Елбасы таңдамалы сөздерінің көптомдығы жарық көрді (ФОТО)
Елбасы таңдамалы сөздерінің көптомдығы жарық көрді (ФОТО)
9 жыл бұрын 3463
2014 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Н.Ә.Назарбаевтың қазақ тілінде басылып шыққан таңдамалы сөздері жинағы көптомдығының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды BNews.kz ақпараттық порталы.

Жинақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік-саяси дамуының негізгі кезеңдеріне сәйкес, құрамына 9 кітап кіретін 7 томнан тұрады. Оған Мемлекет басшысының 1989-2013 жылдар кезеңіндегі ең елеулі деген тұғырнамалық және бағдарламалық сипаты бар көпшілік алдында сөйлеген сөздері енгізілген.

Н.Ә.Назарбаевтың жұртшылық алдында сөйлеген сөздері Президенттің ұлт көшбасшысы, саяси қайраткер, мемлекеттік құрылыстың ірі теоретигі және практигі ретіндегі саяси-философиялық көзқарастарының эволюциясы арқылы берілген Қазақстанның ең жаңа саяси тарихы бойынша құнды құжаттық дереккөз болып табылады. Оларда нақты тарихи оқиғалар бойынша да, мемлекеттік құрылыстың, әлеуметтік-экономикалық модернизациялаудың, ұлттық қауіпсіздіктің, халықаралық қатынастардың, мемлекетіміздің даму жолдары мен келешегінің проблемалары бойынша да, оның көзқарастары, пайымдаулары мен бағалаулары көрініс тапқан.

Жинақты Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков басшылық жасаған редакциялық топ әзірлеген. Жұмыс барысында аталған топ Президент Мұрағатының, Тұңғыш Президент Музейінің, Президент Әкімшілігінің қорларында бар елеулі архивтік құжаттардың ауқымын, стенограммалар мен басқа да материалдарды, сондай-ақ бұрын жарық көрген кітаптарды, республикалық және шетелдік баспасөздегі жарияланымдарды зерттеді.

Бұдан басқа, сөйленген сөздер мәтіндердің үлкен көлемін орыс тілінен қазақ тіліне аудару, сондай-ақ нақтылау және мемлекеттік тілдегі терминологиялық аппаратты айналымға енгізу жөнінде үлкен жұмыс атқарылды.

Материалдардың жиналуына қарай жинақты шығаруды бұдан былай жалғастыру жоспарланып отыр.

Тұсаукесерге ел Парламентінің депутаттары, ғылыми және шығармашылық зиялылардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, журналистер қатысты.

0 пікір
Мұрағат