Баспананы сатып алу-сатуды бұдан былай ХҚКО-да жүзеге асыруға болады: Мұның қандай артықшылық-кемшілігі бар?
Баспананы сатып алу-сатуды бұдан былай ХҚКО-да жүзеге асыруға болады: Мұның қандай артықшылық-кемшілігі бар?
5 жыл бұрын 2654 nege.kz ipotekablog.kz

2020 жылдың 26 ақпанынан бастап сату және сатып алу келісімшарты бұрынғыдай нотариуста емес, ХҚКО-да рәсімделді. Бұл өзгеріс нотариус өкілдеріне қалай әсер етеді? Келісімшартты ХҚКО-да жасату үшін нені білу керек? Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

Нотариус Гүлзира Жақсылық сатып алу және сату келісімін ХҚКО-да рәсімдеу тиімсіз екенін айтады. 

"ХҚКО-да жасалған келісімшартқа сенім жоқ. Ол жақта ешкім жауапкершілігіне алмайды. Құжаттардың жоғалып кету қаупі жоғары. Ал бізде 20-25 жылдан бері сақталған құжаттар мен келісімшарттар бар. Біз көзіміздің қарашығындй сақтап, қайда көшсек сонда арқалап алып барамыз. Ал жұмысымызды тоқтататын болсақ, архивті толықтай мемлекет мүлкіне өткіземіз. ХҚКО-да бүгін бір адам отырса, ертең басқа адам отырады. Ал бізде клиент өз қолындағы құжатты жоғалтып алса, көшірмесін жасауға мүмкіндігі бар. Нотариалды палатаға барып өткіземіз", - дейді Гүлзира Жақсылық.

"Бізде келісімшарт 32 000 теңгеге жасалатын болса, ол жақта 8000 теңге болады. Көбі арзандығына қызығып барады. Бірақ, ХҚКО таңдаған адамдар соңынан өкініп қалуы мүмкін. Ал келісімшарттың қауіпсіздігін ойлаған адам, қанша ақша болса да бізде жасатқан тиімді екенін біледі", - дейді Гүлзира Жақсылық. 

Сондай-ақ, бұл өзгерістің нотариусқа тигізер зияны бар екен жасырмайды. Клиенттердің азайғаны нотариалды контораларға да керек емес. Бірақ, нотариустың жұмысы сапалы екені уақыт өте келе көрінеді дейді маман. 

Сатып алу-сату келісімі туралы толық ақпарат egov.kz сайтында берілген. Төмендегі мәліметтерден келісімге отырмай тұрып, сіз білуіңіз керек ақпарат жазылған. 

Сатып алу-сату келісімін рәсімдеу процесін бастамастан бұрын cіз сатып алатын үйдің заңдылығына және сатып алғаннан кейін ешқандай проблеманың туындамайтындығына көз жеткізіп алуыңыз қажет. Сондықтан, сатушыдан мынадай құжаттарды көрсетуін талап етіңіз:

– Жылжымайтын мүліктің кепілге қойылмағандығы туралы анықтама.
Бұл анықтама үйдің кепілдікке қойылмағандығы, үйді сатуға тыйым салынбағандығы, осылайша меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке иелік етуге толық құқының бар екендігі туралы деректі растайды.

– Пәтерге құқықорнатушы құжаттар (сатып алу-сату, айырбастау, сыйлау, жекешелдендіру келісімі; мирас етуге құқық туралы куәлік; меншік құқы туралы куәлік; жария саудалардан сатып алу туралы акт; меншік құқын растаушы, соттың күшіне енген шешімінің көшірмесі; тіркеу куәлігі. Тіркеу куәлігін Мемлекеттік корпорация бермейді. Бұрын бұл құжатты техникалық түгендеу бюросы берілетін.
Электрондық тіркеуді қоспағанда, құжатта тіркеуші органның мөртабаны тұрғанына міндетті түрде көз жеткізіңіз.  Мәмілені, мұраға құқық туралы куәлікті, меншік құқығы туралы куәлікті нотариалды куәландырғаннан кейін жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеден құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсетін құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі негізінде жүзеге асырылады. Электрондық тіркеу кезінде құжатқа мөртабан қойылмайды.

– Пәтерге техникалық жоспар.

Нақты жоспарлау осы жоспарда көрсетілген жоспарлаумен дәл келуі тиіс. Өйтпегенде cіз қайта жоспарлауды заңдастырмай пәтерге мүлікке құқықты тіркей алмайсыз.

