ЕЛДЕ ҰШҚЫШСЫЗ БАСҚАРЫЛАТЫН ҰШУ АППАРАТТАРЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ (ВИДЕО)
ЕЛДЕ ҰШҚЫШСЫЗ БАСҚАРЫЛАТЫН ҰШУ АППАРАТТАРЫ ШЫҒАРЫЛАДЫ  (ВИДЕО)
12 ай бұрын 936 24.kz Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мұрат Әріпханов

Отандық ғалымдардың өнімін қазір «Ғылым қоры» қолдап, қаржыландыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын ұшақ әуе қорғанысы, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ өнеркәсібі, геологиялық барлау және іздеу-құтқару жұмыстарында таптырмас құрал болмақ.

Бұл – ұшқышсыз басқарылатын аппарат. Ерекшелігі де сонда. Шағын ұшақ әуеде 4 сағатқа дейін қалықтай алады. Тіпті, бір бағытқа ұшатын болса, 500 шақырымды бағындыратын қауқары бар. Әуеден барлау жасайтындықтан 360 градусқа дейін бұрыла алатын бейнекамерамен жабдықталған.

Айнұр Қуатқызы, тілші: - Біз қазір Астана шетіндегі жазық далада жүрміз. Мұнда отандық ғалымдар жасаған ұшқышсыз ұшу аппаратын кезекті рет ұшырып сынамақ.

Міне, бұл ұшатын құрал осылайша бұған дейін де бірнеше мәрте сынақтан өткен. 70 шақырымға дейін операторлармен байланыста болып, фото-видео жасай алады.

Жоба авторының айтуынша, ұшу аппаратына қазірдің өзінде сұраныс түсе бастаған.

Ғани Байсейітов, жоба авторы: - Біз ұшқышсыз көлікті әзірлеу үшін шамамен 10-15 жыл түрлі зерттеулер жүргіздік. Басында тек әскери мақсаттағы құрал ретіндегі жоба болатын. Кейін өзге де салада пайдалануға болатын аппарат етіп жасап шығардық. Әрі шетелдік осыған ұқсас құралдардан әлдеқайда арзан болмақ.

Ұшқышсыз ұшу аппараты осыған ұқсас шетелдік құралдардан еш кем түспейді, - дейді мамандар. Керісінше, техникалық сипаттамасы жағынан өзіндік артықшылықтары бар.

Айдос Қалқабек, бас инженер: - Мына көріп тұрған апараттарыңыз – өзіміздің өнім, 100% компазиттік материалдардан өз қолымызбен жасап шығардық. Бұл аппараттың салмағы – 12 кг, көтеретін саламғы – 4 кг, ұшу биіктігі – 4 шақырым, 120 км/сағ ұшады.  Ал бұл аппарат, айта кететін болсам, ауыл шаруашылығыңда, мұнай құбырларын, электр жүйелерін және әуе қорғаныс күштерінде қазіргі заманда таптырмас аппарат болып саналады. 

Ғалымдардың бұл еңбегі қазір жоғары бағаланып отыр. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылымды коммерцияландыру сатысынан сәтті өтіп, өндірісі қыза бастаған.  

Серік Сәдуақасов, «Ғылым қорының» бас жобалық менеджері - Қазірде мемлекет тарапынан отандық ғалымдарға көп қолдау жасалады.  Мысалы, осы жоба да Ғылым қоры арқылы қаржыландырылып, өндіріске бағытталды. Өндіріске қажет барлық құрал-жабдықтар алынды. Жобаны жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бүгінде ғылыми жобаны отандық ғалымдар патенттеп алған. Пилотсыз ұшақтың нәтижелі жұмысымен танысатын күн де алыс емес.  

 

0 пікір
Мұрағат