|
Қазақстанда кедейлер көбейіп келеді
|
2026 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтардың шамамен 5%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүрген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кедейлік деңгейі 0,4 пайыздық тармаққа өссе, кедейлер саны бірден 10% артқан.
Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың бірінші тоқсанында табысы күнкөріс минимумынан төмен болған қазақстандықтар туралы деректерді жариялады. Бұл ретте ведомство ресми емес, нақты күнкөріс минимумын негізге алған. Ол – 64,2 мың теңге.
Осы сомадан төмен табыс табатындар – елдегі 173 мың отбасы, яғни шамамен 1 млн адам. Нәтижесінде кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндердің үлесі халықтың 4,9%-ын құрады.
Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда кедейлік көрсеткіштері әрі абсолюттік мәнде, әрі халық ішіндегі үлесі бойынша өскен. Табысы күнкөріс минимумынан төмен азаматтардың саны бір жылда 10% көбейген. Ал олардың халық ішіндегі үлесі 4,5%-дан 4,9%-ға дейін артқан.
Өңірлер арасында кедейлік деңгейі ең жоғары үш облыс анықталды. Айқын айырмашылықпен бірінші орында Түркістан облысы тұр – халықтың 8,5%-ы немесе 182 мың адам кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа көп.
Одан кейін Абай облысы – 7,6% (жылдық өсім – 0,3 пайыздық тармақ), яғни 44,9 мың адам және Маңғыстау облысы – 7,2% немесе 60 мың адам. Маңғыстауда бір жыл ішінде кедейлік деңгейі 1,9 пайыздық тармаққа, ал кедей тұрғындар саны 31,5% өскен.
Ең төмен кедейлік деңгейі Астанада тіркелді – 2,7% немесе 44,5 мың адам. Дегенмен елордадағы кедей тұрғындар саны бір жылда 34,8% артқан. Одан кейін Қарағанды облысы – 2,8% (өсім – 0,2 пайыздық тармақ) немесе 31 мың адам, ал үшінші орында Атырау облысы – 3,5% немесе 24,8 мың адам.
Кедейлік шегінен төмен өмір сүретіндердің басым бөлігі көпбалалы отбасыларда тұрады. Бес және одан көп адамнан тұратын отбасыларда мұндай азаматтардың 77,5%-ы, яғни 788 мың адам өмір сүреді. Салыстыру үшін, төрт адамнан тұратын отбасыларда кедейлік шегінен төмен тұратындар саны небәрі 86,5 мың адамды құрайды.
ҰСБ дерегіне сәйкес, Қазақстанда 25,4 мың адамның айлық табысы тіпті азық-түлік қоржынының құнын да жаппайды. Олардың табысы айына 35,3 мың теңгеден төмен. Бір жыл ішінде мұндай азаматтардың саны 1,5 есеге көбейген.