Енді жанжалдасқан ерлі-зайыпты бір жылда бір-ақ рет татуласа алады
Енді жанжалдасқан ерлі-зайыпты бір жылда бір-ақ рет татуласа алады
10 ай бұрын 642 inform.kz

Солтүстік Қазақстан облысында бірінші жартыжылдықта тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қатысты 830 хаттама толтырылса, шілде мен тамыз айларында ғана 583 факті тіркелген. Бұған себеп – заңнамаға енгізілген өзгерістер. Енді жанжалдасқан ерлі-зайыпты бір жылда бір-ақ рет татуласа алады, дейді ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда сот жанжалқой мен оның әйелін татуластырудан бас тартты.

Сәуір айында Петропавл тұрғыны полицияға хабарласып, үйде жанжал шығарған күйеуінен қорғауды сұраған. 31 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс болатын. Алайда, сот отырысында әйелі күйеуінің түзелемін деген уәдесіне сеніп, татуласқан.

Шілде айында осы отбасыдан полицияға кезекті шақырту түскен. Әкімшілік өндіріс жүргізу барысында ер адам мас күйде үйінде тағы да жанжал шығарған. Әйелі бұл жолы да татуластыруды сұраған. Алайда, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша жыл бойы тек бір рет қана татуласуға болады. Сот қаулысына сәйкес ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

«Осы уақытқа дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі басты мәселе жәбірленушілердің құқық бұзушымен татуласуға дайын тұратындығы еді. Салдарынан жанжалқойлар жазадан құтылатын. Полиция қызметкерлері шілденің 1-нен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін тіркеудің арыз жазу сипатынан анықтау сипатына көшіп жатыр. Шақырту бойынша келген қызметкерлер зорлық-зомбылық белгілері нақты көрінген жағдайда өтініш жазылмаса да құқық бұзушылықты тіркеуге құқылы. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 830 хаттама толтырылса, шілде мен тамыз айлары ішінде 583 факті тіркелді», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Полицейлердің айтуынша, жазаны қатаңдату отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерін айтарлықтай төмендетуге септігін тигізбек.

0 пікір
Мұрағат