Қолмен жазылатын газеттің танымалдылығы мен таралымы артып келеді
Қолмен жазылатын газеттің танымалдылығы мен таралымы артып келеді
2 жыл бұрын 1285 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Адамзат цифрлы дәуірге аяқ басты, баспа өнімдерінің өзі сұраныстан қалып барады, алайда, мына бір кереғарлық еріксіз назар аудартып отыр – қолжаба газеттің Бангладеште танымалдылығы мен таралымы артып келеді. Бұл жайында islam.kz порталы TRT World ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Адам сенгісіз мұндай жағдай енді анықталып отыр, дәлірегі, табысы төмен Бангладештің оңтүстігінде орын тепкен Патуакхали ауданына қарасты шалғай елді-мекендердің бірінде Мұхаммед Хасан Пербез есімді 42 жастағы мұсылман егістік алқабында көзімен көріп келгендерін қағазға түсіреді. Айына екі мәрте шығатын аталмыш мерзімді басылым жергілікті өзен атауының құрметіне “Андхарманик” деп аталады. Ол алдымен газеті қолмен жазып шығады да бірнеше көшірмесін жасатады, яғни, ксерокопиядан өткізеді. Сосын оның әрбіреуін 12 центтен сатады. Оның жаңалықтарын жергілікті жұрт жылы қабылдайды, өйткені, олардың өз өмірінен сыр шертеді. Кейде кейбір жазбалар тұрғындар арасында қызу пікірталас тудырып, ауылдан ары тарап кетеді. Мұндай пікірталас тудырып, елдің арасында үлкен талас-тартысқа соңғы түрткі болған 9 жастағы Рубина деген қыз туралы мақала турасында айта кетпекпіз. 2017 жылы оның әкесі Бенгал шығанағына балық аулауға шыққанымен дауылға тап болып, суға батып кеткен. Қыздың анасы қайғыдан жынданып кетті. Туыстары әйелді үйінде шынжырға байлап ұстайды. Бұл қорқынышты факті, бірақ, психикалық науқастарға медициналық көмек көрсетілмейтін Бангладеш ауылдық жерлерінде кең таралған тәжірибе болғандықтан елдің еті үйреніп кеткен қалыпты жағдай саналады. Әкесі мен анасының қамқорлығынан айырылған Рубина көп ұзамай үй-үйді аралап, қайыр сұрай бастады. Ол анасын, науқас әжесін және үш інісін асырауға мәжбүр болды. Бір күні Рубина Пербездің есігін қақты. Ол онымен сөйлесті, ол өз оқиғасын айтты. Сосын ол туралы мақала жазып, газетінің бірінші бетіне жариялады. Осы мақаладан кейін Рубинаның басындағы аянышты жағдай тез тарап, елдегі ең танымал “Итиади” деп аталатын теледидар ток-шоуына шақырылады. Осы ток-шоудан кейін Рубинаға үй мен жер телімін тарту етеді. Осылайша қолжазба газет талай адамның тағдырына қолұшын созып келеді. Десе де бұл газеттен Мұхаммед Хасан Пербез пайда көріп отырған жоқ. Оның сүйікті ермегі ғана. Ол да күнкөріс үшін балық аулайды немесе жалданып қара жұмысқа жегіледі. «Жазуға мектеп қабырғасында жүргенде ғашық болдым және бұл әдетімді жоғалтқан емеспін. Мен бұрын өлең жазатынмын. Мен 1996 жылы мектепте бітіру емтихандарын тапсыруым керек еді, бірақ, отбасымның материалдық жағдайына байланысты мен оны тапсыра алмадым», деп мұңаяды өзі. Ол ол ма, мектеп аттестатының өзін 2015 жылы 35 жасында алды. Қазіргі уақытта ол Калапарадағы мемлекеттік университет қабырғасында білім алып жүр. Өзі туып-өскен өлкеде баспа өнімдері жоқтың қасы. Міне, осындай себеппен комьютері немесе ноутбугі жоқ ауылда өзі қолжазба газет шығруға мәжбүр болды.

0 пікір
Мұрағат