Мал ұрлағандар енді 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
Мал ұрлағандар енді 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады
2 ай бұрын 292

Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

«Ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мал ұрлығына қарсы іс-қимыл. Осы қылмыс түрі ауыл тұрғындарына айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Мал ұрлығына қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін ІІМ заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылдауда. ІІМ бастамасы бойынша жергілікті атқарушы органдарға мал жаю қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша құзырет берілді. Оған сәйкес малды бақылаусыз жайылымға жіберуге тыйым салынады. Ағымдағы жылдың 10 айында ғана осы бұзушылықтар үшін 36 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды», - деді ІІМ ресми өкілі бүгінгі брифингте.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, Қылмыстық кодекске мүлкін тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жазаны көздейтін «мал ұрлығы»  жеке бап енгізілген. Осы бап негізінде үй-жайларға кіріп мал ұрлайтындарға жаза күшейтілген. Сондай-ақ, бұл бап ұрылардың жәбірленушілермен татуласу арқылы жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге мүмкіндік береді.

«Мал ұрлығының топтық түрімен күресу үшін өңірлерде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарлары мен мал сою орындарында арнайы рейдтер жүргізеді. Жыл басынан бері полиция сегіз жүзден астам мал ұрлығын, оның ішінде 112 қылмыстық топты ұстады. Ұрланған 7 мың малдың 4 мыңға жуығы табылып, қайтарылды. Мәселен, Павлодар облысында құрамында 15 адам бар қылмыстық топ анықталып, 18 мал ұрлығының жасалғаны дәлелденді. Қаскүнемдер аптасына бір рет шаруа қожалығынан 1-2 бастан ірі қара малды ұрлап, содан кейін демалыс күндері Екібастұз базарларында ет сатқан. Ақмола облысында жайылымдарда жүрген малды атып, Нұр-Сұлтан қаласының базарларында ет сатқан топ ұсталды. Жалпы, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда мал ұрлығының саны 38,5%-ға төмендеді. Егер 2016 жылы осындай 7 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2020 жылы 2 мыңнан аспайды», - дейді ол.

0 пікір
Мұрағат