Қазақстанда он жылда қанша жұп шаңырақ көтерді?
Қазақстанда он жылда қанша жұп шаңырақ көтерді?
1 сағат бұрын 28 24.kz Фото: depositphotos.com

Қазақстанда соңғы он жылда қанша жұп шаңырақ көтергені белгілі болды, деп хабарлады 24.kz 

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, соңғы он жылда неке  саны шамамен 22 пайызға азайған. Сонымен қатар, 1000 адамға шаққандағы неке саны да азайып отыр. Егер 2015 жылы бұл көрсеткіш 8,48 болса, 2025 жылы 5,69-ды құраған. Өңірлер арасында ең көп неке Астанада тіркелген – 1000 адамға 6,75 неке. Ал ең аз көрсеткіш Қызылорда облысында – 5,06 және Батыс Қазақстан облысында – 5,1. Сарапшылар мұны елордаға жастардың көп келуімен және еңбекке қабілетті халықтың шоғырлануымен байланыстырады.

Статистикаға сәйкес, Қазақстанда некеге кеш тұру үрдісі де байқалады. Соңғы 10 жылда алғашқы некеге тұру жасы ерлерде 0,7 жылға, әйелдерде 0,6 жылға өскен. Қазір ерлер орта есеппен 27,9 жаста, ал әйелдер 25,3 жаста шаңырақ көтереді. Айта кетейік, соңғы 20 жылдағы ең көп неке 2012–2013 жылдары тіркелген. Ол кезде 1000 адамға шаққанда 9,8–9,9 неке болған. Ал 2005 жылы бұл көрсеткіш 8,12 болған.

Мамандар некелер санының азаюына демографиялық өзгерістер әсер еткенін айтады. Яғни, 1990 жылдардың соңындағы туу көрсеткіші азайған кезеңнің әсері қазір неке жасына жеткен жастар санына да ықпал етіп отыр. Сонымен қатар, жастардың білім алу, жұмысқа орналасу және қаржылық тұрақтылыққа ұмтылуы да некені кейінге қалдыруға әсер етіп келеді.

Қытайда неке рәсімдері жаңарып, үйленушілер саны артты
KAZINFORM – 2025 жылы Қытайда 6,76 млн неке тіркеліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 657 мыңға артты. Сарапшылар мұны некені тіркеу рәсімінің жеңілдетілуімен және жас жұбайларға арналған қызметтердің кеңеюімен байланыстырады, деп хабарлайды Xinhua агенттігі.

 

Негізгі өзгерістердің бірі – некені енді тіркелген мекенжайы бойынша емес, елдің кез келген өңірінде рәсімдеуге мүмкіндік берілуі. Бұл әсіресе туған жерінен алыс жерде жұмыс істейтіндер үшін жақсы жаңалық болды.

Мәселен, Шаньси провинциясынан келген жұп Бейжіңнің Сичэн ауданында некесін бес минутқа жетпейтін уақытта тіркеген. Бұрын олар мұндай рәсім үшін демалыс алып, туған өңіріне баруға мәжбүр болатын еді.

Өткен жылдың мамыр айында жаңа ережелер күшіне енгеннен бері Сичэн ауданында 27 мыңға жуық неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,7%-ға көп. Оның ішінде 8 300-ден астамы – өңіраралық неке. Яғни шамамен әрбір үшінші жұп Бейжің тұрғыны емес.

Қытай билігі неке қию рәсімін романтикалық сипатта дамытуға да басымдық беріп отыр. Ел бойынша саябақтарда 525 арнайы алаң және куәлік беретін 1 330 көше пункті ашылған.

Қытайлықтар ерекше жақсы көретін 20 мамыр күні Сичэн орталығы 600-ден астам өтінім қабылдаған. Себебі қытай тілінде «5-2-0» сандарының дыбысталуы «мен сені сүйемін» деген тіркеске ұқсайды. Осы күні орталық маңындағы 60 дүкен жас жұбайларға жеңілдіктер мен романтикалық қызықтар ұсынған.

Сонымен қатар елде жас отбасыларды қолдау жүйесі де дамып келеді. Чунцин қаласында неке тіркеген жұптар «жас жұбайлардың алғашқы сабағына» қатысып, отбасылық қаржы мәселелері бойынша дәріс алады.

Реформалардың тағы бір бағыты – ысырапшыл той дәстүрлерімен күрес. Цзянсу, Хэнань, Аньхой және басқа да өңірлерде билік қалыңмалдың шамадан тыс қымбаттауына және даңғаза тойларға қарсы шаралар қабылдап жатыр.

Чжэцзян провинциясындағы Дацянь кентінің басшысы Се Сяоцзюньнің айтуынша, бір тойдың шығыны 20–30 мың юаньға (шамамен 2 900–4 400 доллар) азайған. Ал жалпы үйлену шығындары шамамен 30%-ға қысқарған.

Қазіргі таңда Қытай бойынша той дәстүрлерін реформалауға арналған 2 080 пилоттық алаң және үйлену мәдениетін насихаттайтын 2 045 арнайы алаң белгіленген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанға Қытайдан қоныс аударушылар саны үш есеге көбейгенін жаздық.

Сондай-ақ қытайлардың қартайып бара жатқаны туралы да жаздық. Бұл елде алдағы 10 жылда 60-тан асқандар саны 400 млн-нан асады.

0 пікір
Мұрағат