Жыл сайын бір трлн доллар парақорлар мен жемқорлардың "өңешінен өтеді"
Жыл сайын бір трлн доллар парақорлар мен жемқорлардың "өңешінен өтеді"
10 ай бұрын 795 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Әлемнің көптеген елдері жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтан және қаржылық айла-шарғыдан жыл сайын жүздеген млрд доллар зиян көріп келеді. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңалықтар қызметіне жөн сілтеген forbes.kz ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Коррупция қоғамның барлық саласынан – спорт пен мәдениеттен бастап, сот пен денсаулық сақтау және білім беру салаларына дейін жайлап алған. Парақорлықтан бастап жемқорлыққа дейінгі түрлі формада көрініс тапқан коррупциядан аман бірде-бір ел жоқ. Қытай секілді өлім жазасы қолданылатын елдерден бөлек мұндай қылмысқа барғандардың дүние-мүлкін тәркілеуге дейінгі шаралар тиімділігін таныта бермейді. Осыны ескерген Коррупцияға қарсы конвенцияға мүше елдер желтоқсан айының 11-15 күндері аралығында Атлантта (Америка құрама штаттары) арнайы жиын өткізеді. Мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор залал келтіретін бұл құбылыстан әлем жылына бір трлн доллар шығын көреді. Ал жалпы алғанда әлем экономикасы коррупциядан 2,6 трлн доллар шығын көріп келеді. Бұл көрсеткіш жаһандық жалпы ішкі өнімнің бес пайыздан астам үлесімен бірдей. Бұдан бөлек, жемқорлық пен парақорлық етек алған елге инвесторлар келгісі келмейді, осының салдарынан мемлекет экономикасы айтарлықтай зардап шегеді. Ірі банктер ақшаның қандай жолмен келгенін ашып жатуға құлықты емес, банктер ұрлық жолмен келген қаржыны жасыруда маңызды рөл ойнайды. Коррупцияға қарсы конвенцияға мүше елдер жиынында заңсыз жолмен шетел асқан активтерді қайтарудың жолдары қарастырылады. Соңғы 13 жылда қолды болған активтерді трансшекаралық қадағалау процесі нәтижесінде ақша жымқыруға айтарлықтай тосқауыл қойылды. Бұған қоса, 2010 жылдан бері 4,3 млрд доллар мөлшеріндегі заңсыз активтер қайтарылған.

0 пікір
Мұрағат