Мал бағатын дрон пайда болды (видео)
|

Израилдің BeeFree Agro стартапы ірі қараның табынын бағатын, дәлірегі, жайылымда бақылайтын әрі басқаратын, дербес жұмыс істейтін дрондар жүйесін іске қосты. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде israel21c дерек көзіне жөн сілтеген NEWSru.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ноам Азран Калифорния мен Аргентинаның мал шаруашылығының басы-қасында он жыл жүрген кәнігі маман. Енді ол миллиондаған ірі қараны қадағалауға мүмкіндік беретін осы заманғы озық технологияның израилдік стартапына жетекшілік етеді. Ноам Азран іргетасын қалаған BeeFree Agro компаниясының өнімі – дрондар автономды (дербес) жұмыс істейді. Дәлірегі, олар бұйрықты күтпей өз бетінше жұмыс істей алады. Аталмыш компанияның дрондары кәдімгі стандартты аппарат, алайда, оны бағдарламалық жасақтамасы ерекшелейді. Дәлірегі, жасанды зердемен жабдықталған дрон тек тұтас табында емес, әр сиырды қадағалайды. Айрықша жүйе алғаш рет қаңтар айында Бразилия аумағындағы мал шаруашылығында іске қосылды - қазіргі уақытта ол шамамен 3 миллион ірі қара мал басын басқарады. Бірақ, бұл теңіздегі тамшы десе болады, өйткені, әлемде бір миллиардқа жуық ірі қара мал басы бар. Әлем халқы санының артуына қарай 2050 жылға қарай сиыр етіне сұраныс екі есе артады. Қазіргі уақытта аталған компания күллі әлем бойынша сиыр етінің төрттен бір бөлігін өндіретін JBS, Marfrig, Cargill және Minerva атты ет өңдейтін, аса ірі компаниялармен ынтымақтастықты жолға қойған.
BeeFree компаниясының видеосы:




