Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енгізген кереметтері (фото)
Қытай қазақтарының Гиннестің рекордтар кітабына енгізген кереметтері (фото)
9 жыл бұрын 7491

BAQ.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, қытай қазақтары да өзге қандастарымыз секілді әлемге қазақ атын паш ету үшін шелектеп тер төгіп келеді. Толайым табыстары да тамсандырмай қоймайды - талайы Гиннесс рекордтар кітабына да енді. Ал, бас бармақтан бастап бүгіп, солардың бірнешеуін санамалап көрейік:

 

1111 метр қазы

Бірінші, ҚХР-дың ШҰАӨ Тарбағатай аймағының Дөрбілжің қазақ ауданында «Қазақ ұлтының дәстүрлі тағамдары» жәрмеңкесінде Гиннестің рекордына қазақтың қазысы ұсынылды. Бұл қазыны жасаған - Емілдің іскер азаматы Жарқын Бармақұлы. Қазының жалпы ұзындығы 1111 метр. Ал салмағы 4572 кг. Суреттегідей диаметрі 6.5 метр алып табаққа қойылған кезде айналма қабаты 71 қатар, ал биіктігі 4 метрге жеткен. Жалпы қазыны жасап шығуға 44 жылқының еті кеткен көрінеді.

Бір қызық дерек, осы қазының тек он метрі бәссаудада сатылыпты. Қызу бәсеке барысында 10 метрлік қазыны бір кәсіпкер ұйғыр азаматы 12700 долларға дейін көтерсе, «Жібек жолы» компаниясының директоры Майра есімді қазақ қызы 14200 долларға дейін, ал тағы бір қытай азаматы 16000 доллар шығаратынын айтқан. Ең соңында «Сая» өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы 20000 долларға жуық жоғары бағамен сатып алған. Небары, 10 метр қазының осындай бағаға сатылуының өзі бір рекордқа татитыны рас.

 

Етегі 50 қатпарлы көйлек

Екінші, Шыңжаң қазақ мәдениеті ғылыми қоғамы ұлттық киім-кешек, қолөнер, кестешілік тобының басшысы Зиятхан Айдарханқызының мұрындық болуымен еуразиялық киім көрмесіне апарған ұзындығы - 3,37 метр, етегінің кеңдігі-12, 30 м, 50 қатпарлы үлкен қазақ көйлегі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.

 

Ең кішкентай домбыра

Үшінші, Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Домбыраның ұзындығы - 4 сантиметр 5 миллиметр, ені - 1 сантиметр 4 миллиметр. Оны жасаған 29 жастағы Болатбек Кәрімханұлы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы Егізтөбе ауылында дүниеге келген. Мамандығы - электрик.

 

Ең үлкен таба нан

Төртінші, Шанхайдағы қазақ шеберлері пісірген «Ең үлкен таба нан» Гиннесстің рекордтар тізіміне енген. Таба нанды пісіруге 8 қап ұн, 97 литр сиыр сүті, 200 жұмыртқа, 6 келі сары май жұмсалған. Бұл таба нанның диаметрі - 2,53 м, қалыңдығы - 14,5 см.

 

56 түрлі Алтай қазақтарының шайы

Бесінші, Алтайда (Қытайда) қазақтар 56 түрлі шай даярлап, Гиннесс рекордтар кітабына енгізген.

Алтай қалалық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің бастығы Серік Әбдіғали шайды үш тоққа бөледі. «Біріншісі - дәстүрлі шай. Оған әдетте ішіп жүретін сүт қосылған шайдың түрлері жатады. Олар - қызыл шай, кемпір шай, бала шай деген секілді болып кете береді. Ал екіншісі - мәнерленген шай. Яғни, тары салынған, ірімшік салынған, май қатқан, сүйек қосылып қайнатылған шайдың түрлері. Үшіншісі - дәрілік шай түрлері. Оған әртүрлі дәрілік өсімдіктер қосылып қайнатылған шайдың түрлерін жатады» деп сипаттайды ол.

