Елбасы жастарды тың жаңалық ашуға шақырды
Елбасы жастарды тың жаңалық ашуға шақырды
9 жыл бұрын 3723

Қазақстан жаңа ғылыми жаңалықтар мен техникалық дамудың әлемдік орталығына айналуы тиіс. Бүгін Алматыда инновациялық жобалар көрмесін аралап көрген президент Нұрсұлтан Назарбаев жастардың талпынысына көңілінің толғанын жеткізді деп хабар таратты nur.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.  

Алайда, мамандардың жаңалық ашуда әлі де белсенді болуы керек және тың идеяларды жоба күйінде қалдыра салмай, өндіріске енгенше тынбай еңбек ету керектігін шегелеп айтты Елбасы.

Бүгін Алматыға жиналған өнертапқыштар ешнәрсеге таң қалмайтын ғаламның аузын айдай аштыруы тиіс жобаларды ұсынды. Жас ғалымдар ұшқышсыз ұшатын тікұшақтар мен түрлі қалыптағы роботтар, қиын тапсырмаларды адамның араласуынсыз-ақ өзі шешуге қауқарлы техникаларын назарға ұсынды. Көп күттірмей елбасы да келді. Қашанғыдай көрмедегі дүниелерді мұқият қарап, егжей-тегжейлі танысып шықты.

Соңғы жылдары ғылыми зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына жалпы 74 млрд теңге жұмсалған. Сондықтан "жаңалық аштым, алайда ақша жоқ" деу негізсіз деді Елбасы.

"Елдің бәрі ғалым бола бермейді, елдің бәрі тапқыш бола бермейді. Солардың ішінде талантты жастарды, сәбилерге дейін тауып оқытып ғылымға, білімге баулуымыз керек. Сол жаңалықтарды тапсақ солардың арқасында өндірісті жасасақ сонда біз өсетін боламыз", - деді мемлекет басшысы.

Инновациялық жобалар ұстағанның қолында кетпесі үшін енді еліміздегі ең ірі оқу ордалары тың идеяларды бір ортаға тоғыстырмақ.

Солардың бірі – Қазақ ұлттық университеті. Қазір мұнда медициналық-биологиялық кластер құрылған. Соның аясында "Керемет" атты студенттерге қызмет көрсету орталығы жасақталған. Ол жерде университет ұстаздары мен студенттері тегін медициналық көмек алады.

Расында біздің ғалымдар тың жаңалықтар мен әлемде жоқ ғылыми-техникалық идеялардан кенде емес. Тек жасағандары жоба күйінде сөрелерде шаң басып қалып қоюда. Сондықтан ойлап табылған дүниелер іске жарамды болса ертеңгіні кеш қылмай тезірек өндіріске енгізу керек деді Елбасы.

Өйткені үздік елу елдің қатарына еңсе тіктеп енген Қазақстанның озық отыздыққа кіруіне бірден бір себепкер осы жаңа инновациялық жобалар болмақ.

0 пікір
Мұрағат