Отандық нейрохирургтер инсульттің алдын алып, Паркинсон мен эпилепсияны емдейді
Отандық нейрохирургтер инсульттің алдын алып, Паркинсон мен эпилепсияны емдейді
7 жыл бұрын 4184 Baq.kz Айымгүл ӘБІЛЕВА

Бүгінде ем іздеп, шетел асудың қажеті жоқ. Озық медициналық технологияның негізіндегі күрделі операциялар қазір Қазақстанда жасалады. Ағза ауыстыру, ми ісігі, жұлын, қан тамырлары аурулары, Паркинсон сырқаты мен эпилепсияны өзіміздің дәрігерлер емдейді. Тіпті, қазақстандық білікті мамандардың көмегіне шетелдік науқастар да жиі жүгінетін болған. Тәуелсіздік жылдарында отандық нейрохирургия саласының дамуы жөнінде «Ұлттық нейрохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Ақшолақовпен сұхбаттастық. 

Нейрохирургия – медицинадағы ең күрделі саланың бірі. Кеңестік кезеңде кенже қалған бұл сала тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ғана дами бастайды. Ал 2008 жылы Астана қаласында ұлттық нейрохирургия орталығының ашылуы осы саланы түбегейлі жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде заманауи орталықта озық медициналық технологиялардың негізінде жоғары сапалы нейрохирургиялық көмек көрсетіледі.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін Мемлекет басшысы ел астанасын көшіру туралы шешім қабылдады. Бұл Елбасының көрегендігі болғанын уақыт көрсетті. Жаңа елордада әлемдік деңгейдегі заманауи медициналық кластер құрылып, ол отандық медицинаның дамуына қарқын берді. Оның қатарында нейрохирургиялық орталықтың ашылуы біз үшін мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтті», - дейді нейрохирургиялық орталықтың жетекшісі Серік Ақшолақов.

Бұл орталық ашылғанға дейін науқастар шетелде емделуге мәжбүр болды. Өйткені, ми, қан тамырлары мен жұлынның күрделі операциялары елімізде жасалған жоқ. Ал қазіргі уақытта бұл операциялардың барлығы нейрохиругиялық орталықта қолжетімді. Микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалды нейрохирургия осыдан сегіз жыл бұрын елімізде алғаш рет енгізілген. Сөйтіп, осы уақытта отандық нейрохирургтер Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған 60-тан астам жаңа технологияны меңгеріп алды.

«Орталықты ашқан кезде алдымызға қойған мақсаттың бірі Қазақстанның азаматтарына жоғары сапалы технологиялық көмек көрсету болды. Осыған байланысты ашылған күннен бастап 35 жас маманды шетелде оқытып алдық. Олар шетелдік жаңа технологяларды бізге алып келді. ТМД-ның бірқатар елінде, Орталық Азияда жоқ озық технологияларды тәжірибемізге сәтті енгіздік», - дейді еліміздің бас нейрохирургі.

Бүгінде орталық нейрохирургтері мидың ісігіне, мидың қан тамырына, омыртқаға, жұлынға операцияларды күнделікті жасайды. Жыл сайын бұл жерде 2,5 мың операция жасалады. Жалпы 8 жылдағы ота саны 15 мыңнан асып жығылған. Серік Ақшолақовтың айтуынша, екі операцияны қатар жүргізуге тура келетін қиын жағдайлар да болып тұрады. Осыдан жеті жыл бұрын дәл босанар кезде әйелдің басында қан тамыры жарылып, ол комаға түскен. Содан нейрохирург жүкті әйелдің миындағы ісігін алса, акушер-гинеколог осы уақытта сәбиін босандырып алады. Осылайша дәрігерлер ананың өзін де, нәрестесінің өмірін де сақтап қалған. Осындай өте күрделі ота биыл да жасалыпты. Ал орталықтағы ең ұзақ операция 16 сағатқа созылған. 5 мыңнан астам операцияға қатысқан Серік Қуандықұлы хирург үшін бастысы оның нәтижесі екенін айтады.

«Бір операция 8-ден 12 сағатқа дейін созылады. 4-6 сағаттық операциялар болса, күніне 2-3 операция жасап тастаймыз. Хирургия болғаннан кейін операциялардың бәрі қиын. Себебі, адамның өмірі ғой. Жауапкершілік өте зор. Әрі операциялардың барлығы жүз пайыз ойдағыдай жақсы болды деп айта алмайиыз. Егер 10-12 сағаттық операция ойдағыдай бітсе, шаршағанымызды сезбейміз. Ал кейде 2 сағаттық операцияның нәтижесі көңілдегідей болмай жатады, осындай кезде адам шаршап шығады», - дейді нейрохирургияға 30 жылдан астам ғұмырын арнаған дәрігер.

