|
Көмірді жақпай-ақ электр энергиясына айналдырудың жолы табылды
|
Қытай ғалымдары көмірді пайдаланудың мүлдем жаңа тұжырымдамасын ұсынып отыр. Қытай ғалымдарының бұл жаңалығы өз кезегінде көмір электр стансасында көмір жағуға қатысты қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгертуі мүмкін. Бұл жайында islam.kz порталы Interesting Engineering мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Қытай ғылым академиясы мен Шенжен университетінің директоры Се Хепин бастаған ғалымдар тобы көмірді жақпай-ақ оны тікелей электр қуатына айналдыратын отын элементін - ZC-DCFC-ны әзірледі. Алдымен көмір бірнеше өңдеу процесінен өтеді: оны ұсақтайды, кептіреді, тазартады және реакциялық қабілетін арттыру үшін беткі жағын өңдейді. Содан кейін отын анод камерасына, ал оттегі катод жағына беріледі. Ұяшықтың ішінде көмір тотық мембранасы арқылы тотықтандырылады және электр энергиясы «жану - су ысыту - бу - турбина» әдеттегі тізбегінсіз бірден пайда болады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай бірегей технология кәдімгі көмір электр стансаларының тиімділігін шектейтін негізгі шығындарды айналып өтуге мүмкіндік береді. Өзгеше жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі - көмірқышқыл газын анод шығатын жерде аулайды. Одан ары СО2-ні пайдалы химиялық шикізатқа (мысалы, синтез-газ) қайта өңдеуге немесе қауіпсіз нысанда (натрий бикарбонаты түрінде) тұрақтандыруға болады. Ғалымдар отын элементінің жаңа нұсқасы неғұрлым орнықты, қуатты және масштабтауға (жаппай қолдануға, шығаруға, ауқымды өндірістік процеске айналдыруға) жарайтынын мәлімдеді. Зерттеушілер 2 шақырым тереңдіктегі терең көмір қабаттары үшін мұндай технологияны басқаша қолданатын болады. Мұндай сценариде көмірді өндіріп, жер бетіне көтерудің қажеті жоқ - оны тек энергияны сыртқа жібере отырып, тікелей шахтада электр қуатына айналдыруға болады.