Осыдан кейін келісімді рәсімдеуге кірісуге болады. Егер де барлық соманы бірден төлеуге шамаңыз жетпесе, кепілақы туралы келісім жасалады.

Жылжымайтын мүлікпен байланысты келісімнің шамамен 90%-ы нотариалдық кеңселер арқылы жасалады. Алайда, заң бойынша мұны жасау міндетті емес, келісімнің жазбаша үлгісінің өзі жеткілікті. Келісім жасалғаннан кейін сатушы мен сатып алушы өз арасында есеп айырысады. Есеп айырысқанда банктердің көмегіне жүгінген дұрыс, онда қолма-қол немесе есеп шотқа аудару арқылы есептесуге болады.

Келісімшартты ХҚКО-да жасату үшін нені білу керек? ХҚКО-ның қызметкерінің өзінен сұрап көрдік. 

"Мекемеге келген соң өзіңіз туралы және сатып алатын адам туралы, сататын мүлкіңіз туралы барлық мәліметті жазасыз. ХҚКО-ның кеңсесі мәлімметтерді және қолды тексерген соң базаға өтеді. Содан кейін сатып алатын адам жылжымайтын мүлікті өз атына тіркейді. Осы қызметке төленетін комиссия көлемі сіздің не сататыныңызға байланысты. Пәтер сататын болсаңыз - 1 073 теңге 07 тиын. Келісімшартты рәсімдеу үшін екі жақ та өтінішіті беру керек", - дейді ХҚКО қызметкері.

Қазаққа қайсысы жайлы: Пәтер ме, әлде жер үй ме?

Пәтерде тұратындар жер үйді армандайтынын, ал жер үйде тұратындар кейде пәтерге көшуге де кет әрі емес екенін білесіздер ме? "Адамға ештеңе жақпайды" деп бекер айтпаса керек. Ал сырт көзбен бақыласақ, қайсысы анағұрлым пайдалы?

Пәтер үйде болмайтын, түнде ұйықтауға ғана келетін жандар үшін жайлы шығар деп жазады, ИпотекаБлог. Ал отбасы мүшелері көп, жерге бауыр басып қалғандарға жер үй ыңғайлы десе де болады. Бірақ, таразының екі жағына қандай артықшылықтарды қоя аламыз? 

Пәтерде тұру: дұрысы мен бұрысы

Статистика комитетінің ресми деректері бойынша 10 млн азамат қалаларда және қалалық жерлерде, ал 8 миллион азамат ауылда тұрады. Қазақстанда урбанизация немесе басқаша айтқанда, ауылдық жерлерден қалаларға көшу процесі жүріп жатыр. Бүгінгі таңда елдегі тұрғын үйдің жалпы саны шамамен 5,1 миллион болады, оның ішінде 3,2 млн пәтер және 1,9 млн жер үй бар. Демек статистика бойынша ел азаматтарының басым бөлігі пәтерде тұратын болып шықты.

Плюс 1. Көршілер

Пәтерде тұрудың бірінші артықшылығы – көршілердің көптігі. Көршілер, әсіресе әжелер сіздің өміріңіздің әр сәтін қалт жібермей қадағалап отырады. Бұл сіздің пәтеріңізге әрдайым көз салып отыратын қосымша күзет бар деген сөз.

Плюс 2. Инфрақұрылым

Үйдің жанында мектеп, балабақша, үлкен және кіші дүкендер, сұлулық салоны және тіпті кафе болуы мүмкін. Егер сізде көлік болмаса да, қаланың кез келген жеріне бару оңай, өйткені аялдамалар әрқашан сізге жақын орналасады.

Плюс 3. Пәтер жаңалау мүмкіндігі

Егер сіз апаттық деп танылған немесе тозығы жеткен үйде тұрсаңыз, жаңа пәтерге тегін көшуге болады! Әкімдік сізге көмектеседі. Ал жер үйде өкінішке орай, жыртығыңызды тек өзіңіз жамайсыз.

Плюс 4. Аула тазалығы

Пәтердегі өмір қыста тамаша — ауланы қардан тазартудың қажеті жоқ. Пәтер иелері кооперативі бұл жұмысты өз мойнына алған. Жер үй тұрғындары дәл осы тұста пәтерге қызыға қарайды.

Плюс 5. Байланыс

Су, газ және жарық сияқты коммуникациялар дайын болады. Оларды өзіңіз жүргізбейсіз. Бұзылып жатса, арнайы қызмет келіп жөндеп береді. 

