Енді QR арқылы криптовалютамен де төлеуге болады
Енді QR арқылы криптовалютамен де төлеуге болады
43 минут бұрын 43 naryk.kz

Қазақстанда іске қосылатын бірыңғай QR төлем жүйесі банктер мен төлем ұйымдарынан бөлек, криптокошельктерге де қолжетімді болады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлық активтер индустриясын дамытуға арналған брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, бірыңғай QR жүйесінің таныстырылымы келесі аптаның соңында өтеді.

«Бірыңғай QR енгізілетінін айтқанбыз. Ол тек банктер үшін ғана емес, төлем ұйымдары мен криптокошельктер үшін де қолжетімді болады», – деді Тимур Сүлейменов.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, криптосервистерді банк инфрақұрылымымен біріктіру жұмыстары басталып кеткен.

Бұл пайдаланушыларға криптовалютаны нақты уақыт режимінде теңгеге немесе басқа фиат валютаға айырбастау арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге мүмкіндік береді.

Министрдің сөзінше, криптобиржалар мен криптокомпаниялар банктермен бірігіп, крипто-фиат шлюздерін құра алады. Мұндай технология криптовалютаны, соның ішінде стейблкоиндарды, төлем жасау сәтінде автоматты түрде фиат ақшаға айырбастайды.

«Бұл интеграциялар қазірдің өзінде бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейінде жүзеге асырылып жатыр және банктердің төлем терминалдарына енгізілуде», – деді Жаслан Мәдиев.

Министр алдағы уақытта нарықта криптовалютаға негізделген жаңа төлем сервистері мен банк карталарының саны артады деп күтетінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы қолданыстағы реттеуші орта мұндай қаржы технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк бірыңғай QR-кодқа негізделген банкаралық төлем жүйесі 2026 жылғы 19 шілдеде іске қосылатынын хабарлаған болатын.

Жобаға құқықтық негіз 2025 жылғы қарашада қабылданды. Құжат аясында ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы құрылып, оның құрамына бірыңғай QR-код арқылы жұмыс істейтін банкаралық төлем жүйесі енгізіледі.

0 пікір
Мұрағат