Мәйіттік донорлықты қолдайтындар көбейді. Қазақстанда 17 мыңнан астам адам мәйіттік донорлыққа келісім берген
Мәйіттік донорлықты қолдайтындар көбейді. Қазақстанда 17 мыңнан астам адам мәйіттік донорлыққа келісім берген
23 минут бұрын 15 24.kz Альмира Оразбай, Мұрат Арипханов, Ержан Қанапияұлы

Елде мәйіттік донорлықты қолдайтындар көбейді, деп хабарлады 24.kz 

Қазір азаматтар осыған қатысты келісімін еГов порталы арқылы білдіре алады.

Ресми дерекке сүйенсек, дәл қазір 185 мыңға жуық адам өз ұстанымын білдірген. Олардың 17 мың 158-і қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін берген.

"Соңғы бір жылда осындай келісімдер көлемі 67,7 пайызға өсті", - дейді мамандар.

Айта кету керек, донор болу шешімі әркімнің өз еркінде.

Қазақстанда 17 мыңнан астам адам мәйіттік донорлыққа келісім берген

Қазақстанда ағзалар, тіндер мен жасушалар донорлығы жүйесін дамыту көрсеткіштері жарияланды. Ел аумағында трансплантаттау операцияларының саны жыл сайын артып, бұл бағыттағы мамандандырылған инфрақұрылым кеңейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Соңғы жылдардың ішінде елімізде трансплантаттау операцияларының саны артып, мамандандырылған инфрақұрылым кеңейіп келеді. Сонымен қатар азаматтардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа деген қызығушылығы да біртіндеп артуда. Дегенмен, өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген мыңдаған пациент бар.

Қазіргі таңда Қазақстанда 11 трансплантаттау орталығы мен HLA-типтеу жүргізетін 5 зертхана жұмыс істейді. Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қызмет атқарады. Сондай-ақ, өңірлік және стационарлық трансплантаттауды үйлестірушілердің желісі қалыптастырылған.

Трансплантаттау операцияларының саны осы бағыттың даму қарқынын көрсетеді:

2023 жылы – 236 трансплантаттау;

2024 жылы – 260 операция;

2025 жылы көрсеткіш 310-ға жетті;

2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында 208 операция жасалды.

Сонымен қатар, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Мұндай донорлардан алынған ағзаларды пайдаланып жасалған трансплантаттау саны 2024 жылғы 23 операциядан 2025 жылы 68-ге дейін өскен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 42 осындай ота жасалды.

Медициналық көмек қолжетімділігі артқанымен, өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүргендер саны әлі де көп. 2026 жылғы қыркүйектегі мәлімет бойынша, трансплантаттауды күту парағында 4 867 пациент (оның ішінде 126-сы бала) тіркелген. Науқастардың 4,2 мыңнан астамы бүйрек ауыстыруын күтуде. Қалғандарына бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантаттауы қажет.

Донорлыққа қатысты азаматтардың көзқарасы қалай? 2026 жылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша, eGov порталы арқылы 184 191 ерік білдіру тіркелген. Оның ішінде 17 158 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берсе, 167 033 адам бас тартқан.

Статистика көрсеткендей, бір жылдың ішінде донорлыққа келісім берген азаматтардың саны 75%-ға, ал жалпы тіркелген ерік білдірулер 31%-ға артқан. Бұл көрсеткіштер азаматтардың мәйіттік донорлыққа деген оң көзарас қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. 

Қазақстандықтар қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз еркін медициналық ұйымдар немесе eGov порталы арқылы білдіре алады. Азаматтар келісімін немесе бас тартуын тіркеп, шешімінің қай ағзаларға қатысты екенін нақтылай алады. Қажет болған жағдайда бұл шешімді өзгертуге де құқылы. Мамандар бұл шешімдердің тек ерікті түрде, нақты әрі сенімді ақпаратқа сүйене отырып қабылдануы маңызды екенін атап өтеді. Себебі, әрбір көрсеткіштің артында аман қалуға үміттенген адам тағдыры тұр.

