Білім алу мерзімінің қартаю процесін баяулатып, ғұмырды ұзарататыны анықталды
Білім алу мерзімінің қартаю процесін баяулатып, ғұмырды ұзарататыны анықталды
3 ай бұрын 584 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Колумбия университетінің ғалымдары биологиялық қартаю жылдамдығы (жасушалардың эпигенетикалық жасы) мен білім деңгейі арасындағы байланыс барын анықтады. Бұл тараптағы талдау нәтижесі көрсеткендей, орта есеппен әрбір екі жыл сайын білім алған адамның қартаю процесі 2-3%-ға бәсеңдейді және өлім қаупі шамамен 10%-ға төмендейді. Бұл жайында islam.kz порталы jamanetwork.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдар бұл бағытта ДНҚ маркерлерінің көмегімен биологиялық жасты өлшеуге арналған DunedinPACE эпигенетикалық сағат алгоритмін қолданды. Зерттеушілер қан сынағы арқылы ақ қан жасушаларының құрамындағы ДНҚ-ның метилдену деңгейін бақылаған. Биологиялық қартаю процесі жасушалардың, ұлпалардың және ағзалардың тұтастығы мен тұрақтылығын біртіндеп бұзатын молекулалық өзгерістердің көбеюімен бірге жүреді. Ғалымдар алгоритмді Framingham Heart зерттеу жобасына қатысқан 2437 адамның деректеріне қолданып көрген екен. Осы тұста аталмыш зерттеу ұзақ мезімге арналғанын әрі Америка құрама штаттарындағы Фреймингем қаласының жүрек-қан тамыр ауруларынан зардап шегетін науқастарды қамтығанын айта кету керек. Бұл зерттеу 1948 жылдан бері жүргізіліп келеді. Содан бері үш ұрпақ ауысқан. Бұдан бөлек, ғалымдар біліммен байланысы жоқ факторлардың ықпалының бар-жоғын тексеріп көру үшін білім деңгейі әртүрлі бауырлар мен әпкелі-сіңлілі ағайындылар арасындағы айырмашылықты да қосымша сараптап, зерттеп көрген екен. Білім мен қартаю процесі арасындағы байланыстың білім деңгейлері әртүрлі туыстар арасында да болатыны анықталды. Білім деңгейі жоғары адамдар білім деңгейі төмен адамдарға қарағанда ұзақ және саламатты өмір сүретіні бұрыннан белгілі болғанымен, бұл заңдылықтың өзі әлеуметтік факторларға байланысты болады. Мәселен, сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алатын және саламатты өмір салтын жүргізуге мүмкіндік беретін жалақысы жоғары жұмыста істейтін адамның білім деңгейі өзімен қатарлас табысы төмен адамға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді.

0 пікір
Мұрағат