Республикалық азаншылар сайысы мәресіне жетті
Республикалық азаншылар сайысы мәресіне жетті
9 жыл бұрын 5351 muslim.kz
Кеше Алматы қаласы Орталық мешітінде екі күнге созылған республикалық азаншылар сайысы мәресіне жетті.

Әділқазылар алқасы сайыстың екінші бөліміне жолдама алған 13 азаншының ішінен 3 жүйрікті анықтады. Сонымен дауыс ырғағы, тәжуид ережесі, әуезді үн, т.б. талаптар бойынша топ жарған «Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Еркебұлан Байғабылов (Астана) қазылардың шешімімен бірінші орынды иеленді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарманың үлкен қажылыққа тегін жолдамасын салтанатты түрде табыстады.

ІІ орын Қазақ Әлиге (Маңғыстау облысы) бұйырса, ал жүлделі ІІІ орынды Талғат Сматов (Жамбыл облысы) қанжығасына байлады. ІІ, ІІІ орын иелеріне кіші қажылықтың сертификаты берілді.

«Қазақта: «Азаны бар ауыл азбайды», – деген нақыл бар. Бүгінде Еуропаның тұлғалы азаматтары азанның әуенінен әсерленіп, Исламды қабылдауда. Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) азан айтқанда, жаны рақатқа бөленіп, демалатын. Азан шақырылғанда шайтан қашады. Бүгінгі сайысты ұйымдастырудағы мақсатымыз – қазақы мақам мектебін қалыптастыру. Құдайға шүкір, азаншыларымыз қазақы мақамды жақсы сақтап келеді», – деді марапаттау рәсімінде ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.

Бұл сайысқа республика бойынша 44 азаншы қатысты. Жамағатқа жақсы өнерін паш етіп, әуезді азанымен танылған 10 діндарға ынталандыру сыйлықтары берілді және Бас мүфтидің алғыс хаттарымен марапатталды.

Азаншылар сайысының жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағанбет игі дәстүр болашақта жалғасын табатынын жеткізді. Қалалық мешіттердің ұйымдастыруымен сайысқа қатысқандар Медеу шатқалдарын аралап, шаһардың шырайлы жерлерін тамашалады.

0 пікір
Мұрағат