Қайыр тілеген алаяқтарды қалай тануға болады? (видео)
Қайыр тілеген алаяқтарды қалай тануға болады? (видео)
8 жыл бұрын 4289

Нарықтық экономика үстемдік құрғалы бері көшеде, құлшылық үйлерінің алдында, базар маңында, т.б. ел көп жүретін қоғамдық орындарда алақан жайып, қайыр тілеген адамдар әдеттегі көрініске айналды. Олардың көбісі шын мұқтаж ба әлде аңқаулардың қалтасын қағатын алаяқтар ма, айырып болмайсың. Мұндай жағдайда өзіңді қалай ұстау керек? Яғни, қайыр тілеген адамға қалай қатынас жасаған дұрыс?

Біріншіден, қайыр тілеген адамның өзін қалай ұстайтынына назар аударыңыз. Қайыр тілеуді кәсіпке айналдырып алғандар әдетте өзлерін еркін ұстайды, олар, тіпті, сұрамайды, талап етеді. Дәлірегі, ондайлардың үнінде жалыныш емес, талап ету, қабағын шытып, міндетсіну байқалады. Ал шын мұқтаж жан қайыр тілегенде қысылып, өзін ығайсыз сезінеді.

Екіншіден, қайыр тілеушімен тілдесіп көруге тырысыңыз. Осындай қадам жасасаңыз, оның бойынан шын мұқтаж екені немесе тек ақша қақшып қалу ниеті аңғарылады.

  1. Нақты қандай көмек керек?
  2. Сізге қанша керек?
  3. Қаласаңыз, сізге барар жеріңізге дейін билет алып берейін. Пойызға немесе автобусқа билет алуға төлқұжатыңыз бар ма?
  4. Егер бір жеріңіз ауырып тұрса, емханаға апрайын, медициналық тексеруден өтуіңізге көмектесейін, т.б.

Ескерту: қайыр тілеген адаммен тілдескенде дауысыңызды көтермеңіз, барынша жұмсақ сөйлеңіз.

Егер сіздің алдыңызда алаяқ емес, шын мұқтаж жан немесе қандай да бір қиын жағдайға тап болған адам тұрғанын аңғарсаңыз, оның туған-туыстарының бар-жоғын сұраңыз алдымен. Бар болса, олардың қайда тұратынын анықтап алыңыз. Оның жауабына қарай шама-шарқыңыз келгенше көмектесе аласыз.

Кейде құлдықта жүрген, яғни, біреулердің мәжбүрлеуімен қайыр тілеп жүрген адамдардың да кездесетінін қаперлеріңізге сала кеткіміз келеді. Ондай жағдайда оның туыстарына немесе полицияға хабарласып, көмектесе аласыз. Туыстарының телефон нөмірі есінде қалса, единица салып беруіңізге болады. Бұлай дейтініміз, олардың қолында телефон болған жағдайда баланс болмайды. Қожайындары оларды бақылап отыру үшін қолдарына телефон беріп қояды. Бірақ, единицасы болмайды. Өзге біреулермен хабарласпасы үшін. Өздерінің қылмысы ашлмасы үшін единица салмайды. Егер құлдықта жүргені анықталса, оны кімдер осындай күйге түсіргенін анықтауға тырысыңыз да полицияға хабар беріңіз. Тағы бір айта кететіні: адамдардың аяушылығын тудыру үшін қолына бала ұстап алып, қайыр сұрайтындар бар. Көмектескіңіз келсе, олармен міндетті түрде тілдесіп алғаныңыз жөн.

0 пікір
Мұрағат