Ағза донорлығы: 4,5 мыңнан астам адам күту кезегінде тұр

Бір адамның шешімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Қазір елімізде 4,5 мыңнан астам науқас донорға кезек күтіп жүр. Олардың арасында балалар да бар. Донорлықтың маңызын түсіндіру мақсатында кеше Астанадағы бірқатар зәулім ғимараттың шамы жағылса, бүгін «Асыл қадам» аллеясында ағаш отырғызу акциясы өтті.

Астаналық Ұлдана Жолдыбай ағза алмастыру бойынша күту кезегінде тұрған. 5 жыл гемодиализге тәуелді болған науқасқа былтыр мәйіт донорынан бүйрек трансплантациясы жасалды. Донордың туыстарына алғысым шексіз, дейді өзі.

Ұлдана Жолдыбай, қала тұрғыны: - 2025 жылдың қараша айында таңғы 6-да хабар келіп, мәйіттік донордан бүйрек сәйкестігімен бүйрек салынды. Бұл өте үлкен қуанышты жаңалық болды. Себебі, 5 жыл көптеген қиыншылықтан өттік. Гемодиализ аппаратын жеке өзім өте ауыр қабылдадым. Мен сол бізге ағзасын берген кісіге алғыс айтпаппын, ішімде қалып қалған дүнием болды. Сол кісіге үлкен рақмет айтамын. Сол кісі менің 1 жылдық өмірімді жарық арнаға бұрды да.

Қазір елдегі трансплантацияны күту кезегінде 4,5 мыңнан астам науқас тұр. Олардың 126-сы бала. Биылғы 9 айда ағза алмастыру бойынша 208 операция жасалды, оның 42 жағдайындағы ағзалар қайтыс болған донорлардан алынған.

Трансплантацияны күту кезегі 4867 науқас – 126 бала

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында

208 операция – 42 мәйіттік донор  

Назгүл Жілгелдина, ҚР ДСМ транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары: - Мұқтаж ағза ол 4340 бүйрек, содан кейін бауыр 314 адам, сосын жүректі 212 азамат қажет етіп тұр. Балалардың арасында да ең көбі бүйрек. Себебі, бүйрекке шағымданған азаматтар диализбен өздерінің өмірін ұзарта алады. Ал бауырға, жүрекке, өкпеге, өкінішке орай, ондай аппарат жоқ.

Еуропалық ағза донорлығы және трансплантациясы күні әлемде кеңінен аталып өтеді. Оны біздің еліміз де қолдап, жыл сайын түрлі науқандар ұйымдастырады. Мәселен, кеше кешкі сегіз шамасында мәйіттік донорлықты қолдау мақсатында Астанадағы зәулім ғимараттардың шамы жағылды. Науқанды Талдықорған, Қарағанды және Ақтөбе қалалары қоштады. Ал бүгін «Асыл қадам» аллеясында тал егу жұмыстары қолға алынды.

Назгүл Жілгелдина, ҚР ДСМ транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары: - Басты мақсатымыз қоғамның, азаматтардың көңілін бөлу. Сондай мәселе бар екенін, 5 мыңға жуық азамат мұқтаж екенін деп, сондай акциялар жүргізіп жатырмыз. Балалар арасында сайыс өткіздік, диализ , трансплантация өткен балалардың арасында сурттен, эссе жазудан. Белсенділерін 26 қыркүйекте ЮМС ұйымында балаларды марапаттадық.

Бір ғана мәйіттік донор бірнеше адамның өмірін сақтап, тағдырына әсер ете алады. Елдегі трансплантацияны күту парағында тұрған мыңдаған науқас үшін бұл өте маңызды. Дер кезінде қабылданған ізгі шешім бірнеше ғұмырды арашалап қалатыны сөзсіз.

Альмира Оразбай, Мұрат Арипханов, Ержан Қанапияұлы

 

0 пікір
Мұрағат