Нейрохирургиялық орталық дәрігерлері Паркинсон ауруы мен эпилепсияны да хирургиялық жолмен емдейді. Осы күнге дейін Паркинсон дертіне шалдыққан 130-дан астам науқасқа жасалған операция сәтті өткен. Инсульт секілді аса қауіпті аурудың алдын алуға да мүмкіндік бар. Бұл операция ми қан тамырларының ауруын эндоваскулярлық емдеу деп аталады. Ол отаның жабық, кіші инвазиялық әдісі.

«Ми қан тамырларының аурулары кезінде осындай операция жасалады. Бассүйек тесілмей, катетер арқылы өзгеріске ұшыраған қан тамырға медициналық желім жіберіледі, ол тамырды бітеп тастайды. Осылайша қан тамыры қан айналымынан толықтай шығарылады. Бұл қан тамыры жарылмайды деген сөз. Осылайша хирургиялық жолмен инсульттің алдын аламыз. Жылына осындай 400 операция жасаймыз», - деп әңгімеледі Серік Ақшолақов.

Нейрохиругиялық орталықтағы технологиялар ТМД елдерінің көпшілігінде әлі күнге дейін жоқ. Сондықтан көрші мемлекеттердің азаматтары қазақстандық дәрігерлердің көмегіне жиі жүгінеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркиядан науқастар келіп, емделіп жүр. Алыс-жақын басқа елдерден арнайы ат терлетіп келетіндер де бар. 8 жылда бар-жоғы 25 мемлекеттің азаматтары біздің орталықта ем қабылдаған екен.

«Бұл, біріншіден, Қазақстанның даму деңгейін көрсетеді. Екіншіден, шетелдіктер медицинаның, оның ішінде нейрохирургияның жоғары жетістіктерін мойындап отыр. Біз үлкен конгрестер мен конференциялар өткіздік. Шетелдік мамандар келіп, бәрін өз көзімен көріп кетті. Қарқынды дамуымызға байланысты шетелден келетін науқастардың саны да көбейеді деп ойлаймын», - дейді профессор.

Қазақстандық нейрохирургтер халықаралық деңгейге шығып отыр. Астанадағы орталықтың бүкіләлемдік, еуропалық нейрохирургтер қауымдастығы және Азия конгресі сияқты ұйымдарға мүше болуы осыған мүмкіндік берді. Осы қауымдастықтардың білім беру курстары Қазақстанда бірнеше рет ұйымдастырылып, шетелдік мамандар тәжірибе бөлісті. Бүгінде нейрохирургиялық орталықта 100-ге жуық дәрігер еңбек етеді. Олардың көпшілігі өз ісінің шебері. Нейрохирургтер АҚШ, Италия, Швейцария, Австрия, Германия, Израиль және Ресейдің үздік клиникаларында тағылымдамадан өтті. Қазіргі уақытта қазақтандық мамандар шетелде ми ісігін емдеудің жаңа технологиясын меңгеріп жатыр.

«Бүгінде 4 маман шетелде оқып жатыр. Ми ісігін кішкентай кезінде тауып алып, оны хирургиялық емес, радиохирургиялық әдіспен емдеуге болады. Бұл дегеніміз сәулемен емдеу. Диаметрі 2 см болатын мидың кішкентай ісіктерін, метастаздың бәрін де 40 минутта сәулемен емдеп, ауруды толық жазып жіберуге болады. Бұл алтын стандарт. Осы технологияны 2017 жылдың соңында енгіземіз деп көздеп отырмыз», - деп бөлісті алдағы жоспармен ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы.

Дәрігердің айтуынша, бүгінде халыққа жоғары сапалы нейрохирургиялық көмек көрсету мәселесі жолға қойылды. Ендігі міндет – медицина ғылымын дамыту. Әрине, бұл іс оңай емес, уақыт керек. Қазіргі уақытта орталықта 6 бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде: қазақтардың генетикалық бейімділігі ерекше қызығушылық тудырады.

«Әрбір ұлттың өзгешелігі бар. Қан тамырлары аурулары, ісіктердің ұлттың генетикасына бейімділігін тексеріп жатырмыз. Қазақтың популяциясында қандай ауру қанша, қалай, неге кездеседі, оны қалай емдеуге болады – осыны зерттеп жатырмыз. Ондай жұмыстар дүниежүзінде көп. Біз енді өзіміздің қазақ популяциясын да қарағымыз келеді. Бұның нәтижесін айтуға әлі ерте, бірақ, бастама бар», - дейді С.Ақшолақов.

Бұл тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласында қол жеткізген табыстардың бір парасы ғана. Осындай жетістіктер медицинаның барлық саласында бар. Серік Қуандықұлы сөзінше, отандық медицинадағы бұл өрлеудің қарқынын енді бәсеңдетіп алмау маңызды.

«Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің даму қарқыны жақсы. Елеулі жетістіктерге қол жеткізгеніміз рас. Мұның барлығы осы саладағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Мемлекет денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөліп келді және алдағы уақытта да солай болатынына сенім мол».

0 пікір
Мұрағат