Имплантсыз, аппаратсыз құлақтың есту қабілетін қалпына келтіру жолы табылды
Имплантсыз, аппаратсыз құлақтың есту қабілетін қалпына келтіру жолы табылды
2 жыл бұрын 2663 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Массачусет технологиялық институтының (АҚШ) түлектері құрған Frequency Therapeutics компаниясы alma mater тарапынан қаржылай қолдау көрсетуімен адам құлағының ішкі қуысындағы түк жасушаларын қалпына келтіру (регенерация) тәсілін тапты. Бұл жайында islam.kz порталы news.mit.edu ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дәлірегі, бұл арада түк жасушаларын (есту жүйесінің рецепторы) қалпына келтіре алатын дәрі турасында сөз болып отыр. Frequency Therapeutics өкілдері әзірлеген FX-322 дәрісі есту қабілетін шектейін себептердің бірімен – нейросенсорлық мүкістікті емдеуге арналған. Аталған дәрі құлаққа енгізіледі, ол құлақтың ішкі қуысындағы прогениторлық жасушаларға химиялық жолмен әсер етеді, бұл ұсақ түк жасушаларының қалпына келуіне ықпал етпек. Бұл бағытта құлағының нейросенсорлық мүкісі бар науқастарға жүргізілген тәжірибе оң нәтиже көрсетті. Прогенитор жасушалар – діңгекті және сараланған жасушалар арасындағы аралық сатыдағы жасушалар. Мұндай жасушалар жасушаның бір түрін ғана тудыра алады, бірақ, бірнеше рет өзін-өзі репликациялауға (көшіруге, көбеюге) қабілетті келеді. Алғашқы клиникалық зерттеудің өзінде компания өкілдері бір инъекциядан кейін кейбір тәжірибеге қатысушылардың есту қабілетінің статистикалық тұрғыдан жақсарғанын растады. Тіпті, дәрінің тиімділігі кейбіреуінде екі жылға дейін сақталды. Бүгінгі таңда компания мамандары 200-ден аса пациентке осындай иньекция жасаған екен. MIT (Массачусет технологиялық институты) профессоры Роберт Лангердің айтуынша, кейбір пациенттер 30 жыл бойы саңырау болып келген. Адам құлығының ішкі қуысы сұйықтыққа толы, дыбыс толқындары түк жасушаларының көмегімен ауытқу тудырады. Мұндай жасушаның бір ұшы -  стереоцилия сұйықтықта болады әрі қозғалысқа сезімтал келеді. Стереоцилия дірілдері жүйке бойымен миға өтетін жасушалардың электрлік сигналдарының пайда болуына әкеледі.Түк жасушалары әдетте қатты шыққан дыбыстан, қартаю процесінен, сонымен бірге, кей дәрі-дәрмекің, мәселен, антибиотиктен немесе хииялық терапиядан жойылады. Бұл жайт өз кезегінде саңыраулықтың кеңінен тараған себептерінің біріне - нейросенсорлық мүкістікке апарып соқтырады. Түк жасушалары қалпына келмейтіндіктен адам өмір бойы мүкіндігі шектеулі жанға айналуы мүмкін. Міне, құлақ мүкістігінің осындай себебімен тиімді күресудің жолы табылып отыр. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Біріккен Ұлттар Ұйымының келтірген дерегі бойынша әлем тұрғындарының 5%-дан астамы, яғни, шамамен 430 млн адам саңыраулықтан зардап шегеді. 2050 жылға дейін 2,5 млрд адам құлағына байланысты проблемаға тап болады. Олардың кем дегенде 700 млн-ы ем-домды қажет етпек. Бұған түрлі факторлар, соның ішінде, экологиялық ахуалдан бастап, адамның саламатты өмір салтын ұстануына және құлаққап секілді құралдарды пайдалануға дейінгі факторлар әсер етпек. Frequency Therapeutics компаниясының негізін қалағандардың бірі Крис Луздың айтуынша, өздерінің бұл тәсілі - прогениторлық жасушаларға химиялық жолмен ықпал ету әдісі регенеративті медицина мен өзге де салаларда қолданылуы мүмкін.

Түк жасушаларының регенерациясы (қызғылт түспен белніленген). Бейне: Hinton AS, Yang-Hood A, Schrader AD, Loose C, Ohlemiller KK, McLean WJ, MIT

0 пікір
Мұрағат