Әлихан Бөкейханұлының 111 жыл бұрын Бразилиядан әкеліп еккен ағашы (ВИДЕО)
Әлихан Бөкейханұлының 111 жыл бұрын Бразилиядан әкеліп еккен ағашы (ВИДЕО)
8 жыл бұрын 3444 pavlodarnews.kz

Павлодарлық жастар Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдығына орай Қазақстан бойынша «Әлихан жолымен» шыққан сапары барысында қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты елді мекендерді аралап өтті. Аталмыш жобаның жетекшісі Ғабит Хафиздің айтуынша, сапардың алғашқы аялдамасы Семей қаласы болған. Себебі, мұнда Әлихан Бөкейхаұлы «Алашорда» партиясының негізін қалаған.

- Қарт Семейдегі іс-шара қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Бұдан кейін автобуспен Алматыға жол тарттық. Оңтүстік шаһардағы «Тұран» университетінде де өнер көрсетіп, алматылықтардың алғысына бөлендік. Артынша Балқаш көлі арқылы Әлихан атамыздың туған жері Қарағанды облысының Ақтоғай өңіріне аттандық. Жол-жөнекей асханаларға тоқтап, халықтың өтінішімен далада жоспардан тыс екі концерт бердік, - деді Ғабит Хафиз.


Айта кетерлігі, Ақтоғай өңірінің «Талдыбейіт» деп аталатын зиратында Әлихан Бөкейхановтың үш бауыры мен әке-шешесі жерленген. Жоба барысында жастар марқұмдардың зиратына барып, құран бағыштап қайтты.

- Бұл жердің «Талдыбейіт» деп аталуының өзіндік тарихы бар. 111 жыл бұрын Әлихан атамыз осы жерге Бразилиядан тұқымын алып келіп тал еккен. Қазірде жайқалып тұрған алып ағашты бабамыздан қалған тарихи жәдігер десек артық айтпаспыз. Айдың соңында аталмыш сапар жайлы қысқаметражды фильм жарыққа шығады. Ал, жобаның басты мақсаты - ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханұлының мерейтойын елеусіз қалдырмау, - дейді Ғабит Хафиз.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әлихан жолы» жобасына 25 павлодарлық жас атсалысты. Олардың құрамында айтыскер ақындар, әнші-күйшілер, тарихшылар мен бишілер бар.

 

0 пікір
Мұрағат