Сарапшы: «Әмиянсыз келешек келе жатыр»
Сарапшы: «Әмиянсыз келешек келе жатыр»
8 жыл бұрын 2805

Зерттеушілер электронды төлем жүйелерінің кең қолданысқа ие болатынын бірінші рет айтып жатқан жоқ.  2012 жылы «PewResearch Center» агенттігі «планшет пен смартфондар 2020 жылы әмиянның орнын басады да, кредит карталары мен қолма-қол ақшаның ролі жоғалады», деп тұжырған. Алайда, сарапшылар төлем жасайтын қосымшалардың қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Мамандардың айтуынша, олардың танымалдығы артқан сайын оған келетін қауіп те арта түседі.

«Біздің мақсатымыз – әмиянсыз келешек»  — дейді «Samsung»-тың ақпараттық қамсыздандыру атқарушы вице-президенті  Инжонг Рхии. Компанияның тамыз соңында жариялаған ақпараты бойынша, «Samsung Pay» төлем жүйесін енгізген бері 7 елде 100 млн ақша аудару операциясы болған.

Қазір өзінің мобильді төлем жүйесін жасауға нарықтағы ірі компаниялардың көбі мән беріп келеді. Олардан бөлек, халықаралық төлем жүйелері де бұған қызығып отыр. Мысалы, жақында «MasterCard» компаниясы «Facebook» және «Twitter» әлеуметтік желілері үшін төлем жүйесін ашып беруге ұсыныс айтып, серіктестікке шақырған. «MasterCard»-тың халықаралық нарық бойынша президенті Энн Кэрнс «CNBC» арнасына сұхбат беріп жатып осындай мәлімдеме жасаған.

Әзірге мобильді төлемдер халық үйренген қолма-қол төлем жүйесінің орнын толықтай баса алмайды. Сондықтан, банктердің осы салада көштен қалып қоймауы үшін әлі де мүмкіндігі бар.

Қазірдің өзінде шағын бизнес, мысалы, сауда-саттық әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеп жатыр. Сарапшылардың айтуынша,  болашақта олар онлайн-төлем енгізіп, тауарларын дрондар арқылы жеткізе бастайды. Мұндай жобаларды іске асыруға әзірге ірі көлемде ақша аударымдары іске асатын компаниялардың ғана мүмкіндігі бар. Мысалы, АҚШ-тағы «Starbucks Mobile Order&Pay» қызметінде ай сайын 6 млн транзакция іске асқан.

Мамандардың болжамына сәйкес, электронды төлем жүйесінің даму қарқыны ары қарай да жалғасса, 2017 жылы мобильді бағдарламалар нарығындағы жалпы келісім-шарттың көлемі 720 млрд долларды құрайды. «2019 жылы 1 трлн долларға жетіп, 2020 жылға дейін 2,8 трлн долларға барады», — дейді сарапшылар. Дегенмен, ондай қосымшалардың қауіпсіздігі кепілдендірілмегендік, компаниялар әлі де осы бағытта жұмыс жасап жатыр.

0 пікір
Мұрағат