Жасанды ет өндірісінде медициналық регенеративті әдіс қолданылады
Жасанды ет өндірісінде медициналық регенеративті әдіс қолданылады
4 жыл бұрын 3905 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Ет – адамзаттың негізгі рационы, яғни, қорегі. Алайда, адамзаттың көбеюіне әрі осыған орай қоршаған ортаға түскен ауыр салмақтан ет өндірудің дәстүрлі тәсілінен бас тартуға тура келеді. Бұл бағытта талмай ізденген ғалымдар жасанды ет өндірісін қолға алып жатыр. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы арияланған Science of Food мерзімді басылымы мен осы жаңалық турасында хабар таратқан nature.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Токио университетінің ғалымдары зертханада ірі қараның бұлшық ет тінінің биофабрикациясының инновациялық әдісін ойлап тапты. Яғни, зертханада сиырдың бұлшық етінің тінін биологиялық жолмен өсірудің тың әдісі турасында сөз болып отыр бұл арада. Осылайша әлемдегі жылдан жылға артып келе жатқан диетикалық етке деген сұранысты қанағаттандыруға болатынын алға тартып отыр. Ғаламдық экономика урбанизациясы кезінде мал шаруашылығына қатысты түйткілдер күрмеуі көп түйінге айналып барады, басқа аспектілерін ескермегеннің күннің өзінде су мен жайылымдық жер тапшылығы артып келеді әрі мал шаруашылығының онсыз да күйі кеткен экологияға тигізер зияны шаш етектен болмақ, яғни, парникті газдың – метанның атмосфераға бөлінуі өз кезегінде жаһандық жылынудың салдарынан орын алған климат дағдарысын тереңдетеді. Болашақта артпаса кемімейтін етке деген сұранысты қанағаттандыру үшін ғалымдар әлемнің әр түкпірінде орын тепкен бірнеше орталықта жасанды ет өндірісін жолға қойып жатыр. Алайда, биосинтетикалық ет өнімдерінің көбісі түйіршікті тартылған ет түрінде – яғни, жануар етінің дәмі мен құнары жетіспейді. Таяуда жүргізілген тың зерттеуге жетекшілік еткен Май Фурухаши регенеративті медицина техникасын қолдана отырып, бұлшық ет түтікшелерін туралағандарын жеткізді – нәтижесінде шынайы еттің дәмін келтіретін технология негізінде миллиметрлік көлемде ет кесегін өсіре алған. Осылайша сиыр етінен алынған миоблас гидрогелді модулде өсірілген. Оларды бір-бірінің үстіне қойса, молекулалары араласып, ірі кесекке айналады. Морфологиялық, функциялық және тағамдық сараптама нәтижесі көрсеткендей, мұндай технологиямен өсірілген ет шынайы етті алмастыра алады. Десе де ғалымдар нағыз еттен еш айырмашылығы жоқ жасанды ет өндірісін жолға қою үшін әлі талай белесті бағындыруға тура келетінін алға тартып отыр.

Ұқсас материалдар:

"Жасанды ет компанияларының қатары артып келеді" (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/jasandy-et-kompaniyalarynyn-qatary-artyp-keledi-14643/#gsc.tab=0);

"Жасанды ет төңірегіндегі талас-тартыс өршіп барады" (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/jasandy-et-toniregindegi-talas-tartys-orship-barady-12689/#gsc.tab=0);

«Жасанды ет өндірісінің кәдімгі ет өнімдерінен қандай айырмашылығы бар» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/jasandy-et-ondirisinin-kadimgi-et-onimderinen-qandai-aiyrmashylygy-bar-12523/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат