Биологиялық тұрғыдан ыдырайтын, адам денесінде еріп кететін робот жасалды (видео)
|

Айрықша роботтың қоршаған ортаға да, адам денсаулығына да зияны жоқ. Яғни, қоқыста да, адам денесінде де биологиялық тұрғыдан ыдырап кетеді. Бұл жайында islam.kz порталы Science Advances мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мақта мен доңыз жануарынан алынған материал негізінде жасалған робот қажеттілігі жоғалған кезде биологиялық тұрғыдан ыдырап жоғалады. Мұндай робот адам организімінің ішінде жүргізілетін медициналық ем-шараға қолданылуы үшін жетілдірілетін болады. Жұмсақ робот техникасы – енді дамып келе жатқан сала. Қатты құрылғылар әдетте қолайсыз және денсаулыққа қауіпті, әсіресе, адам организмі секілді тар кеңістікте қатерлі болып келеді. Сондықтан жұмсақ роботқа қажеттілік жоғары болып қала береді. Әдетте жұмсақ роботтардың көпшілігі силиконды каучук сияқты синтетикалық материалдардан жасалады. Қытай ғалымдары қауіпсіз биологиялық тұрғыдан ыдырауға қабілетті, мақтадан алынған целлюлоза мен доңыз желатинінен қарапайым нұсқасын жасады. Құрылғыны компьютер басқарады, тіпті, роботтың өзі де бақылаушы рөлін атқара алады. Мұндай ерекшелік дарыту үшін зерттеушілер Креслингтік оригами формасын пайдаланды. Олар түрлі бағытта сығылып, иілуі мүмкін түтік түзіп, ұзындығы 240 миллиметр ең қарапайым роботталған қолды жасау үшін осындай төрт модулді бір-біріне қосты. Манипулятордың ішіне созылған үш эквивалентті жіпті тарту немесе қопсыту арқылы оны сыртқы моторлармен басқаруға болады. Желатин, сондай-ақ, датчик ретінде жұмыс істейді – иілу немесе майысу кезінде электр өткізгіштігін өзгертеді. Кедергі мәндерін өлшеу арқылы роботталған қолдың қалпын дәл анықтауға болады. Оның үстіне, екі жұмсақ роботталған қолды компьютер арқылы қосуға болады, сосын біреуі жойстикпен жұмыс істей алады, ал екіншісі оның қозғалыстарын қайталайды. Уэстлейк университетінің машина құрастыру кафедрасының Хансын Жиан есімді профессор болашақта роботтардың адамдардан да көп болатынын айта келе электронды қоқыстың көбейетінін де ескертті. Сондықтан қоршаған ортада өздігінен ыдырап кететін, яғни, айналаны ластамайтын жұмсақ роботтардың маңызы зор.




