. Ол теріні ылғалдандырып қана қоймай, басқа да пайдалы заттарды терінің ішкі қабатына өткізу қабілетіне ие. Жасушалардың жаңаруын тездетеді. Жүзім тұқымының майы — теріні қоректендіріп, жараны жазатын антиоксидант. Ара балауызы кремнің жұмсақ құрылымын түзіп, теріні сыртқы жел мен суықтан қорғайды. Жалбыз және лаванда эфир майы — табиғи антисептик, қабынуды басады, хош иіс береді және бұлшықетті босаңсытады. Басқа кремдерде синтетикалық консервант, спирт немесе артық дәрумендер болуы мүмкін. Бұл кейде теріні тітіркендіріп, дәруменді шамадан тыс көбейтеді. Біздің өнім толық органикалық, химиялық қоспа немесе спирт қосылмаған, — деді Гүлмира Абызбекова.
