Ақпарат қауіпсіздігін ғарыш сәулесімен қорғайтын болады
Ақпарат қауіпсіздігін ғарыш сәулесімен қорғайтын болады
1 жыл бұрын 1430 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Күншығыс елінің ғалымдары ақпаратты сұқ көзден немесе қолды болудан қорғау және құпиялау үшін мюондарды пайдалануды ұсынып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы бұл бағыттағы зерттеу материалы жарияланған iScience мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Токио университетінің бағдарламашылары компьютерлік желілердегі ақпаратты қорғау үшін ғарыштық сәулелердің мюондарын пайдаланатын COSMOCAT шифрлау әдісін әзірледі. Аталмыш технологияны өткізу қабілеті әртүрлі жергілікті қолданбаларда қолдануға болады, алайда, жіберуші мен алушы арасындағы қашықтыққа шектеулер бар. Заманауи байланыс желілерінде құпияланған хабарламаны жіберу кезінде мәтіннің өзі де, оның құпиясын ашу кілті де жіберушіден алушыға беріледі. Зерттеушілер атап өткендей, кванттық компьютерлер сияқты жаңа, қуатты құрылғылар дамыған кезде бұл технологияға қауіп төнуі мүмкін. Олар құпиялау үшін кездейсоқ сандар генераторы ретінде мюондарды пайдалануды ұсынады. Бұл жағдайда жіберушіден алушыға шифрлау (құпиялау) кілтін беру талап етілмейді, шифрды шешу коды ғарыштық сәулелердің көмегімен жеткізіледі. Мюондар теріс электр заряды және 1⁄2 спині бар элементарлы бөлшектер. Олар бастапқы ғарыштық сәулемен әрекеттесу процесінде атмосфераның жоғарғы қабатында пайда болатын зарядталған пиондардың – субатомдық бөлшектердің ыдырауы кезінде түзіледі. Мюондар Жерге келген уақытында статистикалық түрде кездейсоқ болады, ал олар жарық жылдамдығына жақын қозғалады және қатты заттарға оңай енеді. Бұл дегеніміз, егер жіберушінің детекторы мен қабылдағыштың детекторы арасындағы қашықтық белгілі болса, онда мюондардың олардың арасында жүруіне қажетті уақытты дәл есептеуге болады. Ал, егер жұп құрылғылар жеткілікті түрде синхрондалған болса, мюонның келу уақыты деректер пакетін кодтау үшін де, декодтау үшін де құпия кілт бола алады, деп түсіндіреді ғалымдар. Бұл тараптағы зерттеуге атсалысқан Токио университетінің Хироико Танака есімді ғалымның айтуынша, COSMOCAT жүйесі Wi-Fi, Bluetooth, Near Field Communication (NFC) сияқты заманауи сымсыз технологиялармен немесе олардың орнына пайдаланылуы мүмкін. Технологияны шектеулі кеңістікте ғана қолдануға болады, сондықтан ол шағын жергілікті желілер үшін, мысалы, ғимарат ішінде өте қолайлы. Қазіргі уақытта мюон детекторлары айтарлықтай үлкен және басқа жергілікті байланыс компоненттеріне қарағанда көбірек қуат қажет. Десе де технология жетілдіріліп, COSMOCAT құрылғыларының көлемі кішірейген сайын оны қауіпсіздік деңгейі жоғары кеңселерде, деректер орталықтарында және басқа да жергілікті желілерде орнатуға болады.

Ұқсас материалдар:

«Желідегі ақпаратты жылдам әрі жасырын іздеу технологиясы әзірленді» (https://islam.kz/kk/news/arturli/jelidegi-aqparatty-jyldam-ari-jasyryn-izdeu-tehnologiyasy-azirlendi-17812/#gsc.tab=0);

«Ақпарат жазу және сақтау технологияларына қатысты екі жаңалық» (https://islam.kz/kk/news/gylym/aqparat-jazu-jane-saqtau-tehnologiyalaryna-qatysty-eki-janalyq-15902/#gsc.tab=0);

«Қалыңдығы екі атомдай ғана болатын ақпарат сақтайтын технология жасалды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/qalyndygy-eki-atomdai-gana-bolatyn-aqparat-saqtaityn-tehnologiya-jasaldy-15449/#gsc.tab=0);

«Ақпаратты ДНҚ-да сақтау тәсілі пайда болды» (https://islam.kz/kk/news/gylym/aqparatty-dnq-da-saqtau-tasili-paida-boldy-15087/#gsc.tab=0);

«Ақпаратты ДНК-де тиімді сақтаудың әдісі т»былды" (https://islam.kz/kk/news/gylym/aqparatty-dnk-de-tiimdi-saqtaudyn-adisi-tabyldy-13868/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат