|
Шарасыздық па әлде жаңа қатер ме: адам гені салынған күріш көптеген артықшылыққа ие болған
|
Ауыл шаруашылық өсімдіктерінің өсуін мейлінше тездететін тетік адамның генінен табылған. Бұл жайында islam.kz порталы SekurityLab ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар адамның артық салмақ қосуына ықпал ететін FTO семіздік генін өсімдікке салып көрген екен, күріштің түсімін арттырып, картопты үлкейткен. Ашық даладағы ауыл шаруашылық өсімдіктерінің әдеттегіден тыс мол өнім беруіне қатысты тәжірибені Чикаго, Бейжің және Гүйшоу жоғарғы оқу орындарының ғалымдары жүргізген. FTO гені генетикалық нұсқаулықтарды беретін мРНК молекулаларына әсер ету арқылы зат алмасуды және жасушалардың өсуін реттеуге қатысады. Өсімдіктерде мұндай ген мен ұқсас ақуыз жоқ, сондықтан ғалымдар бөшдее тетіктің дақылдардың дамуына қалай әсер ететінін тексеріп көрмек болған. Зертханада қолдан өзгертілген өсімдіктер әдеттегіге қарағанда үш есе көп өнім берді. Дала сынақтары кезінде өнімділік пен өсімдіктердің жалпы салмағы 50% -ға артқан. Адам генімен өңделген күріш фотосинтезді тиімді пайдаланып, ұзын тамырларды қалыптастырып, құрғақшылыққа төзімділік танытқан Картоп, содан кейін салат, кресс-салат, шөптер мен ағаштар да осындай нәтиже көрсетті. Мұндай құбылыстың нақты тетігі әлі анықталған жоқ. Негізгі нұсқаға сәйкес өсімдік жасушалары адам ақуызының белсенділігін шектей немесе тежей алмайды. Десе де өсімдіктердің бірнеше буынына тәжірибе жүргізіледі. Нәтижесі ойдағыдай болса, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стартегиялық маңызы зор бұл тәсіл келешекте ауыл шаруашылық дақылдары үшін қолданылуы мүмкін.