Қостанай облысының бағбандары қарбыздың «Сары айдаһар» атты түрін өсіріп шығарды (видео)
Қостанай облысының бағбандары қарбыздың «Сары айдаһар» атты түрін өсіріп шығарды (видео)
8 жыл бұрын 3290 24.kz А.Мауданов, С.Трахтанберг

«Естімеген елде көп». Қостанай облысының бағбандары қарбыздың ерекше түрін өсіріп шығарды. «Сары айдаһар» аталатын дақылды Таран ауданындағы шаруашылықтардың бірі егіпті. Жалпы, ежелден жер еміп, бау-бақша баптаумен шұғылданатын тарандықтардың жағымды жаңалығы жетіп-артылады. Өңір бағбандары тиімді технологиямен жұмыс істеп, аз шығынмен мол өнім алудың жолын тапқан. Тәжірибелі бағбан Виктор Цойдың жыл сайын 13 гектар жерге бақша салады. Соның 9 гектарында қарбыздың үш түрін өсіреді. «Сары айдаһар» атты тұқымды ол осымен екінші жыл егіп отыр. «Егу, суару, баптауында өзге қарбыздан айырма жоқ дейді», - бақша иесі. Виктор Цой, шаруашылық басшысы: - Бүкіл облыста сары қарбыз бізде ғана бар. Дәмі тіл үйіреді. Қызыл қарбыздан кем емес, тіпті, артық десе де болады. Өйткені, біз алқапта ешқандай химикат қолданбаймыз. Бірінші жыл тәжірибе жасап көрдік, биыл көптеп ектік. Адамдар таңырқап жатыр, олар үшін таңсық, әрине. Бүгінде сатуды бастадық. Таран ауданында бақша салып, көкөніс егетін 20 шаруашылық бар. Олардың бәрі тамшылатып суару әдісіне көшкен. «Бұл тәсілді қолданған алқаптарда өнімділік 40%-ға жоғары болады. Үнемділігі өз алдына», - дейді 30 жылдан астам өтілі бар шаруашылық басшысы Эвест Ким. Бағбан алқабында дақылдың оннан астам түрін өсіреді.  Эверест Ким, шаруашылық басшысы:  - 24 гектар жерге егіс саламын. Соның төрттен біріне қауын-қарбыз, қалғанына көкөніс ектік. Көктемгі егіс кезінде біраз қиналсақ та, биылғы жаз қолайлы болды. Әр гектардан 60 тоннадай қарбыз алып отырмыз. Тамшылатып суарғанымыз үшін демеу ретінде қаржы береді. Тыңайтқыш жағынан да үкімет көмектеседі. Қауын-қарбызды өткізуде қиындық туындаған емес. Көршілес аудандар мен Қостанай, Рудный, Лисаков қалаларынан өздері келіп сатып алып кетеді. Шаруашылықтар арасында өзара бәсекелестік жоғары. Сергей Каргачинский, Таран аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі: - Аудан бойынша 300 гектарға картоп, 130 гектарға көкөніс, 46 гектарға бақша салынады. Сапалы тұқымдарды еккендіктен бағбандардың өнім алу көрсеткіші де жоғары. Биыл 12 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отырмыз. Бақша шаруашылықтары көкөніс өнімдерімен Таран ауданын толықтай қамтасыз етеді. Артылғаны арнайы қоймаларда сақталып, жыл он екі ай облыс орталығына қолжетімді бағамен жеткізіліп тұрады.




0 пікір
Мұрағат