Осылай кете береді. Бұған дейін «Кеңес» күйін 10 мың шыңжаңдық қазақтың жиналып, бір мезетте тартуы рекорд ретінде тіркелген. Тағы да 10 мыңнан астам адам «Қара жорға» биін билеп, Гиннестің рекордтар тізіміне енгені мәлім. Бізге беймәлім рекордтар да бар шығар, осылардың барлығы қазақ мәдениетіні, өнерінің қаншалықты сан-қырлы, көркем, бай екенін көрсетеді.

 

Әлемдегі ең үлкен сырмақ

Қытай қазақтары бұнымен шектеліп қалмады және шектелетін де түрі жоқ. Жақында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы өлкесі Мори ауданындағы қолөнер шеберлері әлемдегі ең үлкен сырмақты басып шықты.

Қытайлық Тяньшань ақпарат порталының жазуынша, ағымдағы жылдың 29 қаңтар күні ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Мори ауданының тігіншілері әлемдегі ең үлкен киіз үй бен сырмақты жасап болып, туристерге көрсеткен.

Диаметрі 32 метр, шеңберінің ұзындығы 101 м, ауданы 803.8 шаршы метр болатын бұл сырмақты жергілікті 33 қазақ тігінші әйел 5 айдай уақыт жұмсап, жасап шыққан. Сырмақтың үлкендігі соншалық, оның үстіне 2000 адам сыйысып, жайғасып отыра алады екен. Сондай-ақ осы елді мекенде әлемдегі ең алып киіз үйдің орналасқанын да айта кеткен жөн.

Бұл киіз үй мен сырмақ, "Ең үлкен қазақ киіз үйі" және "Ең үлкен қазақ сырмағы" екі аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына кіріп те үлгенген.

Бұл керемет туындыны көру үшін, жан-жақтан туристер ағылуда. Соның бірі алыс Хунан провинциясынан келген Ли Фаң есімді саяхатшы: «Бұндай үлкен киіз үй мен сырмақты бірінші рет көріп отырмын. Шынымен таңдай қақтыратындай ғажап туынды екен. Тігістері, оюлары қандай керемет. Бұларды жасап шығу аса жоғары шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Мен қазақ мәдениеті мен қолөнеріне тәнті болдым», - деді ол.

Жобаның бас тігіншісі, жауапты басшысы Айымхан ханым: «Қазақ сырмағының көптеген түрлері бар, бұл гүлді оюмен көмкерілген сырмақ - ең қарапайым түрі. Бірақ бұны жасаудың өзі көп еңбекті талап етеді. Бір сырмақты толығымен басып, ою салып шығу 11 кезеңнен тұрады. Әдетте, бір тігінші әйел ұзындығы 4 метр болатын қарапайым сырмақты жасап шығудың өзіне бір жарым жылдай уақыт жұмсайды. Ал біз осы әлемдегі ең үлкен сырмақты 5 айға жетпес уақытта жасап шықтық.

Жобаға қатысушы, жасы 66-ға жеткен, тәжірибелі тігінші Алтын әжеміз былай дейді: «Қазақ сырмағы көшпенді мәдениеттін бір көрінісі. Ол алып жүруге қолайлы, суыққа төзімді, өзі әдемі және көп жылдар бойы қолданысқа жарамды. Біздің бұл сырмақты тігуіміздегі мақсатымыз - қазақтың осындай керемет мәдениеті мен қолөнерін барша жұртшылыққа паш ету, келесі ұрпаққа жеткізу».

Жергілікті биліктің қолдауының арқасында Қытайдағы бұл аудан қазақ тігіншілік өнерін дамытуды қолға алып отыр. Ауданда 2 тігінші серіктестік, 18 кооператив жұмыс жасайды, 4000-ға жуық жергілікті тұрғын тігіншілік жұмысқа тартылған, әр адам жылына 6 мың юаньнан астам қосымша кіріс табады. Ауданнан шыққан өнімдерді туристер сатып алады, сондай-ақ Қытай нарығында зор сұранысқа ие.

Ербол ЖАНАТ

2 пікір
Мұрағат