Қазақстандықтар жұмысқа QR-код арқылы орналаса алады
Қазақстандықтар жұмысқа QR-код арқылы орналаса алады
7 ай бұрын 1047 inform.kz Марлан Жиембай

Елімізде жұмысқа анықтамасыз орналасу мүмкіндігі жасалады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Алдағы уақытта біз неге назар аударатын боламыз? Таяу уақыттың ішінде жұмысқа анықтамасыз (қағаз жүзіндегі – ред.) орналасу мүмкіндігін жасайтын боламыз. Жұмысқа орналасқан әрбір адам тіпті, электронды нұсқадағысын басып шығарып, кадр бөліміне апару қажеттігін біледі. Біз бүгін Президентке таныстырғандай, QR-мен ғана жұмысқа орналасып, еңбек келісімшартына қол қоятындай жасаймыз», – деді министр елордада өтіп жатқан Digital Bridge 2023 халықаралық технология форумында.

Еске салайық, бүгін Астанада IT индустриясының соңғы үрдістері мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаң Digital Bridge 2023 форумы басталды. Шараның ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.  Сондай-ақ Президент форум аясында өткен көрмеге барды. 

Биыл Digital Bridge халықаралық форумына 20 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 300-ден астам IT компанияның өкілдері және 30 елден келген делегация бар.

0 пікір
Мұрағат