Ислам дінін жоққа шығарған астаналық пастор 2 жылға сотталды
Ислам дінін жоққа шығарған астаналық пастор 2 жылға сотталды
8 жыл бұрын 3345

Астана қалалық соты бүгін “Жетінші күн адвентистері” шіркеуінің мүшесі Ықылас Қабдуақасовты “діни алауыздық қоздырды” деп айыптап, екі жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды Азаттық.

Судья осылайша прокурордың бұған дейін Сарыарқа аудандық сотының Қабдуақасовқа шығарған үкіміне қарсылығын ішінара қанағаттандырған. Қабдуақасовқа жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім кесілді. Сот Қабдуақасовтың адвокаты Гүлмира Шалдықованың пасторды ақтау туралы шағымын қанағаттандырмай тастады. Қабдуақасовты сот залынан қамауға әкеткен.

Еске сала кетсек, Қабдуақасов ислам дінін жоққа шығарып, қоғамда үлкен наразылық тудырған болатын. Тергеу материалдарына қарағанда, Ықылас Қабдуақасов Ислам дінін Мұхаммед пайғамбардың ойлап тапқанын айтып, діни алауыздық туғызыпты.

Сарыарқа аудандық 2-соты қарашаның 9-ы күні Қабдуақасовты «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бабы (бұрынғы кодексте – 164-бап) бойынша айыпты деп танып,бас бостандығын жеті жылға шектеген.

Кейін Шалдықова сот үкіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты ақтау туралы апелляциялық шағым түсірген және сот материалдарындағы пасторды “діни алауыздық тудырды” деп айыптауға дәлел ретінде ұсынылған бірнеше аудио таспаны қайта тыңдауды сұраған. Прокурор К.Қамалбек адвокаттың өтінішіне қарсылық білдірсе де судья “сот тергеуін қайта қозғауға” қаулы етіп, аудио таспаны қайта тыңдатқан.

Прокурор Сарыарқа аудандық сотының үкіміне қарсылық білдіріп, Қабдуақасовты 6 жылға соттауды сұраған.

Гүлмира Шалдықова Азаттыққа бүгінгі сот үкімін “тым қатаң жаза” деп бағалап, үкімге келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта Жоғарғы сотқа шағымдану жайын Қабдуақасовпен ақылдаспақ.

Тергеу материалы бойынша, Ықылас Қабдуақасов 2014 жылдың қарашасы мен 2015 жылдың тамызы аралығында Астанада жалға алған пәтерлерде Еуразия университеті студенттеріне дәріс оқыған кезде «діни алауыздық тудыратын» пікір айтқан. Ол биыл тамыздың 14-і күні ҰҚК-нің Астана қаласындағы тергеу абақтысына қамалған. Ықылас Қабдуақасов өзіне таққан айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

1 пікір
Мұрағат