Заң бойынша баланы асырап алу кезінде ЖСН өзгертілуі мүмкін
Қазақстанда жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) адамға бір рет беріледі және әдетте өмір бойы өзгермейді. Алайда, заңнамада кейбір ерекшеліктер қарастырылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ЖСН – 12 цифрдан тұратын бірегей нөмір. Ол азаматты алғаш тіркеу кезінде автоматты түрде қалыптастырылады.
Заң бойынша баланы асырап алу кезінде ЖСН өзгертілуі мүмкін. Бірақ, бұл барлық жағдайда жүзеге асырылмайды.
Егер сот шешімімен асырап алынған баланың жеке деректері, туған күні немесе туған жері өзгерсе, оған жаңа ЖСН берілуі мүмкін.
Ал өзгеріс тек ата-анасы туралы мәліметтерге қатысты болса және баланың жеке деректері өзгермесе, бұрынғы ЖСН сақталады.
ІІМ өкілдері ЖСН-нің басты талабы оның бірегейлігі екенін атап өтті. Егер азамат өз нөмірінің дұрыстығына күмәнданса немесе жеке деректерінде қате анықтаса, ІІМ көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне жүгіне алады.

Аты-жөнін ауыстырған адамның ЖСН-і өзгере ме
KAZINFORM – Қазақстанда азамат аты-жөнін өзгерткен жағдайда оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) өзгермейді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Диас Шәріпбай Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтты.
Оның түсіндіруінше, сәйкестендіру нөмірі азаматтық хал актілерін тіркеу және жеке басын куәландыратын құжаттарды беру кезінде беріледі.
– Азаматқа жаңа құжат берілген сайын ЖСН қайта берілмейді, яғни аты-жөнін өзгертіп, құжаттарын жаңартқан жағдайда да бұрынғы ЖСН-і сақталады. Тек бала асырап алу және ЖСН-ді есептеу кезінде қате кеткен жекелеген жағдайларда ғана жаңа нөмір берілуі мүмкін. Осылайша, азамат атын, тегін немесе әкесінің атын өзгерткеннен кейін де мемлекеттік цифрлық жүйелерде бұрынғы ЖСН-і арқылы сәйкестендіріледі, -деді төраға орынбасары.
Оның мәліметінше, аты-жөні өзгерген кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердегі деректер жаңа мәліметтерге сәйкес жаңартылады. Сонымен бірге бұрынғы және қазіргі деректердің өзгеру тарихы сақталып, олардың өзара байланысы қамтамасыз етіледі.
Осылайша, азамат аты-жөнін бірнеше рет өзгерткен жағдайда да бұрынғы және қазіргі деректерінің бір адамға тиесілі екені ЖСН мен деректердің өзгеру тарихы арқылы анықталатын болады.