Жер учаскесінің кадастрлық құнын белгілеу мен бекіту жеңілдеді
Жер учаскесінің кадастрлық құнын белгілеу мен бекіту жеңілдеді
8 жыл бұрын 4116 khabar.kz З.Байжігіт, А.Отызбаев

Қызмет көрсету саласындағы өзгеріс туралы. Жер учаскесінің кадастрлық құнын белгілеу мен бекіту жеңілдеді.  Бұрын мекемеден құжат алу үшін екіншісінен анықтама сұратылып, әрі-бері сабылсақ, енді бұл қызметтің екі түрі бір жерден реттеледі. «Азаматтарға арналған үкіметтегі» жаңашылдық туралы келесі бейнематериалда. Бұған дейін Фараби Қалдыбиев сияқты астаналықтар жер учаскесінің кадастрлық құнын белгілеп, кейін бекіту үшін әр есікті бір қағып, мекемелердің табанын тоздыратын. Енді бұл жұмыс оңтайландырылды. Барлығын Халыққа қызмет көрсету орталығынан тындырып қайтуға болады.  Фараби Қалдыбиев, Астана тұрғыны - Естуім бойынша, мен бірінші ЦОН-ға документ тапсыруым керек болатын. Кейін құжаттарды алып, бекіту үшін әкімшілікке баратынмын. Осы жерге келгенде оператор маған айтты екі қызметті бірге қосып тапсыруға болады екен. Осылайша ары-бері сабылмай, бір ғана өтініш жазып, мәселені шешуге болады. Жер телімінің кадастырлық құны белгіленіп, бекітіледі.  «Азаматтарға арналған үкімет» – мемлекеттік корпорациясы іске қосқан тәжірибелік жоба. Тұрғындардың уақытын 5 күнге дейін үнемдейді. Ал мұндай бірыңғай жүйеде жұмыс істеу үшін корпорация  Жер кадастры мен жылжымайтын мүлік орталықтарын бір дирекцияға біріктірді. Құжат рәсімдейтін екі мекеменің енді ортақ мәлімет базасы құрылмақ. Бақыт Әбішев, Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру дирекциясының директоры: - Бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастрын жасауымыз керек. Жер кадастры және құқық кадастры екеуін біріктіріп, оңтайландырамыз. Бірыңғай база жасаймыз. Бұл есеп жұмыстарын жүргізуге, әлеуметтік мәселелерді жоспарлауға едәуір жеңілдік туғызады. Корпорациядағылардың айтуынша, екі мекеме қосылғанымен бірде-бір қызметкер қысқартылған жоқ. Тек 6 мың адамның 300-іне жаңа жұмыс ұсынылып, ауыстырылды. Мөлдір Бекмұрзаева, жетекші маман: - Бірігудің ешқандай қызметкерлер үшін өзгерістері болған жоқ. Жұмыс орнымызда қалай жұмыс істедік, солай жұмыс істеп жатырмыз. Жаңадан құрылған дирекция енді өз құзыретіндегі қызметтердің сапасын арттырмақ. Мәселен, алдағы уақытта жылжымайтын мүліктің техникалық төлқұжатын электронды түрде беруді көздеп отыр.  Айтпақшы, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы 2017 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтің 500-ден астам түрін көрсететін болады.

 

0 пікір
Мұрағат