|
Нанды сутегіге айналдырудың жолы табылды
|
Ғалымдар нанды сутегіге айналдыратын химиялық реакцияны ойлап тапты. Бұл жаңалық немесе технология өз кезегінде органикалық қалдықтардан таза отын алуға мүмкіндік бермек. Бұл жайында islam.kz порталы hightech.fm ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Химиктер кәдімгі нанды экологиялық таза отын ретінде пайдаланылатын сутек-газға айналдыратын әдісті әзірледі. Процестің негізінде тағам өнімінің органикалық компоненттері ыдырайтын және сутегін босататын реакция жатыр. Тәжірибе үшін ғалымдар әдетте қоқысқа тасталатын нан қалдықтарын сериялық каталитикалық тұрғыдан ыдырату процесін қолданған. Нәтижесінде сутегінің едәуір мөлшері алынды. Алынған сутегін энергетикалық қондырғыларда пайдалануға болады. Химиктердің айтуынша, нанның органикалық шығу тегі оны осындай реакциялар үшін қолайлы шикізатқа айналдырады: көмірсулар мен ақуыздар оңай ыдырайды және газ тәрізді өнімдерге айналады. Осындай тәсілмен алынған сутегі мейлінше таза және отын элементтерінде немесе басқа да энергетикалық қажеттіліктер үшін пайдаланылуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, бірегей технология әлі де зертханалық сынақтан өтіп жатыр және оны өнеркәсіптік деңгейге енгізу үшін белгілі бір уақыт қажет. Олар реакцияны оңтайландырып, неғұрлым тиімді катализаторларды таңдап, технологияның экономикалық тиімділігін бағалауы тиіс. Дегенмен, мамандар тағам қалдықтарын сутекке айналдыру идеясы экологиялық және энергетикалық міндеттерді кешенді шешудің бір бөлігіне айналуы мүмкін, деп санайды, әсіресе, органиканы кәдеге жарату мәселесі күн тәртібінде өткір тұрған өңірлерде. Яғни, тонналап қоқысқа тасталатын ұн және нан өнімдерін ысырап етпеу үшін мұндай технологияның берері көп.