Пәтердің де өз бұрыстары бар. Онсыз болмайды:

Минус 1. Көлік тұрағы

Бірінші минус – көліктің кіріп-шығуы мен оны тұраққа қою. Көліктер саны артқалы бері, аулада орын табу мүмкін емес. Паркинг бар болса, оны сатып алып, қосымша шығындалу қажет.

Минус 2. Пәтер аумағы

22 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде жүріп-тұру қиынның-қиыны. Әрине, шағын пәтер уақытша таңдау болуы мүмкін. Оны сатып, қаржы қосып, не ипотека алып, үлкен әрі жайлы баспанаға айналдыруға болады.

Минус 3. Коммуналдық төлемдер

Коммуналдық төлемдердің қымбаттығы – айтарлықтай минус. Шынында да, су, электр, газ, қоқыс шығару және басқа шығындарды төлеуден басқа, подъездерді, шатырларды, үйді күтіп-ұстау және басқа да ортақ үй қажеттіліктерін жөндеу үшін кететін шығындар бар.

Минус 4. Шу

Көп қабатты үйлерде, әсіресе дыбыстық оқшаулауы нашарлау панельді ғимараттарда шу өте көп болуы мүмкін. Сізге тыныштық қажет болса, пәтер жаныңызды күйзелтіп жібереді. Көршілердің әңгімесін үйде отырып, естіп жүру кімге ұнайды? 

Ал енді жер үйдің бар сырын ақтарсақ. Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Алдымен дұрысын саралайық:

Плюс 1. Таза ауа

Әдетте, егер адам жеке үйде өмір сүруді таңдаса, онда ол қаладан тыс жерде тұруды жөн көреді. Онда сіздің ауаңыз таза, аулада самал жер ұрып тұрмақ. Денсаулыққа да, көңіл-күйге де жағымды фактор.

Плюс 2. Үйдің аумағы

Орташа алғанда, пәтердің ауданы 40-100 шаршы метрді құрайды десек, үйлер одан үлкендеу келеді. Сонымен қатар, екінші, үшінші қабат қосып өсе беруге ешкім кедергі емес.

Плюс 3. Бау-бақша

Өз бақшаңның жемісі мен көкөнісін жеуге не жетсін шіркін! Экологиялық таза өнімдер, даладағы жұмыс сіздің денсаулыңығызға ғажап әсер етеді.

Плюс 4. Коммуналдық төлемдер

Жер үйдегі коммуналдық төлемдер көлемі сіздің қажеттіліктеріңізге байланысты болып келеді. Сіз өзіңіз пайдаланған ресурстар үшін ғана төлейсіз. Есептегіштерді қойып, нақты жұмсалған нәрсеге ақша төлеу әсіресе тиімді емес пе.

Плюс 5. Үнсіздік және тыныштық

Қала сыртындағы үйдің тыныштығы керемет. Қонақ шақырып, ештеңеге алаңдамай уақытты көңілді өткізе аласыз. Көршіңіз "қой" демейді, әжеңіз "әй" демейді. 

Бірақ масаттануға әлі ерте. Жер үйдің де кемшіліктері бар. Оғанда тоқтала кетсек:

Минус 1. Инфрақұрылым

Жер үйге көп жағдайда көлік қажет болады. Метро, автобус сынды қоғамдық көлікті пайдалана алмайсыз. Көлігіңіз бұзылып қалса, трассаға дейін жаяу жүріп қиналуыңыз мүмкін.

Минус 2. Өзіңе ғана сену

Сіз үшін қарды ешкім тазартпайды. Сондықтан ерте тұрып жұмысқа кірісуге тура келеді.

Минус 3. Жол

Егер жол нашар болса, онда сорыңыз қайнайтыны хақ. Жаңбырда, көктемде балшық болып жататын жерлерден өтіп, күнара көлікті жууға тура келеді. Киіміңіз де былғана беретін болады.

Минус 4. Байланыс

Әдетте, қаладан алыс жерде байланыс нашарлай түседі. Сонымен қатар, кабельдік интернет пен теледидар қосу мүмкіндігі шамалы болады. 

Осының бәрін оқып, дұрыс шешім қабылдай аласыз. Ең бастысы, қайда тұрсаңыз да, баспанаңыз сізге қуаныш сыйлауы керек. Хан сарайындай зәулім үйде тұрса да, өзін бақытсыз сезінетін бейбақтар бар, өзгенің лашығын жалға алса да, бақыттан басы айналып отырған отбасы бар. Сіз кім болғыңыз келеді?  

0 пікір
Мұрағат