Көлікке жалған нөмір таққандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін
Көлікке жалған нөмір таққандар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін
9 сағат бұрын 40 islamnews.ru 24.kz kaz.inform.kz Балжан Смаилова, Рыскелді Сәрсенұлы, Тастан Тоянов

Құзырлы орган бұл ұсынысты қарастыруға дайын.  

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көлікке жалған мемлекеттік нөмірлерді таққандарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қылмыстық кодекстің 386-бабы мемлекеттік нөмірлерді қолдан жасау мен оларды сату мәселесін ғана реттейді. Ал жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдалану қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болғанына қарамастан, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабына сәйкес, жалған нөмірді қолданған тұлға 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ол айыппұлды төлеп құтылады. Ал мұндай жағдайлардың салдарынан адамдар қаза тауып жатыр. Егер құқық бұзушылық қайталанса, 20 АЕК айыппұл салынады немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру көзделген", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың сөзінше, жол-көлік оқиғаларынан көптеген адам қаза тапты. Бақытжан Базарбек мұндай құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынып отыр.

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәселенің өзекті екенін жасырмады. Айтуынша, ведомство ұсынысты қылмыстық заңнаманы қайта қарау аясында пысықтайтын болады.

Балжан СмаиловаБалжан Смаилова

Қазақстанда электромобильдерге бөлек нөмір беріледі

Мұндай тосын жаңалықты Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.  

Оның сөзінше, ІІМ экологиялық көліктер үшін жасыл түсті фонмен ерекшеленетін арнайы нөмірлерді енгізу мәселесін пысықтауда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, елімізде электромобильдер үшін жаңа үлгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін енгізу жоспарланған. Бұл қадам электромобиль иелері тап болып жүрген техникалық мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

– Электромобильдердің мемлекеттік нөмірінің фонын өзгерту қажет. Әлемде қалыптасқан тәжірибе бар, олар жасыл түске боялады, сондықтан бұл мәселе қарастырылып жатыр және қолдау тапты, – деді ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов.

Шыны керек, электромобильдер қозғалысын реттейтін заң күшіне енсе де, іс жүзінде айтарлықтай қиындықтар туындап келеді. Қолданыстағы автоматты тіркеу жүйелері, тұрақтар мен экобекеттердегі камералар көбіне электромобильді басқа көліктен техникалық тұрғыда ажыратуға қауқарлы емес.

Мәжіліс депутаты Арман Қалықов бірнеше себептен электрокар иелері өз жеңілдіктерін пайдалана алмай отырғанын алға тартады. Мәселелер көбіне ақылы тұрақтарға кіру кезінде, қуаттау станцияларында орын алу әрекетінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арқылы өту уақытында және жол полициясы қызметкерлерінің көлікті сәйкестендіруі жағдайларда туындайды.

Сондықтан да, Мәжілістің Экология жөніндегі комитеті нөмірлер үшін бөлек фон түсін пайдалануды ұсынған.

Ескерте кетерлігі, 2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап Қазақстанда электромобиль иелеріне коммуналдық ақылы тұрақтарда тегін тұру құқығын беретін заң күшіне енді.

Бүгінде жеңілдік құқығын растау үшін жүргізушілер құжаттарды өзі көрсетеді. Ал түрлі-түсті нөмірлерді енгізу бұл процесті автоматтандырып, экологиялық көлік иелерінің жұмысын жеңілдете түседі.

Рыскелді Сәрсенұлы

Жедел жәрдем мен автобустар жол ережесін бұзғандарды тіркейтін болады

Мәжілістің жалпы отырысында  жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістер қаралуда.  Халық қалаулылары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «24KZ».

Құжатқа сәйкес, енді жедел жәрдем көліктері, мемлекеттік органдардың автокөліктері және қоғамдық тасымалдаушылар арнайы сертификатталған құрылғылармен жабдықталады. Бұл құрылғылар жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін болады. Жаңа жүйе жолдағы тәртіпті бақылауды күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бастама жеке деректерді қорғау тетіктерін жетілдіруді де көздейді. Заң жобасы толық қабылданған жағдайда, аталған өзгерістер еліміз бойынша кезең-кезеңімен енгізіледі.

Елімізде автомектептерге қойылатын талаптар күшейеді

Қазақстанда автомектептерге қойылатын талаптар күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды «24KZ».

Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Сонымен қатар, рұқсат алған автомектептердің бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру ұсынылып отыр. Тізілімді жүргізуді ҚР Ішкі істер министрлігіне бекіту ұсынылады.

Төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілерге мемлекеттік қызметтер шектелуі мүмкін

KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар тұлғалар туралы ақпарат алатын болады. Тиісті норма жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілген

Атап айтқанда, заң жобасында медициналық деректерді ІІМ-нің автоматтандырылған жүйесіне біріктіру ұсынылады. Бұл көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды жібермеу мақсатында қолға алынбақ. Мұндай жағдайларда тиісті диагноз қойылған сәттен бастап жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.

Сонымен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында төленбеген айыппұлдар немесе оларды төлеу туралы нұсқамалар болған жағдайда бірқатар мемлекеттік қызметтерді алу шектеледі.

Бұдан бөлек, заң жобасы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйесін кеңейтуді көздейді. Бұл автожолдарда және мемлекеттік органдардың көліктерінде, жедел жәрдем қызметінде, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушыларда орнатылатын техникалық құралдар арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылауды күшейтуге бағытталған.

Айта кетейік, елімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында жоспарлы түрде ауқымды профилактикалық рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

0 пікір
Мұрағат