Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы 6,35 триллион теңгеге жетті және ол қаражат қайда жұмсалады
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы 6,35 триллион теңгеге жетті және ол қаражат қайда жұмсалады
8 жыл бұрын 2518 khabar.kz Ж.Баман, Ә.Әлиев

Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады. Бұл – 10 млн 150 мың адамның жеке салымдары. Осы салымдар бойынша биылғы таза инвестициялық кіріс 379 млрд теңге шамасында, бұл былтырғыдан 222 млрд-қа артық. Ал осы 6,35 триллион теңгенің 65 миллиарды инновациялық жобаларға жұмсалады.  Бұл – қордағы барлық қаржының шамамен 1 пайызы.
Халықтың қаржысы «ЭКСПО» көрме кешенін салуға кетеді деген ақпар рас па? Зейнетақы қорынан қанша ақша алынды және ол қашан қайтарылады? Қазақстанның даму банкінің басқарма төрағасы Болат Жәмішев арнайы брифингте осы сауалдарға жауап берді.  Жуырда қазақстандықтардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты «ЭКСПО» нысандарын салуға жұмсалады деген ақпарат тарап, халық арасында талқыланған еді. Қордан қарыз алған Қазақстанның даму банкі өкілдері бүгін мәселенің мән жайын түсіндірді. Айтуларынша, салынатын «Mega Silk Way» орталығының халықаралық көрме нысандарына еш қатысы жоқ. Ол – елдің туристтік әл ауқатын көтеруге арналған жоба.  Зейнетақы қорынан алынған 15 миллиард теңге жоғары пайызбен «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамына берілді. «Инвестициялық салым өз тиімділігін көп күттірмейді», – дейді банк төрағасы. Болат Жәмішев, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы: - Зейнетақы жинақтары болсын, мемлекеттік бюджет немесе ұлттық қор қаражаты инвестицияланып, әрдайым айналымда болуы тиіс. Жай жатқан ақша пайда әкелмейді. Зейнетақы қорынан қарызды біз 15 пайызбен алып, 16,5 пайызбен 15 жылға «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамына бердік. Яғни, осының өзінен мол кіріс кіреді. Мега орталығын салу жобасы ең алдымен туристерді тартуға бағытталған. Ол сауда кешені болғандықтан, құйылған қаржыны қысқа мерзімде қайтарады. Ал пайда зейнетақы қорына оралады. Жалпы Қазақстан Даму банкі биыл зейнетақы қорынан 65 миллиард теңге қарыз алған. Ол мемлекеттік индустриялдық-инновациялық жобаларға жұмсалмақ. Айтып өткеніміздей, 15 миллиард теңге Мега орталығына, 17,5 млрд жүк вагондары құрылысына және 30 миллиард теңге өнім экспорттаушы отандық зауыттарды қаржыландыруға кетеді. Болат Жәмішев, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы: - Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға тек зейнетақы қорының қаржысы ғана емес, ұлттық қор мен бюджеттің, сондай-ақ даму банкінің қаражаты жұмсалады. Биыл он жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Олардың бесеуі – жұмыстарын енді бастап жатқан кәсіпорындар мен зауыттар. Ұлттық қор мен бюджеттен және даму банкінен бөлінген 160 миллиард теңгеге зейнетақы қоры қаржысын қосқанда барлығы 225 миллиард теңге болды. Бұл ақшаға биыл тағы Шығыс Қазақстанда су электр станциясы және ет өңдеу кешені, Ақмола облысында 60 мың тонна өнім беретін құс фабрикасы, Шымкентте көлік логистикалық орталығы құрылысы жүргізілмек. Айта кетері, Қазақстанның даму банкі жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасына да атсалысуда. Олар еліміздің банктермен бірге биыл 28 миллиардтай теңгеге 7345 автонесие берген.  



0 пікір
Мұрағат